МҰҒАЛІМНІҢ МӘРТЕБЕСІ ҚАНДАЙ?

«Ғалым да, шахтер да бас иетін» ұстаздың бүгінгі халі нешік?

Дәл қазір балаңыз не істеп отыр? Сізбен бірге теледидарға телміріп, я компьютер алдында немесе планшет шұқылап отыр ма? Жетістікке жетсе, «өзім берген тәрбиенің арқасы» деп кеуде соғамыз да, бұзақылық жасап жер қылса, «бәріне мұғалім мен мектеп кінәлі» деп шығамыз. Ақиқаты сол. «Бір әріпке үйреткенге қырық жыл сәлем берді» естен шығарғалы қашан?!

Осы апта ұстаздар мерекесімен де ерекшеленді. «Ғалым да, шахтер да бас иетін» сол ұстаздың бүгінгі халі нешік? Иә, мұғалімдер айта-айта айлықты, жүректері шайлықты. «Отчет» деп қағазға көміліп жүр, пәтерден-пәтерге көшіп, көндігіп жүр.

Бұрын мұғалім келе жатса, ығысып жол беретін, именетін жұрт бүгінде оларды итеріп өте шығатын халге жетті. Тіпті «балама жекідің», деп мұғалімді соққыға жыққандарды, қоқан-лоққы жасап қорқытқандарды да көріп жүрміз. Ал, ұстаздардың құқығын кім қорғайды, әлеуметтік жағдайы қалай, бұл басы ашық күйінде қалып тұр.

Айнұр Омар, тілші:

Оқушылар дәптерін тексеру, ертеңгі сабақ жоспарын жазу, сынып журналын толтыру. Бұл — кез келген мұғалімнің негізгі міндеті. Бірақ, бұдан өзге керек-керексіз есептер жетіп артылады.
Министрлік, білім басқармасы, жергілікті әкімдік сұрататын бума-бума қағаз мұғалімнің жұмысын 2-3 есеге көбейтіп отыр. Айтпаса сенбейтін, қағазға жазбай жасалған жұмысты қабылдамайтын бюрократиялық бөгеттер оқушы білімінің көрсеткіші бола ала ма?

Аятжан Ахметжан, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі:

Қазіргі мұғалімнің басты жұмысы бітпейтін есептер мен бітпейтін қағаздар. Шындық осы. Егер бір мұғалімнің бір жылғы қағазын есептейтін болсаңыз, бәлкім тонна қағаз шығуы мүмкін.

Аятжан ұстаз ақиқатты айтады. Мұғалім мәртебесі туралы ащы шындықты жазып та жүр. Оқушылар тарағанда, шұқшиып дәптер тексеруге отырады. Одан қалса, біз санамалаған органдардың есеп-қисабы бар. Күнделікті сабақтан бөлек, үй-үйді аралап, мектеп жасындағы балаларды тізімдеу де — мектеп мұғалімінің міндеті.

Аятжан Ахметжан, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі:

Мұғалімдер бір бейшара сияқты. Кейбірі үйге кіргізбейді. Кейбірі қуып шығады. Ал соған төзесің. Одан кейін оған есеп жазасың. Мұның түк керегі жоқ. Қазір бәрін электрондап жатырмыз. Ол кімнің шаруасы білмеймін. Кез келген сайлауда кім белсенді түрде үй аралаушы? Ол ең алдымен мұғалім. Мұғалім беделінің кетуі де сондықтан.
Ол ол ма, әлдеқандай үлкен жиын өтсе де, алаулатып, жалаулатып мұғалімді жібереді. Бармаса, директордың атына кір келеді, мектеп белсенділік танытпады дейді.

Аятжан Ахметжанның 7 шәкірті — облыстық, екеуі — республикалық, бірі — халықаралық олимпиадада жүлдегер болған. Мұғалімдігін пайдаланып, маған да сұрақ қойды. Шетелде өнер көрсеткен 2 әнші мен халықаралық додада жеңген спортшыны ата. Халықаралық олимпиадада орын алған оқушыларды білесіз бе? Әрине, соңғы сұрақтың жауабынан тосылдым.

Аятжан Ахметжан, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі:

Спорт бапкерлеріне 10 мыңдап, 20 мыңдап доллар ұстатып жатады. Ал енді бізде халықаралық олимпиададан, республикалық олимпиададан бір оқушы жеңіп келіп жатса, ары кетсе директорың құттықтайды. Болды.

