Білім министріміз Асхат Аймағамбетов бірер күн бұрын балаларды кітап оқуға баулу жөнінде айтып, «қазіргі кезде PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отырғанын» жазды.
Министр халықаралық сарапшылардың зерттеулеріне сүйеніп, жас ұрпақтың кітап оқуға құштарлығы үлкен жетістікке жетелейтінін де сөз етті. Аймағамбетовтің бұл айтқандары аспаннан алынған дүние емесі баршаға аян. Білімнің бастауы кітап құмарлықтан екенін екінің бірі біледі. Алайда соңғы уақытта кітаптан гөрі, қолындағы телефонға үңілуді жөн көретін бала көбейіп жатқаны да шындық.
«PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке қарай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл – бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе. Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр»,- деген министр бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралардың қолға алынатынын да мәлімдеді.
Білім министрінің пайымына салсақ, баланың кітапқа деген қызығушылығын ояту кітапханадан басталады екен. Еліміздегі білім және ғылым саласына қарасты кітапханалар саны мен ондағы кітап санын тізбектеген министр: «Дегенмен олардың қаншасы көркем әдебиет? Сол көркем әдебиеттің қаншасы қазақ тілінде? Мектеп кітапханалары жаңа кітаптармен қаншалықты жиі толықтырылады? Э. Берроуз, А. Азимов, М. Твен, Ж. Верн және басқа авторлардың еңбектері қазақ тіліне аударылған ба? Бұл тұрғыда айтарлықтай проблемалар бар», -дейді.
Проблема тек кітаптардың қазақ тіліне аударылмағанында ғана емес. Ең алдымен қолдағы бар кітапты оқуға білім шамасы жететін оқушы бар ма? Келесі мәселе, әрине қазіргі әдебиетіміздің кенжелеп қалған мәселесі. Баланы баурап аларлық қызықты шығармалар бар ма қазір? Жалпы, балаларымыз кітап оқу туралы ұсынысқа қалай қарайды? Бұл жолы бізбен пікірлескен мектеп жасындағы балалар болды.
«Кітап оқуды өте жақсы көремін. Карантин кезінде аптасына бір кітаптан оқыдым. Өкінішке қарай, барлығы да орыс тіліндегі кітаптар болды. Қазақ тілінде бізге арналған кітап табу мүмкін емес. Табыла қалса да, бағасы удай қымбат. Арнайы кітап дүкендерінің интернет сайттарын ақтарып шықтым. Алдар көсе, ертегілер сияқты жеңіл-желпі кітаптар бар. Оны бастауыш сынып оқушысы оқитын шығар. Ал ол жастан асқан мен сияқтыларға ертегі қызық бола қояды деп ойламаймын. Мәселен, «Мятная сказка», «Кот по имени Боб» деген кітаптар маған үлкен ой салды. Кәдімгідей ойланып, көп сұраққа іштей жауап іздедім. Дәл осындай қазақша кітап бар ма? Өкінішке қарай, бізге «ертегі» болып көрінетін Кеңес дәуіріндегі ескі кітаптарды оқып, уақыт жоғалтқым келмейді. Неге десеңіз, өткенді емес, ертеңіме арналған нәрсе туралы оқып білгім келеді. Өткен тарихыңды білу керек, әрине. Алайда адамға ақыл қосатын кітаптарға уақыт жұмсағым келеді», -дейді алтыншы сынып оқушысы Нұрасыл ЕГІЗБАЙ.
«Кітап оқудың қажеті қанша? Қазір барлық керек нәрсені интернеттен алуға болады ғой. Меніңше, кітап емес, мықты телефоның болса, интернеті жылдам болса, сол маңызды»-дейді Нұрасылдың құрдасы Әлихан ЕСІМБЕК.
«Анам өзінің бала күнінде оқыған кітаптары туралы көп айтады. Н.Носовтың «Дымбілмесі», Э.Успенскийдің «Қолтырауын Гена» сияқты кітаптарын әлі күнге дейін есінде жақсы сақтаған екен. Өкінішке қарай, соған ұқсас кітаптар таба алмадым. Кітап оқуды өте жақсы көремін. Мектеп кітапханасында көбіне оқулықтар мен орысша кітаптар ғана бар. Дәл қазірге дейін ұнатқан кітаптарымды электронды кітапшаға жүктеп оқып жүрмін. Бірақ барлығы орыс және ағылшын тілінде. Қазақша үш кітап оқыдым. Алайда еш ұнамады. Ескі заманды суреттеп жазады. Тіпті көп сөздерін түсінбеймін де. Мысалы, бір оқыған кітабымда «өре» дегеннің не екенін түсінбедім. Сөйтсем, құрт жаятын ыдыс екен. Өмірімде естімеген, көрмеген дүнием ғой. Бәрібір «өре» дегеннің қандай болатынын түсіне алмадым. Егер, министріміз біздің кітапқа деген қызығушылығымызды оятқысы келсе, ең алдымен бізге түсінікті тілде жазылған кітаптармен кітапханамызды толтырып берсе екен», -дейді он төрт жасар Әмина ДІНМҰХАМЕДҚЫЗЫ.
Жалпы, баланың кітапқа деген қызығушылығын ояту ең алдымен ортасынан да басталса керек. Әкесі, не шешесі бір уақыт қолына кітап алатын отбасының баласы үшін кітап оқу қалыпты дүниеге айналары сөзсіз. Алайда дәл қазіргі кезде қолынан телефоны түспейтін кезеңдегі ата-ана өз баласына кітап оқу туралы айтуға ұялатын да болар, сірә. Оның үстіне, сабақ та, жұмыс та, басқа шаруаның бәрі бір телефонмен жасалатын уақытта кітап оқуға шама да қалмайды. Бұл аздай, пандемияда үйге қамалған жұрттың бар ермегі телефон болғаны сонша, қазір екінің бірі сол телефонсыз өмірін елестете алмайтын халге жетті емес пе?
«Көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ Ұлттық білім академиясы әдебиет, тіл институттарымен, «Оқулық» орталығымен, Ұлттық ғылыми кітапханамен, НЗМ, БИЛ бірлесіп ұсынылған әдебиеттер тізімін құруға кірісті. Жоба шеңберінде қазақ әдебиетінің де, қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің де қолжетімді болуына ерекше назар аударамыз», -дейді министр өз жазбасында. Бұл аталған жоба жүзеге асса, кім біледі, бәлкім алдағы уақытта кітаптан басын алмайтын бала да көбейер.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы