Оқу жылын бастау үшін қажетті нормативтік – методологиялық құжаттарды қабылдау маңызды. Тиісті құжаттардың барлығын дайындадық. Қашықтан оқыту технологияларын қолдану және оқыту форматтары бойынша егжей-тегжейлі әрі қадамдық нұсқаулықтар әзірленді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарының қызметін жүргізудің санитарлық талаптары да әзірленді», – деді министр Үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, қашықтан оқыту кезінде оқу процесінің принциптері мен технологиялары сәйкесінше өзгереді. Осыған байланысты төртінші тоқсан тәжірибесін ескеріп, бағалау нормаларын, оқыту әдістемесін өзгерту және кері байланысты жүзеге асыру бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілді. Шілде айынан бастап облыстық білім басқармаларымен, аудандық, қалалық бөлімдермен және әдістемелік кабинеттермен қашықтан оқыту жүйесінің негізгі бағыттарын түсіндіру, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматқа көшу бойынша күнделікті вебинарлар өткізіліп келеді.
Жеке кесте бойынша барлық 7 мыңнан аса қазақстандық мектеп директорына, олардың 12 мыңдай орынбасарына және 2 мыңға жуық әдіскерге қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша түсіндіру семинарлары өткізілді. Бұл жұмыс әлі жалғасады.
«Еліміздің барлық мұғалімдері үшін жеке графикпен біліктілікті арттыру курстарын бастадық. Оған 100 пайыз мұғалім қамтылатын болады», – деді А. Аймағамбетов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, министр бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылатынын айтты.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында колледж студенттерінің білім алу тәртібін түсіндірді.