Home Жаңалық Ақмолада орта мектеп тыйым салынғанына қарамастан кеңсе жиһазын сатып алған

Ақмолада орта мектеп тыйым салынғанына қарамастан кеңсе жиһазын сатып алған

0

Ақмола облысында орта мектеп кеңсе жиһазын негізсіз сатып алған. Бұл туралы Antikor ortalyǵy алаңында өткен онлайн-брифингте «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тайтенова айтты.

Спикердің ақпараты бойынша, Ақмола облысында бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында тұрғындардың бірі Publicbudget.kz ашық бюджеттердің интерактивті картасының сайтына өз бетінше мониторинг жүргізген.

Мониторинг барысында Бурабай ауданының орта мектебі жалпы сомасы 65 000 теңгеге кеңсе жиһаздарын сатып алуды жоспарлағаны анықталды, алайда бюджет қаражатын тиімді жұмсау және үнемдеу режимін күшейту мақсатында мамыр айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың кеңсе жиһазын сатып алуына уақытша тыйым салынды.

«Осыған байланысты азамат оқу орнына шағым түсірді, алайда мектеп бұл жиһазды сатып алғаны белгілі болды. Өтініш негізінде анықталған бұзушылықтар үшін Бурабай ауданының білім бөлімі білім мекемесінің лауазымды тұлғасын тәртіптік жазаға тартты», – деді Самира Тайтенова.

Спикер атап өткендей, бұл мысал – мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысының орнатылуының және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюдың айғағы. Ал интерактивті карта мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді диалогтық платформасына айналады.

Айта кетейік, әрбір тұрғын Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың, емханалардың, өңір жолдарының бюджет ақшасының бірыңғай платформада қалай, не үшін және қанша мөлшерде жұмсалатынын көре алады, сондай-ақ ашықтықты қадағалап, оның дамуына әсер ете алады.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version