24.11.2024

ҒҰМАР ҚАРАШ. ҰЛТ ҺӘМ ТУҒАН ТІЛ

  (Патшалық һәм бостандық заманында)

Россияда залым патшалар дәурен сүріп тұрған шағында жалғыз славян ұлтын, оның ішінде байлары ғана өзінің барлығын білдіріп жасай алды. Байлардан шыққан жетіктер Россияда болған түрлі тілден сөйлеуші жүзден аса халықтың әрқайсысының да айырым ұлты, ұлтына қарай тұрмысы, білімі, өнері барлығын баяндап тек керек мағлұматты … ғамалға құйылған уағында  іс бүтіндей мұның керісінше болып шығып тұрды.

Патша үкіметінің  ұлттар тұрмысын көріп, оларды көгертіп, көркейтумен ісі болмайды: ол әрдайымда халыққа көтере алмастай оларды өзінің мейірімсіз тырнағында тілегенінше жаншумен болды. Һәм миллиондаған халықты, әсіресе шет ұлттарды, қалайша қараңғылықпен аңсыз аюандықта өз пайдаларын білместей меңіреу,  керектерін сұрай алмастай мылқау етіп ұстау қамында болып, сонымен ғана шұғылданады. Бұдан шығатын белгілі мағына әркімге да күндей анық көрініп тұр. Патша үкіметі шет ұлттарды аздап болса да ағарту, олардың ғылым, өнерде артта қалғандарын алға бастыру тіпті де қам жеген жоқ. Ол һәрдайымда ұлттарды бір-біріне айдап салып, өшіктіріп, араларында қанды соғыстар ашып, әлсізін күштісіне талатумен болды. Бұл ұлттардың мекенін аударып аяғынан тоздырып жібереді, ескі үкіметтің басқа да шет ұлттардың білім, өнерін сендіріп, өздеріне қас болған ғұрпы-ғадеттерін қалдырып, діндерін жойып, бүтіндей, орыстыққа айналдыру сықылды ең нашар ғамалдары да болды. Шет ұлттар бейнетқорлығының жазымын сатып, славян ұлтының жұмыскер қарашекпендері үшін бейне айырым бір мүлік жиған сияқты көрініп жалған саясаттар жүргізді. Іс жүзінде, әрине, бұнан дұрысында сондай бір мақсат жарыққа шыққан емес. Ол қара славяншылықты өршітсе де бейне тек қана славян байларының шат тұрмыспен дәурен сүрулері ыңғайына қарап іс етті. Бүтін Россияда болған, Россия халқының бірігуі миссионерлер қамы һәм басқалар сияқты зор ұйымдардың бары да қызметтерін осы бағытқа қана сіңір-ді. Һәм олар мемлекет бюджетінде зор шығындар жұмсалатын орындардан саналды, жалғыз ғана патша қазіретінің өзіне мәлім болған бұл шығындардың бәрі де жұмыскер қарашекпендер мен ұлттардың мойындарына келіп артулы еді.

Патшалыөқ тәртібі гулеп тұрған замандағы іс басқарулар жоғарыда айтылған сияқтыжырақта жатқан шет ұлттардың қараңғы таптарына білім өнер сәулесін түсірмектен бетер, оларың ішкі, тысқы бүтін тобы ұлттық сақтауын жоққа шығарды. «Ұлт» сөзі құрғақ қана болып қалды.

Бір халықтың өз тілінде білім-өнер болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгереді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп… соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады. Мұның мысалын тарих бетінде бек көп ұшыратамыз, бұрын да бірнеше халықтар болған, қазір біз олардың бірін де көре алмаймыз, һәм олар жоқ. Міне бұлар – сол тілдері жойылып кеткендер.

Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады.

Патшалық заманында көп ұлттар осындай халдерге душар болды. Мінекей, залым патша үкіметі қолында айырма уақ ұлттар осылайша ойыншық болып жүрді. Ұлы өзгерістің қуатты күшімен патша үкіметінің негізсіз ұясы быт-шыт болып таралды. Ол өзгеріс бізге сөз бен дінге үлкен бостандық берді. Һәм бүтін ұлттарға бірдей құрдастық, тегістік жолын ашты. Міне, қазір бізге айнала кеңшілік, қай жағымызда датоқталыс беретін кедергі жоқ. Ұлтымыздың білім, өнерін, әсіресе, ана тілімізді қалайша һәм өсірсек те жолымыз ашық.

Өнер, әдебиетімізді көркейту, шаруашылық жағымызды ілгері бастыруға еріктіміз. Осы айтылған мақсаттарды жарыққа шығарғанның соңында бізде де күшті ұлттармен қатар, ұлы өзгерістің үстімізге жүктеткен зор міндеттерін атқарған боламыз.

Жалпы өнер-білімнің ішіне ана тілі болуы да кіреді һәм мұның керісінше ана тілі болудан ұлттың білім-өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім-өнерді таратуға мүмкін емес. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді.

Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

Біз қазіргіде сөз һәм ұлт бостандығы беріліп тұрған заманда ұлы мақсатты жарыққа шығару үшін еркін бостандық өзін өзі басқаратын ұлттар мен мемлекет бірігіп «Халық союзын» құруға борыштармыз. Сонда ғана біздің қазаққа ұқсаған уақ ұлттардың жәбіріне жықпайтын, бар күшін бүтін халыққа бірдей пайда табылатын орындарға жұмсайтын үкімет құрылып, жалпы жұрттың басқарылу құрылысының түп мақсаты табылмақшы…

Ұмытпаңыз. Өзімізді басқа ұқсас халықтан айыратын белгіміз болған ана тілімізді білсек қана осы мақсаттарға жетпекпіз.

Егер ұлттың ешбір білім-өнері болмаса оның кәсіп-харакеті да нашар болады. Мұның соңында ол күшті ұлттың қолтығына түседі, һәм солайша біраз уақыт өткен соң ол ұлт бүтіндей жоқ болып кетеді. Осы айтылғандардың бәрі де білім-өнері болмаған ұлттың ұлт емес екендігіне дәлел. Яғни ұлтшылдықтың нағыз белгісіболып табылады. Тіл мұнан басқа айырмаларда ұлттардың бәрі де бірдей. Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске иіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз. Тіл – айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады.

Бала анасының құрсағында-ақ өз ұлтының тілімен ауызданады, бүтін денесі сонымен азықтанады. Өскеннен соң бала тілді жарыққа шығарушыға, өршітуге борышты.

Қазақ халқының келешектегі ұрпағының жазымы да осыған тіреулі. Біз ана тілімізді оқып білсек, соның арқасында ұлтымыздың білім-өнерін алға жібереміз, өршітеміз. Білім ілгері болған жақта тұрмыстың тірегі болған кәсіпөнер жолының кең болатындығы шексіз мәлім, онда шаруашылық жағы да орасан күшті әм өте сенімді болады.

Осы айтылған істерді орнына келтіргенде ғана өз ұлтымызға айырым басқалықтар даулай аламыз.

«Алаштың» тілдік мұрасы кітабынан алынды.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА