22.11.2024

ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ – МЕКТЕПТЕ

1 қыркүйек – білім күні елімізде оқушылар дәстүрлі оқу форматына көшіп, мектепке жиналады. Мектеп те, оқушылар да бұған дайын секілді. Соңғы екі жыл пандемия елді әбігерге салып қойды. Оқушылар онлайнға көшті. Қашықтан оқуға еш дайындықсыз кірсе де ұстаздар халық, ұрпақ алдындағы міндетін лайықты атқарып шықты. Алдағы уақытта да қашықтан оқытудың тәсілдерін меңгеріп, ғаламтордың шексіз мүмкіндіктерін игере жатар. Басты міндет – білімді ұрпақ тәрбиелеу. 
Қашықтан оқыту Қазақстан ғана емес, әлем бойынша көптеген ел қолданып отырған мәжбүрлі формат. Бұл әдіс, негізінен, білім сапасы жақсы дамыған елдерде де тиімді нәтижесін көрсетіп келеді. Ал білім беру технологиялары кенжелеп жатқан елдерде мұның да өзіндік проблемалары жетіп артылады. Бұны соңғы екі жылда ата-аналар айтқан талап-тілектерден байқауға болады. Әсіресе бастауыш мектеп оқушылары үшін қашықтан оқудың өзіндік қиындықтары болғаны рас. Әріп танығанымен, мектеп бағдарламасына дендеп ене қоймаған жас өскін үшін қашықтан оқығаннан гөрі дәстүрлі форматта, мектеп партасында оқыған әлдеқайда тиімді болары анық. Мұны ата-аналар да, ұстаздар да ұғынып отыр. Оған дендеп кірген індет бет қаратпай тұр. Қазір ата-аналардың көбі баласының вирус жұқтырып алуы­нан қорқады. Осы тұрғыдан келгенде қашықтан оқытудың да тиімді тұстары жетерлік. Алайда «қашықтан оқыту қиын да күрделі процесс. Бұл арада оқытушы мен оқушы арасында тікелей байланыс жоқ. Оның сыртында, мұндай әдіске оқушы да, педагог те бұрын-соңды арнайы әзірленіп, бейімделген емес. Оқытушы офлайн форматта сабағын тәп-тәуір жүргізетін де шығар, бірақ ол өз жұмысын дәл солай онлайн негізде ұйымдастыра ала ма? Одан бөлек, бала өз үйін, өз бөлмесін сабақ орны деп қабылдай бермейді» деген пікір айтады көпшілігі.

Қашықтан оқу форматының тиімді тұсы болғанымен, оның кемшіліктері де жоқ емес. Мәжбүрлі форматқа амалсыз көшкенімізбен, бұл реформа жаппай сауатсыздыққа жол ашпай ма деген қауіп те бар. 2018 жылы PISA халықаралық тестілеу нәтижесі бойынша Қазақстан 78 елдің ішінде 69-шы орыннан ғана көріне алған. Бұл соңғы жылдардағы ең төмен көрсеткіш деуге болады. Сол жолы Білім және ғылым министрлігі: «15 жасқа толған қазақстандық оқушылардың шамамен 59%-ы оқығанын түсініп, талдау жасау дегенді білмейді. OECD шкаласы бойынша олар «функционалдық тұрғыда сауатсыз» деп есептеледі. Оқушылардың басым бөлігі математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша алған білімдерінің ең аз бөлігін де қолдана алмайды. Өкініштісі сол, бүгінде Қазақстанда сауаттылық деңгейі бес және алты балл дейтіндей жоғары көрсеткішке ие оқушылар саны өте аз. Оқу бойынша жоғары көрсеткішке жеткен оқушылар саны – 0,4%, математикадан – 0,6%, жаратылыстану ғылымдары бойынша – 0,2% шамасында. Ал, мысалға, Ресейде жоғары баллға ие оқушылар саны 3 және 4 пайыз аралығында. Дарынды оқушылар саны жетіспей жатқанда, елімізде әлемдік дәрежедегі жоғары оқу орнын ашып, білім және зерттеу сапаларына кепілдік  беру айтарлықтай қиындық туғызады» деген еді. Бұл – ойланатын-ақ жағдай. Сол себепті де дәстүрлі форматта оқудың жөні бөлек.

