Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беру саласындағы реформаларға тоқталып, оқулық сапасының нашарлығын айтып мәселе көтерген болатын. «Біздегі оқулықтардың деңгейі төмен. Кітапты әзірлеген азаматтардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан реттеу керек. Сапасыз оқулық дайындағаны үшін жауапқа тартылсын. Басқаша болмайды», – деді Президент.
Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылда мектеп оқулықтары бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Соңғы жылдары мектеп бағдарламасында сапасы төмен оқулықтар бар екені айтылып жүр. Осы орайда Túrkistan халықаралық газеті мамандарға мектеп оқулықтарының сапасына байланысты сауал қойған екен. KAZBILIM порталы да өз оқырмандарына осы материалды “Түркістан” газетіне сілтеме жасай отырып ұсынуды жөн көрді.
Айгүл ІСМАҚОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы:
Әдебиет тарихын
білмеген жастар тәуелсіздік қадірін білмейді
– Ахмет Байтұрсынұлы «Сөз жаздым жаным ашып Алашыма» деді. Кеңес өкіметі тыйым салған кездің өзінде түрмеде ату жазасын күтіп отырса да қайраткерлер халқына арнап әділ сөз айта білді. Ұлтының азаттығы үшін Алаш қайраткерлері «ілінбей» қалған оқулыққа жазушылық ортада мойындалмаған ақын-жазушылардың қалай енгені, қандай критериймен сұрыпталғанына қайран қаламын. Оқулық авторларына осыны айтсаң, біз бағдарламаға сүйендік деп ақталады. Авторлар оқулықты жазуға 2-3 ай уақыт береді дейді. Асығыс жазылған кітапта қандай білім болсын?!
Өзім қазір Назарбаев университетінде сабақ беремін. Студенттерге әдебиет пен тарихты байланыстыра отырып қайраткерлер өмірі мен шығармашылығын баяндасаң таңғалады. Олар Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін», «Қартқожасын», М.Әуезовтің «Қилы заманын», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» енді оқып жатыр. Әдебиетімізде осындай саяси романдар болғанын неге мектепте айтпаған деп сұрайды.
Алаш әдебиеті 9-11-сынып оқушыларына оқытылуы керек. Мысалы, 5-6 сыныптан бастап Абайдың «Аттың сыны», «Жазғытұры», «Болыс болдым, мінеки» секілді өлеңдерін береді. Мақұл делік, ал Абайдың кім екенін оқушылар жоғары сыныпта толық біліп шығуы керек қой. Ресейдің оқулықтарында адамның санасына өзгеріс алып келетін мықты жазушылардың еңбегі жоғары сыныптарда оқытылады. Оқушы орта мектепті бітіргенде қазақ әдебиеті арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өссе, болашақта ұлтқа қалтқысыз қызмет етпей ме?
Қазіргі оқушылар сіз бен бізден сауатты. Алаш әдебиеті мектеп бағдарламасына дұрыстап енгізілсе, оқушылар басқа шығармаларын оқып, өздері зерттеп алады. Студенттер «Ұлтқа қызмет ету үшін қандай болу керек?» деген мәселеде шетелдің ақылы мотивациялық курстарын оқып, тренингтеріне қатысып жүр. Бүгінгі заманның нағыз мотиваторлары Алаш қайраткерлері екен ғой деп таңғалады. «Мына шығармаларды мектепте оқысақ, Сорбонна университетінде оқып жүретін едім ғой» деген студенттер де болды. Алаш арыстарының бірнеше еуропалық тілді қай уақытта, қалай оқып үйреніп алғанының өзі бүгінгі жастарға үлгі.
Осыдан 5-6 жыл бұрын мектеп бітірген оқушылардың алды бүгінде ЖОО бітірді. Олар біздің жолымыз болған екен деп қуанады. Мектептің оқу бағдарламасын 5 жылдан кейін бір ұйықтап тұрған адам жасай ма деген сұрақ туындайды. Бұл мәселені Білім және ғылым министрі қаперге алуы керек. Өйткені бұл – сіз бен біздің балаларымыздың, ұрпағымыздың келешегі.
Біздің оқырманға әлемдік әдебиет емес, деректік тарихи проза керек. Әдебиет тарихын білмеген жастар тәуелсіздік қадірін білмейді. Алаш қайраткерлерін жоғары сыныпта оқытпағанда қашан оқытамыз? Мектеп бітірген соң жастар әдебиетке қызыға ма, жоқ па білмейміз. Сондықтан қолда бар әдеби байлығымызды болашақ ұрпақ санасына мейлінше тереңірек сіңіруге атсалысуымыз керек.
Айман АҚТАНОВА, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, 5-11-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының авторы, филология ғылымдарының кандидаты:
Бүгінгі оқушыға тақырыпты меңгеру қиын емес
– Мектептегі қазақ әдебиеті оқулықтарында Алаш қайраткерлері туралы жазылмаған дегенге толық келісе алмаймын. Себебі Алаш қайраткерлерінің еңбектері 5-сыныптан бастап мектеп бағдарламасына енгізілген. Олар «Алаш әдебиеті» немесе «Алаш қайраткерлері» деп жеке тарау ретінде қойылмаған. Осыған ғана сүйеніп алаштықтар мектеп бағдарламасына енбеді деп айтуға болмайды. Өйткені Алаш қайраткерлері туралы әр сыныптың бағдарламасында бар. Мүмкін болашақта бағдарламаға түзету енгізіп, жеке Алаш әдебиетіне тарау арнау керек шығар. Бұл жерде оқулық авторлары оқулықты арнайы бекітілген бағдарлама бойынша жазатынын ескеру керек.
Авторлар оқулықты 2-3 айда жазады деген пікірмен келіспеймін. Оқулық ең аз дегенде 1 жыл дайындалады. Бұрыннан келе жатқан авторлар оқулықты жетілдіру туралы үнемі айналысады деуге болады. Қазір оқулық авторларын оқытатын курстар да бар. Онда авторларға тапсырмалар жүйесін реттеуді үйретеді және ғылыми-әдістемелік жаңалықтармен таныстырады. Былтыр сондай курсты «Оқулық орталығы» ұйымдастырды. Сосын оқулықты сараптайтын бірнеше комиссия бар. Оқулықты мектеп ұстаздары мен әдіскер ғалымдар әдістемелік жағынан сараласа, журналистер әлеуметтік сараптама жасайды. Ал ғалымдар ғылыми негіздемелерін қарайды. Ең соңында Тіл білімі институының ғалымдары тілдік, сөздік қолданыс жағынан қателерін тексереді.
Кейбір оқулықтарда дыбыстық, техникалық жағынан бірен-саран қате кетуі мүмкін. Ол дұрыс емес, ондай қатені жібермеуге тырысу керек. Бір оқулықтың артында қаншама адамның кәсіби еңбегі мен маңдай тері тұр. Оқулықты сынау дайын асты сынау секілді оңай. Жалпы кез келген жаңалық бірден қабылданбайды, оған үйренуге уақыт керек. Жаңартылған білім мазмұны бүкіл қоғамға келген жаңалық болды. Сондықтан оны қоғам болып талқыладық. Әлі де жаңаша қарап өңдеуді қажет етеді. Себебі әр заманның баласы алдымен өз замандастары туралы оқуы керек. Бағдарламаға кейінгі әдебиеттің озық үлгілерін кіргізу керек деп санаймын. Қазіргі балалар әдебиетінде тамаша туындылар жасап жүрген замандастарымыз да бар.
Жалпы оқулық арнайы оқу мақсаттарына сай жазылады. Тапсырмалардың барлығы сол оқу мақсаты бойынша жүйеленіп құрылады. Ол Блум таксономиясына сай білу, түсіну, қолдану құзыреттіліктерімен байланысты. Тақырыпты меңгеру оңай тапсырмалардан басталады. Мысалы, нені білу керек деген мәселе сұрақ-жауап түрінде жүргізіледі. Екінші, оқушының нені түсінгеніне байланысты тапсырмалар жасалынады. Бұл бөлікте көбінесе жазба жұмыстары беріледі. Түсінгеніңе байланысты ойыңды білдір, сын-пікір білдір деген сияқты тапсырма болуы мүмкін. Одан кейін алған білімді қолдану бөлімінде ауызша және жазбаша тапсырмалар беріледі. Бұл жүйе оқу мақсатына сай оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға негізделген. Қолдану бөлігінде негізінен бағалау және салыстыру бойынша тапсырмалар болады. Оқушы айтылған, өзі түсінген, білген нәрселерге баға береді, сын жазады.
