Home Жаңалық Ақтөбеде қашықтан оқыту үшін 3 мың ноутбук сатып алынады

Ақтөбеде қашықтан оқыту үшін 3 мың ноутбук сатып алынады

0

Ақтөбеде әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардың балаларын қашықтан оқыту үшін қосымша 3 мың ноутбук сатып алынады. Оған бюджеттен 480 миллион теңге қаржы бөлінді.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Онда 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлкасима Сүйінтаеваның айтуынша, Жұмыспен қамтудың жол картасын қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 33,4 млрд теңге бөлінді. Қаржы әлеуметтік нысан, тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеуге қарастырылған. Сонымен қатар аз қамтылған отбасын қолдауға 727,7 млн теңге бөлінді. Бұл 36 мыңнан астам отбасыға 20 мың теңгеден қосымша көмек беруге бағытталған жұмыс.

«Азық-түлік және күнделікті қажетті тауарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін аймалымға 500 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларды қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін 480 млн теңге бөліп, 3 мың ноутбук сатып алу қажет. Сонымен қатар коронавирус инфекциясымен күресу үшін медициналық жабдықтарды сатып алуға 529 млн теңге бөлу жоспарланып отыр», – деді Гүлкасима Сүйінтаева.

Айта кетейік, облыс бойынша 402 мектеп бар. Өңірде 151 мыңға жуық оқушы болса, оның 130 мыңы өз күшімен планшет, компьютер қолдана алады. Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сабақ өтетін мектеп тізімі қазір нақтыланып жатыр.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version