Штаттық режимдегі мектептерде аймақ бойынша 1295 оқушы білім алып жүр, деп хабарлайды Атырау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Қызылқоға ауданына қарасты Кенбай елдімекеніндегі Тасым Жанұзақов атындағы бастауыш мектепте оқушылар екі ауысымда білім алып жатыр.
«Түске дейін екі сынып және мектепалды даярлық тобы оқиды. Бірінші сыныпта үш оқушы, екінші сыныпта бес оқушы бар. Мектепалды даярлық тобында үш бала білім алып жатыр. Түстен кейін үшінші, төртінші сыныпта барлығы сегіз бала оқуда» дейді Тасым Жанұзақов атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі Жұмазия Келдібаева.
Жиырма шақты үй тұратын Кенбай ауылындағы мектепте 8 мұғалім жұмыс істейді. Мұнда 16 оқушы білім алып жатыр. Шағын болғанына қарамастан, мектеп мультимедиалық тақтамен, компьютермен жабдықталған.
Кең жолақты интернет желісіне қосылған мектепте ауыл балалары үшін информатикадан қосымша дәріс берілуде.
Штаттық режимдегі тағы бір мектеп Қызылқоға ауданына қарасты Жантерек елдімекенінде орналасқан. Жылдың басында ғана жаңа ғимаратқа көшкен мектепте 41 оқушы дәстүрлі форматта білім алып жатыр.
№75 бастауыш мектебінің меңгерушісі Гүлжауған Сұлтанованың айтуынша, мұнда барлығы 33 оқушы, мектепалды даярлық тобында 8 оқушы білім алып жатыр.
«Мектепте 9 мұғалім бар. 60 орындық мектеп спорт зал, асханамен қамтамасыз етілген» дейді ол.
Бастауыш сынып балаларға әріп танытудан бастап, оқушыларды ғылыми жұмысты қорғау деңгейіне дейін шығарып жатыр.
«Мәселен, «Қазақтың ұлттық сусыны шұбат» тақырыбында ғылыми жұмысын қорғаған оқушым Інжу Сәкенқызы Қазақстан бойынша бірінші орын алып, жұмысы республикалық жинаққа енді» дейді аталған мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нұран Омарова.
Еске сала кетелік, Атырау облысында штаттық режимде жұмыс істеп жатқан 21 мектепте 3111 мұғалім дәріс беруде. Онда барлығы 1295 оқушы білім алып жатыр.