22.11.2024

Виртуалды информатика мұғалімі: Қазақстанның барлық балалары сапалы білім ала алады

«Цифрландыру, ғалым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында «Виртуалды информатика мұғалімі» жобасы қолға алынды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

«Баршамызға белгілі, кейбір аудан орталықтарында немесе округтерде информатика немесе бағдарламалау мұғалімдері жетіспейді және олардың дайындық сапасы да көңіл көншітпейді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін «Информатика» және «Бағдарламалау» пәндері интернет арқылы оқытуға анағұрлым бейім болғандықтан, Шығыс Қазақстан облысындағы 150 мектепте пилот жоба іске асырылуда. Бұл тәжірибе еліміздің барлық өңіріне таратылады және барлық балалар тұрғылықты жеріне қарамастан информатика және бағдарламалау бойынша сапалы білім ала алады», – деді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, жалпы IT индустриясы 3 негізгі элементтен құралады, оның біріншісі – адами капиталды дамыту.

«Біздің сала үшін ең маңыздысы – адами капитал. Яғни, бағдарламалау тілдерін білетін немесе аналитика қабілеті мен математика дағдысы бар адамдар көбірек болуы қажет. Бұл салада көптеген мамандықтар бар. Сондықтан біздің сала үшін негізгі ресурс, негізгі шикізат – адами капитал деп айтамыз.

Екінші элемент – жобалар акселерациясы. Яғни, акселерация арқылы стартаптарға немесе кәсіпкерлерге IT саласында бизнес жүргізуге барынша дайын болу үшін көмек көрсету. Үшінші элемент – қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету. Егер осы 3 блок дұрыс жұмыс істесе, Президенттің 2025 жылы 50 миллион доллар экспортқа қол жеткізу туралы тапсырмасына қол жеткізе аламыз», – деп түсіндірді Б. Мусин.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында «Цифрландыру, ғалым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Ұлттық жоба 10 бағыттан, 226 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.

Сонымен бірге, ұлттық жоба аясында халыққа қызмет көрсету орталықтары да цифрлық және видеоқызметтерді іске қосады .

 

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА