22.11.2024

Магистратура мен бакалаврдың арасын кемінде екі жылға ашу керек!

Бүгінде магистратураны ғылым іздеп емес, өзге мақсатта оқитындар көбейді. Жаппай айыптаудан аулақпын, бірақ айтпасақ болмайды.

Бүгінгі жұрт магистратураға не үшін түседі?

Бірінші, бакалавр бітіре салып, жұмыс тауып істеуден, үлкен қаладан туған жеріне қайтудан қашқандардың бәрі ары қарай магистратура жалғастыра салады. Қалада тағы бір-екі жыл оқу сылтауымен жүре тұрарлық жақсы орай.

Екінші, бакалаврдың грантты өтеу міндеттемесiнен құтылу. Мысалы, ауыл квотасымен оқуға түскендер, магистратураға түсіп алса, оны ешкім ауылға барып жұмыс істе деп міндеттей алмайды.
Тіпті   «Серпiнмен» солтүстікке оқуға түскендер «Серпiннiң»  солтүстікте үш жыл жұмыс істеу  міндеттемесінен оңтүстiкке барып ақылы болса да, магистратураға түсіп құтыла салады. Құлақ тыныш, айыппұлдан айналып өте шығады.
Үшіншіден, магистратура стипендиясы үшін. Қазір магистратура стипендиясы көтерілді. Айына шәкіртақы 76 мың теңге. Кішігірім жарты айлық. Жұмыс істемей-ақ студенттік өмірді жалғастыра тұруға сылтау.

Төртіншіден, жұмыссыздық, жұмыс таппау. Жемқорлық, сол үшін бекер жүрмейін деп түсіп алады.

Бесіншіден, қазір педагог мәртебесі заңы бойынша магистр дәрежесі барларға қосымша үстемақы төленеді. Сол үшін мұғалім жалақысы көтеріліп жатқан тұста, тағы да 25 мың болса қайда жатыр, – деп сол үшін оқуға түседі. Бірақ 10 жылдан жоғары тәжірибесі бар маман мен тәжірибесіз жас маман магистрдің қайсысы жоғары алуы керек… Ойланатындай дүние…

Байдың асын байғұс қызғанады. Мен жұрттан Магистр дәрежесін немесе стипендиясын қызғанып отырғаным жоқ. Тек ойланайықшы.
Біріншіден, Бізде дәл қазір магистр дәрежесі бар жұмыссыздар көбейіп барады. Оларды мемлекет қаражатынан 6 жыл оқытып, стипендия беріп, жұмыссыз қалдыру аса үлкен шығын емес пе?
Екіншіден, адам бакалавр бітіргесін сол салада 2-3 жыл өзін сынап көріп, ол сала таза өзіне қол, болашақ бола ма дегенді шешіп алып, ары қарай өзіне жұмыс барысында не керегін түсініп алып, келесі басқышты оқымай ма? Тіпті Магистратураны бітіріп алып, «Бұл салада жұмыс iстемеймін, мамандығым ұнамайды» дегенді естіп жүрміз.
6 жыл өмір текке өткені ме?

Үшіншіден, магистр – дәреже. Дәрежені алу үшін адам кiшкене жұмыс істеп, шыңдалмай ма? Магистр дәрежелі сауатсыз мамандар қаптап барады. Бұл ертең елдің ертеңіне қиын болмай ма?

Төртіншіден, «Серпiн», ауыл квотасы секілді мемлекеттік саясаттың орындалуы ойыншық болмай ма? Ауыл квотасы да, «Серпiн» де -мемлекет үшін ең маңызды бағдарлама. Оны айналып өтуге жол беру сол бағдарламалардың өнімділігін төмендету емес пе?

Өзім кезінде бакалаврдан соң үш жыл жұмыс істеп, сосын магистратураға өз зерттеу тақырыбыммен барған едім. Ал бүгінгі мақсатсыз жұртты түсіне алмадым.

Соңғы 3-4 жыл магистратураға 22 мыңнан астам грант бөлінеді. Тым көп емес пе? 2500-ден астам грант PhD -ға бөлінеді. Бір жылда 2500 адам PhD атанса, 22 мың адам магистр атанса, 10 жылда ғалымдар елі боламыз ғой, құжат жүзінде…
Бұл ғылымды тірілту ме әлде өлтіру?

Неге дейсіз ғой, осынша магистр мен докторды оқытуға университеттер дайын ба? Зертхана көрмеген магистрлер шығып жатқанын ескерсек… ,әрине, қорқынышты.

Сондықтан министрлікте өткен бiр кездесуде осы мәселені көтердім. Министр Асхат Аймағамбетов мырза бұл қарастыратын мәселе екен, магистратура мен докторантура арасы секілді кемінде 9 ай еңбек өкілін талап етуді заңдық нормасын жасау керек шығар, – деді. Ал менің ойым:

Біріншіден, магистратура мен бакалавр арасын кемінде 2-3 жылға ашу керек. Магистратураға түсу үшін адам дәл сол мамандықпен немесе туыстас мамандықпен 2-3 жыл жұмыс істеген іс-тәжірибесі талап етілу керек! Сонда ғана ол магистратурада өзіне керегін іздейді. Көзсіз салпаңдаған 4 жылын ары қарай тағы екі жылға ұзартып, әбден магистратура біткесін маған осы сала керек пе, – деп ойланып отырмайды.

Екіншіден, магистр, PhD дайындайтын университеттердің материалдық, зертханалық, кадрлық базасы арнайы тексерістен өтуі қажет. Арнайы лицензия беру керек, себебі магистратураны сырттай оқып бітіретін инженер, сырттай оқып алатын педагог тым көп. Ал университеттер үшін бұл сала мемлекет бюджетін алатын амалдың бірі болып барады.

Үшіншіден, магистратура бітіргесін міндеттемені нақты талап етіп күшейту керек. Жеке біреудің ЖК не ЖШС-сынан зейнетақы жинақ қорына ай сайын ақша төлеп, жұмыс істеп жатырмын деп айналып өтіп кетпеуі керек. Себебі магистратураға әр шәкірт үшін бөлінетін сумма -ол халық қазынасы, аз сумма емес. Ол тиімді жұмсалуы керек.

Төртіншіден, екi-үш жылдан бері түсу жолындағы жемқорлық тыйылды. Бірақ грант тым көп. Гранттар университет шамасына қарай оқыта алатын шекте болуы керек.

Сөзім біраз адамға ұнар, біраз адамға ұнамас. Бірақ мен үшін елдің жайы маңызды. Сондықтан айтамыз.

Менікі дипломды сауатсыздар, магистр жұмыссыздар қаптамасын деген ниет, сапалы маман қалай қалыптасады деген уайым ғой.
Елдің ертеңін білікті маман жасайды.

Аятжан Ахметжанұлы.
Нұр-Сұлтан қаласы 90 гимназия директоры.

-ЖАРНАМА-spot_img

2 COMMENTS

  1. Өте дүрыс, сіздің пікіріңізді қолдаймын. Талдауды жіліктің майын шаққандай етіп, тақырыпты терең қамтыған екенсіз. Енді осы ұсынысты министрлікке жолдау қажет. Сіз ұлттың болашағы үшін өте маңызды мәселені көтеріп отырсыз. Әрине, мұны пендешілік тұрғыдан емес, азаматтық тұрғыдан түсіну керек. Сіз сияқты бүгінгі, дәл қазір шешеуі қажет мәселені жоғарыға ұсынатын азаматтарды қолдаымын. Магистратураға тек ақшаны көбейту үшін немесе қандайда постқа отыратындарға емес, нағыз ғылым жолын таңдағандар түсу керек. ЖОО бітірген соң кемінде 2-3 жыл тәжірибемен айналысу, одан соң магистратураға құжат қабылдау туралы ережеге өзгеріс енгізілсін.

  2. Жаранаға жуысатын әңгіме.
    Расында солай.
    Қолдаймын!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА