Түркістан облысында оқушыларға онлайн білім алу үшін 43 мыңға жуық ноутбук берілмек. Бұл туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев кезекті брифинг барысында мәлімдеді.
Рақымбек Жолаев II тоқсандағы оқу процесінің ұйымдастырылу барысын баяндай келе оқушыларға қашықтан білім алу үшін қандай жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
«ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан 57 190 компьютерлік құрылғы сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 7711 планшет пен 5952 компьютер сатып алынды. 21 764 ноутбукті (Wı-Fı роутер, СИМ карталы) арнайы комиссия мүшелері қабылдап алды. Қосымша 21 763 ноутбук сатып алу жоспарланған. Олар желтоқсан айының соңына дейін жеткізіледі. Сондай-ақ, қашықтан білім алу үшін 24 317 компьютер мектеп қорынан, 1539 компьютерлік құрылғы жергілікті бюджет есебінен, 1445 компьютерлік құрылғы «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен оқушыларға берілді»,- деді Рақымбек Қуатбекұлы
Айта кетейік, облыс аумағында 916 білім ошағы бар. Оның ішінде 16 білім ұясы жекеменшік болса, өңірдегі мектеп қабырғаларында 499 975 оқушы білім алып жүр.
2020-2021 оқу жылының ІІ тоқсанында білім алушылардың, педагогтердің және басқа қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында 1-11 сыныптарда оқу процесі 421 938 (84%) оқушыға қашықтан жүргізіліп жатыр.