Бұрын біз оқыған кезде мұндай нәрселер болған жоқ, сын жасаған жоқпыз, баға берген жоқпыз. Тек алдымызға бергеннен түсінгенімізді айтып, мазмұндап берумен шектелдік. Бұрын шығарма жаздық. Шығарманы қазір де гуманитарлық бағытта оқитын оқушыларға жазғызуға болады. Қазір көбіне шығарманың орнына әлемдік білім стандартына сай эссе жазады. Эссенің де әр сыныпқа және жас ерекшелігіне байланысты әр түрі қолданылады. Бұл бүгінгі оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру үшін арнайы мақсаттармен құрылады. Тапсырмалар да сол мақсатқа негізделген. Осы жаңашылдықты кейбір ұстаздардың өздері дұрыс қабылдай алмай жатады. Мұғалімдер берілген тақырыпты игеру оқушыларға қиын деп айтады. Менің ойымша, бүгінгі оқушыға тақырыпты меңгеру қиын емес, тек бұған ұстаздарымыздың аса дайын еместігі байқалады. Адамның ойлау қабілетін тез өзгерту мүмкін емес. Мысалы, ұстаздар жаңартылған оқу бағдарламасындағы білімді қабылдады, курстан өтті. Бірақ оны ішкі рухани, саналық тұрғыдан қорытып, өзіне қабылдап үлгермегендіктен де оқушыға үйрету қиынға соғып отыр деп ойлаймын. Бұған ұстаздарды кінәлаудың да қажеті жоқ. Себебі бұл – уақытша процесс. Бүгінде ЖОО бітіріп, мектепке мұғалім болып орналасып жатқан жастар жаңартылған білім мазмұнын енді біраз уақыттан кейін оп-оңай қабылдап, игеріп кетеді деп санаймын. Сол кезде оқушыларға да тақырыпты түсіндіру қиын болмайды. Тағы бір ескеретін мәселе – біз барлық пәндер бойынша материалдық білім берумен шектелмей, рухани білім беруге ұмтылуымыз керек. Материалдық білім деген пән бойынша оқып, жаттап, мазмұндаумен шектеледі. Яғни, бұл жерде оқушы баға үшін оқиды. Рухани білім оқыған дүниені санасына сіңіріп, өмірде қолдана білуі. Әдебиет алдымен оқушының рухани санасын қалыптастырып, болашақта қоғамға пайдалы, рухы таза адамдар тәрбиелеуді мақсат етеді. Абай айтқан «толық адам» да, Шәкәрім айтқан «таза адам» содан пайда болады.
Бақытгүл ЖӨКЕБАЕВА,
Жамбыл облысы Қордай ауданы №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары:
Оқулық түзелмей,
білім сапалы
болмайды
– Соңғы жылдары мектеп оқулықтарының сапасы туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Бұл мәселе тек қана орта білім саласында емес, кәсіптік-техникалық, жоғары білім саласында да әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Осы кезге дейін жазылған оқулықтардың ішінде сапасыз оқулықтардың болғанын, әлі де бар екенін жасыра алмаймыз. Оқулық түзелмесе, білім сапасының артпайтынын, дұрыс оқулық ұрпақ болашығының кепілі екенін түсінетін кез жетті.
Өзім мектепте бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Сонда қарасаңыз, әріптерді кеше ғана қосып үйренген балаларға ересек адам әрең түсінетін мәтіндер мен жаттаулардың берілгенін көресіз. Мысалы, математика оқулығында жазу, сызу, оқу білмейтін балаға логикалық есептер бойынша тапсырма берілген. Бұл – бір. Екіншіден, кейбір жаңа тақырыпқа байланысты тапсырмалар жеткіліксіз, аз берілген. Мәселен, 1-сыныпқа арналған дүниетану, жаратылыстану пәндерінде жаңа тақырып бойынша толық ақпарат берілмеген. Ол жерде зертте, сипатта, тұжырымда, талқыла деп тапсырмалар берілген. Мектеп табалдырығын енді аттаған бала тақырыпты қалай тұжырымдап, талқылайды? Ал 4-сыныптың математика оқулығында есептер өте күрделі. 4-сынып оқушысына 6-7 сыныптың формулалары берілген. Сондай-ақ кейбір есептердің берілуі дұрыс емес, қатемен жіберілген. Қанша шығарсаң да жауабы шықпайды.
Сонымен қатар жаңа сабақты түсіндіру барысында толық дерек берілмей тұрып оқушыларға тапсырмалар берген. Әдебиеттік оқуда алдымен жаңа сабақта автормен таныстыру керек қой. Ал оқулықта автор туралы толық ақпарат жоқ немесе тым қысқа ғана беріледі. Аты-жөнін, туған жылын, 2-3 шығармасын ғана атап өтеді. Әдебиеттік оқуда оқушы шығарманы оқиды, сондықтан шығарма авторы туралы толық ақпарат берілуі керек. Бұрынғы оқулықтарда автор туралы толық ақпарат берілетін, ал кейінгі шыққан оқулықта автор туралы толық дерек келтірілмейді.
Оқулықтың ішкі сапасы туралы айтқанда, мұқабасы, түптелуі туралы да айта кеткен жөн. Оқулық дұрыс түптелмегендіктен мұқабасы жыртылып, шашылып кете береді. Кітаптар өте көлемді болғандықтан, оқушының сөмкесіне сыймайды әрі ауыр. Қолға ұстап оқуға ыңғайсыз әрі қолайсыз. Осы айтқан мәселелер ескерілсе деймін. оқулық сапасына министрлік тұрғысынан ерекше мән беріліп, қолға алынбайынша білім сапасын арттырамыз деу бос әурешілік.
Дайындаған
Арайлым
ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