Home Ұлт діңі Бірлесбек Саягүл. Ұлы тұлғалар ҰБТ-ның ойыншығы ма?

Бірлесбек Саягүл. Ұлы тұлғалар ҰБТ-ның ойыншығы ма?

1

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ А.СӘРІНЖІПОВТІҢ НАЗАРЫНА


ҰБТ-ның сұрақ кітапшасын жаттап, ата-ананың үмітін ақтауға тырысып, тестілеу жақындаған сайын жүрегі сағат тілімен бірге соғатын 11-сыныптың оқушыларының бірі – менмін. «АВС»- ның әлегі тек бізге ғана аян.
Сынақ мерзімі аяңдап жетіп, аяғының сықыры естілген кезде бүкіл республика сілкінеді. Теледидарда қанша күн қалғанын ескертіп, онсызда көрер таңды көзбен атырып жүрген оқушыларға қияметтей сезіндіреді. ҰБТ-дан жақсы ұпай жинағанды кім жек көреді? Менің де арманым сол. Өйткені, отбасымның мені кім-көрінгеннің құлқынына теңге тығып, жақсылармен жақын оқу үшін ақылы оқуға түсіріп, қыруар ақшаны бір маған шашып оқытатын жағдайы жоқ. Менің бір ғана жолым бар, ол -тегін оқуға түсу. Иә, мен секілді барлығы да армандайды. Сол аз бақыттылардың ішінде мен де болсам екен деп іске кіріскелі айлар өтті. Қара сөзден сыр ұғып, өмір бойы қызығып еңбек ету үшін қазақ әдебиеті пәнін таңдадым.

Бірлесбек СаягүлТестілеуге дайындық кезінде барлық әдебиетті ақтарып шықтым. Менің бір байқағаным, сұрақты былай қойғанда, әдебиет оқулықтарының өзінде ұлы тұлғалардың өмірге келген кеткен жылдарында, туылған өңірлерінде көптеген қателіктер бар. Бұл ежелден ортаға салынып жүрген мәселе десе де, айтылған іс айтылған орнында қалып жатыр. Кітаптағы қателіктердің кесірі оқушыларға тиіп, болашағымызға балта шаппасына кім кепіл? Мәселен, «Егеулі найза қолға алып», жалынды жырмен толғанып, елі үшін от кешіп, мұз басып,тоң жарып өткен Махамбет Өтемісұлы. Жалынды ақынның жырлары алғаш орталауға қадам басып,«Ана тілін», «Әдебиетке» алмастырған 5-сыныптан бастап оқушыларға ұсынылады. Балалардың санасына 1803 жылы Нарынқұмда дүниеге келген деп жатталады. Бірақ олар 7-сыныпқа барғанда 1804 жылы туылған деп оқитынын қайдан білсін? Сонда Махамбет қашан туылған? Әлде өзіміз қашан туылған дегіміз келсе, сол уақытта туыла ма? Тағы да елі үшін зарлап, тілін – біз, сөзін- кесте етіп, Ресейдің отаршылығына қарсы отты жырын қару еткен Дулат Бабатайұлы 6-сыныптың оқулығында 1802-1874 жылдары өмір сүрген деп жүрсе, 9,10-сыныптың оқулығында 1802-1871жыл деп жазылған. Сонда Дулат Бабатайұлы үш жыл бұрын қайтыс болды ма, әлде үш жыл өтірік өмір сүрді ме? Ұлылардың туылғаны жайында ешқандай мәліметтер жазылмаған десек те, құрастырушылар бір шешімге келіп, екіұшты ойларын бір арнаға тоғыстырып, оқушыларды мұндай дүдамалдықтан құтқарса.
Сонымен қатар, Әдебиетімізге толағай мұра қалдырған жазушылардың бірі- Әбділда Тәжібаев. Ерте заманда өткен ғұламалардан мүмкін қателескен шығар, ал мына қызықты қараңыз, Әбділда бертінде қайтыс болды. Бірақ туған жылы емес, қайтыс болған жылынан қателік кеткен. «Атамұра» баспасынан басылған 5-сыныптың оқулығында 1909-1995 жылы деп жүрсе, ұқсас Атамұрадан басылған 7-сыныптың әдебиетінде 1909-1998 жылы деп жүр, қайсысы шын? Ертең ҰБТ- да қайсысын таңдағанымыз жөн? Толағай жазушының өмірін ойыншық етіп, жылдарын тауша көшіріп жүрген кім?
Халқымыздың қасқаларының бірі Қасым Аманжоловтың өмір сүрген жылдары 5-сыныптың әдебиетінде 1911-1954 жылдары деп жүрсе, 7-сыныптың әдебиетінде 1911-1955 жылы деп жазылған. Бір жолы ҰБТ сынақшасында осы сұрақ маған келді. Мен 1955 жылды таңдадым. Иә, ол дұрыс болып шықты, егер осы жауап дұрыс болса, несіне 5-сыныпқа 1954 жылы деп жазылған? 1954 жылды таңдағанда қате болып шықса, бірақ кітапта солай жазылып тұрса, шегерген ұпайды қайтадан қоса ма? Көкейімізде көп сұрақ бар. Жауап берер ешкім жоқ, бұл іс «Ақын өлімі туралы аңыз» болып қалатын секілді.
Мен қазақпын деп жұбанатын ақындардың бірі – Жұбан Молдағалиев. Ол кісіні оқып та жұбана алмай жүрміз. 2005 – 2010 жылы «Атамұрадан» шыққан 5-сыныпқа арналған кітапта 1920-1988 деп жүрсе, 2007 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан 11-сыныпқа арналған кітапта 1920-1987 жылы деп жүр. Қазіргі жер аттары мен ертедегі жер аттарының бір жүйеге келмеуі де оқушыны адастырады. Мысалы: 2005-2010 жылы «Атамұрадан» басылған 5-сыныптың кітабінда Жұбан Молдағалиевті Батыс Қазақстан облысы Сайқұдық деген жерде дүниеге келген деп жазса, 2007 жылы Мектеп баспасынан басылған 11-сыныптың кітабында Орал облысының Тайпақ ауданына қарасты Жыланды деген жерде дүниеге келді деп жазылған. Кеңес Одағындағы атаулар мен қазіргі атаулардың қайсысын таңдау керек екендігі де бір мәселе.
Қазаққа сауат аштырып, әріп жасаған нағыз ғұлама -Ахмет Байтұрсыновты да бұл қате айналып өтпепті. Қазағымды маса болып шағып оята алсам деп армандаған алып тұлғаның да алтын құрсақты анадан қашан туылып, қашан қара орман қазағын тастап, қара жер қойнына енгені белгісіз. Бәлкім жазғандарының бірінікі шын шығар. Бірақ қайсысы шын? 2010 жылы «Атамұрадан» шыққан 5,6,7-сыныптың әдебиетінде 1873-1938 жылдар десе, 2007 жылғы «Мектеп» баспасынан шыққан 11-сыныпқа арналған әдебиетте 1872-1937 жыл деп берілген.
Әдебиеттерде «Мектеп» баспасында басылған оқулық пен «Атамұра» баспасында басылған оқулықтар көбінесе бір-біріне қайшы келіп жатады. Құрастырушылар бір-бірімен ақылдасып, бір шешімге келіп, бізге ең тиянақты жауабын ұсынып, Атамұрамызды мектептегі оқушыларға шынайы түрде жеткізсе екен. Көлденең көк атты «Қолыңнан келсе қоншыңнан бас» деп қалаған уақытында қалағанынша кітап басып шығара берсе, әр дәуірдегі ұрпақ қазақтың даналарын әр түрлі оқитын болады. Қазақстанда біркелкі оқулық жоқ, бірі- ескі, бірі – жаңа. Ішіндегі материалдар ескісінде бір түрлі,жаңасында бір түрлі. Ал оқитын оқушы біреу. Сонда дұрыс жауаптардың ішіндегі дұрыс жауап қайсы?
Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым Ахметтей елім,тілім деген қайраткерлердің көңіліне масаның шаққанындай әсер етсе болғаны. Елім деп еңіреген арыстардан Кеңес одағы кесіп жазар ақпарат қалдырмаса да, өзіміз зерттеп,шындықтың күрең қасқасын ерттеп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жазатын кез келді. Тағдырластарым, сабақтастарым сапарларыңа сәттілік тілеймін!

Бірлесбек Саягүл
Өскемен қалалық №33 орта мектебінің 11-сынып оқушысы

“Қамшы” сілтейді http://qamshy.kz/

www.kazbilim.kz

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version