Биыл оқушылар үшін мектеп формасы да міндетті емес. Бірақ классикалық стильдегі киім кию қажет екені айтылып жатыр. Бұл да дұрыс шешім. Ата-ана баласына киім іздеп, сауда дүкендеріне сабылмайды. Көпшілік жиі жүретін жерлерде адам санын азайту да маңызды. Бұл коронавирустан сақтанудың тағы бір тиімді жолы.

Еліміздегі ең ірі мегаполис Алматының білім мәселелері шешімін тапқан ба? Осыған оралайық. Оңтүстік астана  қашанда білім мен ілімнің негізгі ошағы саналады. Еліміздегі ең жоғары білім ордалары да, ғылыми зерттеу институттары мен орталықтары да осында шоғырланған. Білімнің салтанат құруы – басты мақсат десек, Тәуелсіздік алған 30 жылда білім саласында бірқатар өзгерістер мен реформалар жасалды. 30 жыл ішінде кері кетті деп айта алмаймыз. Бұл салада да ілгерілеу бар, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесі де белгілі бір деңгейге жетті.

Мәселен, соңғы екі жыл ішінде Алматы қаласында білім беру жүйесінің дамуына едәуір көңіл бөлініп келеді. Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы басшы болысымен білім жүйесі қызметкерлерінің форумын өткізді. Онда мұғалімнің мәртебесін көтеру және оларға қолдау көрсету шаралары және басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Мұндай ашық диалог алаңы – қаланың білім беру жүйесін сапалы деңгейге көтерудің, әрі бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың бірден-бір маңызды шарты болды.

Бақытжан Әбдірұлының тікелей ­бастамасымен ұстаздар қауымына қолдау көрсету мақсатында бірқатар тиімді шаралар қолға алынды. Мәселен, педагогикалық ЖОО мен колледж бітірген соң бірінші жыл Алматының мектептерінде жұмыс істейтін барлық жас маманға жыл сайын біржолғы материалдық көмек бөлу қарастырылған. 700-ге жуық жас мұғалім бюджет қаражаты есебінен 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алды. Оған қоса, жылына бір рет үздік білім беру ұйымы 800 айлық жалақы мөлшеріндегі сыйлықпен марапатталады. Бұдан басқа, жыл сайын қаланың үздік педагогтері үшін қала әкімінің арнайы гранттары қарастырылған. Жыл сайын мұғалімдер күні қарсаңында «Үздік педагог» байқауы өтеді. Бұл да педагог қауым үшін үздік бағалардың бірі.

Қала басшысы «Шетсіз қала» қағи­даты бойынша баршаға сапалы әрі зама­науи білім беруді мақсат тұтып отыр. Әрбір бала ата-анасының мәртебесіне қара­мастан лайықты білім алуға құқылы.  Қала тұрғындары үшін мектептер мен бала­бақшалар желісі қолжетімді болуға тиіс.

Басымызға қауіп төндіріп, әлемді дүр сілкіндірген пандемия бәрімізге сынақ болды. Бұл сынаққа ешкім де дайын емес еді. Сол себепті Алматыда да тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлап, жұмыс та, оқу да қашықтан жүргізілді. Оқу процесінің үзілмеуі үшін қала басшылығы қажетті жағдайдың бәрін жасады. 2020-2021 оқу жылында онлайн оқу үшін б­алалар қажетті жабдықтармен 100 ­пайыз  қамтамасыз етілді. 70 мыңнан аса оқушыға компьютерлік техника берілсе, 30 мыңнан аса оқушы интернетке қол жеткізді. Қашықтан оқу үшін «Сфера» о­нлайн-платформасы енгізілгенін де білеміз.