Бұл да шындық. Мұғалім айтады, оқушының 3 жұрты бар деп. Ата-ана, ұстаз, қоғам. Бірақ, бірі кері тартса, білімде береке бола ма? Жалақысы 40 мың теңге, істейтін жұмысы басынан асатын мұғалімде қандай ынта болуы мүмкін? Иә, бірі айтар, бұл кәсіп — оның таңдауы. Ешкім ешкімді байлап отырған жоқ деп. Бірақ қазір ұстаздыққа кімдер келіп жатыр?

Ербол Іргебай, Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп директоры:

Кімдер барады мұғалімдікке? Әйтеуір жоғары білім алуым керек дейтіндер, 60-70 төңірегінде балл алған, сол деңгейде оқыған адам барады. Ертең ол орта студент болады. Орта студенттен орта маман шығады. Сонымен,өзі бір шеңберден шыға алмай жүрміз.

Ербол Іргебайұлы кадр тапшылығымен жиі бетпе-бет келеді. Кейде таңдау еркіндігі де болмайды. Келеді, адам жоқ, амал жоқ, аласың жұмысқа. Білім сапасын көтеру үшін тағы да жалақы мәселесі кес-кестеп тұрады.

Ербол Іргебай, Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп директоры:

Мұғалімге 18 сағат беру керек, 18 сағаттың ақшасы сол 27 сағаттың ақшасындай болса, күніне 3 сағат сабақ берсе, қалған 5 сағат сабаққа дайындалуы керек.

Ондай болмақ қайда демеңіз. Заң шығарушы орган да ұстаз беделі мен жалақысының артуына барын салып жатыр. Келесі жылдан бастап 15-тен 29 пайызға дейін жалақы көлемі өспек.
Ол дегеніңіз, 2015 жылдың 1 шілдесінен осы уақытқа дейін 80 мың теңге алған 1 санаттағы мұғалім 109 мың теңге айлық алмақ. Заң жүзінде бұдан өзге, былайғы жұрт біле бермейтін жеңілдіктер бар екен.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оның бәрі заң түрінде бар. Бірақ, бір жағынан бар болғанымен, екінші жағынан сол орындалмайды. Сондықтан, бұл мәселе жергілікті органдарға да байланысты деп ойлаймын.
Жеңілдіктер бар. Коммуналдық дейміз, қысқа дайындалғанға, отын-шөппен қамту ол бәрі сол заң жүзінде бар. Міндетті түрде жасалуы керек. Бірақ, ол жергілікті бюджетке байланысты, жергілікті әкімдердің көңіліне байланысты.

Қағазбастылықтан өзге, мектеп мұғалімдері тексерістен көз ашпайды. Ауыл-екі күннің бірінде «района» келді деп шулап жатса, қала — «гороно», «облоно» дейді. Ауылдағылар айтады, бұрындары колхоз бастықтар мал санап, шопан араласа, қазіргі әкімдер екі күннің бірінде бала түгендеп, мектептен шықпайды деп.

Аятжан Ахметжан, дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі:

Кейде тексеру әркімнің бір шай ішіп кету үшін керек дүние деп ойлаймын. Келеді, бір шайын ішіп тексеріп кетеді. Ал, ол шайға міндетті түрде ұстаздардың қалтасы жауап беру керек деген сияқты.

Мұғалімнің образы көз алдымызда осылай төмендеп барады. Өйткені, ата-ана үйінде отырып алып, мектепті, білім жүйесін, түк білмейді деп мұғалімді сынайды. Ал оны естіп өскен бала қалай болмақ?
Одан қалса, біздің кездегі мұғалімдер мұндай еді, ондай еді дейміз. Өйткені, ол заманда адамның өзінде тәртіп болған.
Алпамыстың ауылдастары мұғалімге тіл тигізбеген. Қожаның замандастары Оспанов ағайды құдайдай сыйлаған. Ұлт ұстазы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын мұғалімдікі» деп ұстаздың орнын белгілеп кетті емес пе?!
Аятжан Ахметжан сұхбатын беріп, сабағын аяқтаған соң дәптер тексеруге кірісті. Әр баланың шырағын жаққысы келеді, бірақ бұл қағазды дер уақытында тапсырмаса, басшылық өзінің соңынан шырақ алып түсуі мүмкін.

Айнұр ОМАР. Қазақстан ұлттық арнасы. «Апта.кz» бағдарламасы

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version