Үдемелі құрылыс бағдарламасы да тоқтап қалған жоқ. Кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Сыйымдылығы 1300-ден асатын екі жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. 3 мемлекеттік балабақша салынды. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 640 орындық 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы басталды.

Одан бөлек, 12 600 орындық 8 мемлекеттік мектеп, 17 жұмыс істеп тұрған мектепте 8 263 орындық қосымша құрылыс салынып жатыр. 4150 орындық 9 қосымшаның құрылысы аяқталып қалды. Ал қалған 8 қосымшаның құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жос­парланған. Сондай-ақ 4 мектептің ғимаратын қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 1 мектепке реконструкция жүргізу, 2 мектепке қосымша құрылыс салу және 3 мектепке сейсмикалық күшейту бойынша жұмыстар басталды.

Қала басшылығының ауқымды жобаларының бірі – «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубтарын ашу. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдерді дамыту, яғни мектептен тыс білім алып, шынығу мақсатында құрылып отыр. Жалпы қала бойынша 252 тегін үйірме ашылып, жұмыс істеп келеді.

Дәстүрлі форматқа көшетін барлық білім мекемелері «Ashyq» қосымшасына қосылып отыр. Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде 287 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 207-сі мемлекеттік болса, 80-і жекеменшікке тиесілі. Оқу жылында 300 мыңға жуық бала білім алмақшы, оның 30 мыңға жуығы 1-ші сыныпқа барады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшалардың құрылысы қалпына келтірілді, бұрын жалға алынған және жекешелендірілген балабақша ғимараттары қайтарылды. Мектепке дейінгі білім беруді дамытудағы басымдық. Мемлекеттік-жеке әріптестік механизмі болып саналады. Соңғы 20 жылда мемлекет қолдауының арқасында, яғни лицензиялауды алып тастаудың, норма­тивтерді оңайлату, жекеменшік сектор үшін мемлекеттік ­тапсырысты бөлудің нәтижесінде жекеменшік балабақ­ша саны 28 есеге артып отыр. Осы бағытта қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы жекеменшік мектептер мен балабақшалар салуға ынталандыра отырып, мемлекеттік – жеке әріптестік меха­низмін дамытуды, сонымен қатар жекеменшік мектептер құрылысын салу үшін жан басына қаржыландыруды қолға алды. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да қолдап отыр.

Мектептердің инфрақұрылымы мәселесі де назарда тыс қалған емес. Биыл 33 мектептің стадионын жаңғырту үшін 1 млрд теңге бөлінген. Орта білім беру жүйесінде 110 мың баланы қамтитын 3 721 спорт секциясы жұмыс істейді.

Мегаполис басшысының тағы бір игілікті бастамасы – қаланың кітапханалар жүйесін жаңғырту. 10-нан астам кітапхана жастардың зияткерлік орталығы ретінде қайта жаңартылып, заманауи кітап үйіне айналды. Жаңарған интерьермен қоса «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай кітапханалар қоры электронды форматқа көшкен. Кітап – сарқылмас рухани қазына. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес шығар. Осы орайда, кітапханалардың қайта жаңғыруы өте қажет дүние.

Дәстүрлі оқу жылы басталды. Бұл жыл білім мен ғылымның салтанат құратын берекелі жылына айналғай деген тілегіміз бар. Ал білімі мен ілімі мықты елдің бағы қашанда басым болмақ!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ХХІ ғасырдағы қазақ ұлтының жаңа болмысын қалыптастыру туралы тың ұсыныстар жасаған еді. Бізге парасатты ұрпақ, білімді жас толқын қажет. Осы тұрғыдан алғанда озық елдердің ал­дыңғы сапында болу үшін білім мен ілімге арқа сүйеген, іс тетігін табатын, болмыс-бітімі бәсекелестікке лайық жаңа толқын қалыптастыруды басты бағыт етіп алсақ, бағдардан жаңылмайтынымыз анық.

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,
сенатор
“Ана тілі” газетінен алынды

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА