Әрбір тәуелсіз елдің өз саясаты бар, яғни ішкі, сыртқы мәселесін өзі шешеді деген сөз. Елдің конституциясы басты құжат ретінде азаматтарға арналған түрлі құқықтық нормаларын, оның ішінде мемлекеттік тіл, білім беру бағыты, ұлттық құндылықтар т.б. мәселелердің шешімін құқықтық тұрғыдан белгілеп береді. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі туралы Қазақстан Конституциясының 7-бабының 1-бөлімінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп көрсетілген. Елдің Ата Заңында бекітілген норма ешқандай талқылауға тұрмайтынын ескерсек, елімізде қазақ тілі туралы ешқандай дау болмауы тиіс. Бірақ…
Әр мемлекеттің тағдыры әртүрлі қалыптасады. Геосаяси тұрғыдан орналасқан жері мен рухани тұрғыдағы бірлігі елдің болашағын қалыптастырады десек, күні кеше ғана басты саяси көзқарасы ретінде «интернационализмді» насихаттаған КСРО-ның шекпенінен шыққан қазақ еліне тәуелсіз мемлекет қалыптастыру жолында ізашар мемлекеттен «мұраға қалған» көптеген «құндылықтан» бас тартып, өз бағытын қалыптастыру оңай болған жоқ. Қитұрқы «қызыл саясаттың» кесірінен өз жерінде айшылыққа айналған халықтың басты проблемаларының бірі тіл мәселесі еді. Кеңес үкіметі сөз жүзінде ұлттық республикалардың негізін құраушы ұлттардың тілін дамыту туралы айтқанымен іс жүзінде елдің барлық аумағында орыс тіліне басымдық берілді. Бұдан көптеген ұлт тілдері, оның ішінде қазақ тілі өз жерінде үлкен зардап шекті. Оның нақты мысалы − Тың игеру науқаны кезінде оны іске асыруға жұмысшы күші жетпейді деген сылтаумен Қазақстанға өзге республикалардан миллиондаған адамдардың қоныс аударып, аз уақыттың ішінде қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып шыға келді. Сөйтіп көптеген жерде қазақ тілінде білім беру мүмкін болмай, мектептер жабыла бастады. Сол тұста Қазақстан бойынша қазақ тілінде білім беретін 750-ден астам мектеп жабылып не орыс тілінде білім беретін мектептерге айналуы қазақ тілінің дамуын тоқтату үшін қасақана жасалған әрекет болды. Тіпті, Қазақстанның сол кездегі астанасы, миллионға жуық тұрғыны бар Алматы қаласының өзінде қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектептің болуы – Кеңес Одағының басқа республикасында болмаған нәрсе. Міне, осының зардабы Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналған 30 жылдың ішінде әлі сезіледі.
Анық бір құбылыс − 74 жылдан аса уақыт КСРО құрамында болып, кейін азат елге айналған, Ресейден басқа 14 елдің ішінде орыс тілінің ықпалы әлі күнге бізде ғана сезіледі. Бұл бір ғасырға жуық орыс тілінің айқын басымдығы астында өмір сүрген мемлекеттің қазірге дейін тіл мәселесінде «ары тарт та, бері тарт» күй кешуіне себеп болып отыр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық салада толық түрде қолданылуын талап етушілер мемлекеттік тілдің жағдайына алаңдайтындар деп санауға болады, өйткені олар – «Тіл бірлігі – ел бірлігі» деп түсінушілер. Ал керісінше, өздерін қазақ тілін білуге міндетті емес деп санайтындар қазақ тілінің Қазақстан Конституциясында көрсетілген мәртебесін мойындағысы келмейтіндер. Өзі туып-өскен және ғұмыр кешіп жатқан елдің тілін білмеу – қай тұрғыдан да ақтауға келмейтін әрекет. Бүгінде әлемде капиталистік жүйе үстемдік етіп тұрғанда социализмнің негізін салушы тұлғалардың сөздерін көпшілік қажет ете бермеуі мүмкін, бірақ «шындықтың аты – шындық» екенін мойындайтын болсақ, Карл Маркстің ««Өзі тұрып жатқан мемлекетінің тілін қонақ, есуас немесе сол елде өз тілінің үстемдігін орнатқан басқыншылар ғана білмеуі мүмкін» деген пікірінің нағыз аталы сөз екеніне қол қояр едік. Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толған кезде елдің мемлекеттік тілін білу, білмеу мәселесін әлі талқылаудан түспей келе жатқаны біздің қоғам үшін өте ұятты жағдай.
Қазақ тілі жайында айтсақ, ең алдымен ұлты қазақ азаматтары өздері үшін қазақ тілі − Мемлекеттік тіл ғана емес, ана тілі екенін ескеруі тиіс! Бірақ кезінде «орыс тілін білмесең күн көрмейсің» деп балаларын мақсатты түрде орысша оқытқан қазақтардың отбасынан шыққандар әлі күнге саналарына сіңіп қалған орысшыл тәрбиеден арылуға асығар емес. Бұл жағдай өзгелердің қазақ тілі туралы пікіріне жақсы аргумент болып отырғаны өкінішті. Себебі осындай – төлқұжатында ғана қазақ болып жүргендер өзгелердің «қазақтың өзіне керек емес тілдің өзгелерге не керегі бар?» деуіне мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсанда «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.
Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.
Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады» деуі бүгінгі күннің тұрғысынан айтылған ақиқат еді. Шынында, ең алдымен өзіміз қазақ тілінде сөйлемесек, өзгеден қазақ тілін қалай талап ете аламыз?
Екінші, өзге ұлт өкілдерінің арасында «Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ өмір сүруге болады» деген пікір бар. Әрине, дәл қазіргі жағдайда осы елде қазақ тілін білмей өмір сүруге болар, бірақ ол адамгершілік тұрғыдан қаншалықты қисынды? Тіпті, болашақта қазақтілді халық көбейгенде мемлекеттік тіл барлық салада кеңінен қолданылып, түрлі құжаттар тек мемлекеттік тілде жасалатын жағдайға жеткенде қалай өмір сүруге болады? Ол ешкімге жасалатын қысым емес, біртұтас қоғамдық бірлікке иек сүйеген мемлекеттің ішкі тәртібі саналады. Федерациялық мемлекет – Ресейдің өзіне «неге ел азаматтарының бәрі орыс тілінде сөйлеп, жаза білуге міндетті?» деп жатқан біреу жоқ қой. Сол сияқты Қытай мемлекетінің құрамында болса да жүздеген ұлт өз атамекенінде жасай тұра, өздеріне қытай тілін білуді міндеттейтін мемлекет саясатына қарсы шыға ала ма? Жоқ әрине! Сол үшін Қазақстанның көп- ұлтты емес, көп ұлттың диаспоралары мекендейтін ел екені жадымыздан шықпауы керек. Өйткені ел мемлекет құраушы қазақ ұлтының атымен аталады және бұнда өзгелерді кеміту жоқ, тек қана саяси тұрғыдан мойындалған шындық бар. Демек, діні мен нәсіліне, жынысына қарамастан тең құқықты Қазақстан азаматтары үшін мемлекеттік тілді білуі – парыз.
Жасыратын несі бар, еліміздегі тіл саясатын өз азаматтарымыздың арасында онша ұнатпайтындар табылады, сол сияқты көршіміз Ресейде біздегі тіл саясатын өзге ұлттарға қысым жасау құралы деп санайтындар бар. Мұндай әңгімеге жел беріп отыратындардың пиғылы белгілі: Қазақстандағы орыстілді қауымның (оның ішінде орыстілді қазақтар да бар) құқығын қорғағансып, қазақ тілінің үстемдік алуына жол бермеу. Бұл – сыпайылап айтқанда өзіңмен көрші әрі достық қарым-қатынас жасап отырған елдің ішкі ісіне араласу. Өкініштісі, солтүстіктегі көрші елдегі кейбір тұлғалар тарапынан осы бір жөнсіз әрекет жылдар бойы жалғасып келеді. Тіпті, біздің ел жазуын латын графикасына көшіру туралы шешім шығарғанда ресейлік кейбір БАҚ «қазақтардың кириллицадан шығып, латын әлеміне енуі – достыққа кір келтіретін әрекет» дегенге дейін барды. Бірақ ресейлік «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында тарихшы, тележурналист Николай Сванидзе радио жүргізушісінің Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу туралы сұрағына: «Қазақстанда латын қарпіне көшу туралы мәселенің көтерілгеніне біраз болды. Тек соны жүзеге асыруға енді кірісіп жатыр. Ал бұған көзқарасыңыз қалай десеңіз, бізге бұдан келіп-кетер пайда да, зиян да жоқ. Басты айтарым, мұның астарынан саяси астар көріп тұрғам жоқ. Бұл – саясат емес. Қазақстан мұны әдейі жасап отырған жоқ. Тіпті, олар сіз ойлағандай, біздің «бақшамызға» тас лақтырып отыр ма? Әрине, жоқ. Егер әдейі жүргізілген саясат болса, сонда ғана «Қазақстан бүйтіп жатыр, сөйтіп жатыр» деп ренжуге болады. Демек, бұл – саяси емес, прагматикалық шешім. Себебі қазір әлем латын алфавитінде жазады. Егер қазақ жастары өркениетке ұмтылып, ақпарат саласында табысқа қол жеткіземін десе, оларға кириллица емес, латынша жазып-оқыған тиімді. Латын – әлемге ашылған терезе. Латын – әлемді жақындата түседі. Бұрын Кеңес Одағы тұсында Қазақстан Ресей империясының бір бөлшегі ретінде кириллицаны таңдаса, қазір Қазақстан өзін әлемнің бір бөлшегі ретінде таниды. Шын мәнінде, олар не үшін мәдени тұрғыда маргиналдануы керек? Олардың ойынша, кириллица – мәдени маргиналдыққа ұшырау. Бүгінде дүниежүзі латынша жазып, латынша оқиды. Сондықтан Қазақстан үшін бұл дұрыс шешім», − деп жауап беруі әділ сөз еді. Расында, өзге елдің қандай графиканы қолдануына Ресейдің не қатысы бар? Әлде олар көрші елге мәдени экспанция жасағанды ұната ма? Қалай дегенде де, ресейліктердің біздің елдегі тіл мәселесіне шүйліге беруі – жөнсіз, саяси тұрғыдан қателік.
Жасыратын несі бар, билік орындарындағы көптеген қызметкердің қазақ тілін білмеуі салдарынан туындайтын қиындықтар аз емес. Сондықтан түрлі құжаттар әлі күнге дейін орыс тлінде жасалады. Тіпті қазақшасы бар деген күннің өзінде ол орыс тілінен калькалық аударма болып шығып, қазақтілділердің пайдалануына жарамай жатады. Сондай-ақ билік, бизнес өкілдері халықпен орыс тілінде тілдескенді құп көреді. Ол – жыл сайын көбейіп келе жатқан қазақтілді қауымның құқығын бұзу ғана емес, мәртебесі Конституциямен бекітілген мемлекеттік тілді қолдану құқығын бұзу. Міне, осындай жөнсіздіктер (көптеген салада, оның ішінде сауда, ойын-сауық орталықтарында, мемлекеттік кеңселерде т.б. жерлерде) себебінен қазақтілді азаматтар өз құқықтарын талап етіп, дау-жанжалдар болып жатады. Егер клиент мемлекеттік тілде сұраса, қызмет көрсетуші оған сол тілде жауап беріп, сұранысын орындауы керек, бар болғаны сол ғана. Кейде осындай келіспеушіліктерді бейнажазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желілер арқылы таратып жататындар бар. Әрине, оған көпшілік реакция білдіріп жатады, бірақ ол қоғамда дау тудыратын жағдайға жетпеуі керек. Десек те, сондай жағдайларды іліп алып, еліміздегі тіл мәселесін көтерушілерді жұртқа қысым жасаушылар ретінде айыптап шыға келетін ресейлік басылымдарға қарсы өз еліміздегі өзге ұлт өкілдері де үн қатуда.
Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, Семей қаласының тумасы, қазір елордада тұратын Яков Федоров деген азамат осы жылдың бесінші қазанында Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақ тіліне қатысты арнайы пост жазып, өзге ұлт өкілдерінің қатысумен мемлекеттік тіл мәселесін талқылаған бейнежазба жариялады. Онда ол былай дейді: «Соңғы кезде ресейлік БАҚ Қазақстандағы «тіл проблемасы» жайын белсенді түрде көтере бастады. Бір кезде бұл жайында жекелеген саясаткерлер айтқан кезде, оны біреулердің өз ақымақтығы дей салатын еді. Бірақ қазір біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамдарды шатастырып, «әлеуметтік желі сарбаздарының» жұртқа Қазақстанда орыстілді халықты құтқару қажет деген идеяны тықпалайтынын көреміз. Сондықтан азаматтық позициямды білдіру қажет деп есептеймін.
Рақмет, бірақ бізді құтқарудың қажеті жоқ. Қазақстанда туып-өскен әр адам ежелден қазақ мәдениетімен сусындаған. Тіпті, күнделікті өмірде орыс тілінде еркін сөйлей тұра, достармен бірге ұлттық мерекелерді атап өтеміз, біз қазақ тағамдарын жақсы көреміз. Барлығы қазақ тілінде кемінде жүздеген сөз біледі. Ал әлі де қазақ тілінде акцентпен сөйлеуге ұялатын немесе қазақтілді ортада сирек болатын адамдар туралы әңгіме басқа.
Бала кезімізден бірге өскен бауырларымызбен және достарымызбен қандай тілде сөйлесуіміз керек деген мәсе-ле – біздің еліміздің – Қазақстанның ішкі мәселесі. Біз мұнда өзімізді қонақ сияқты сезінбейміз, ал шын мәнінде тіл үйрену – өз Отаныңды құрметтеуден өзге ештеңе емес.
Бүгін біз тілді танымал ету үшін көп шаруа атқарып жүрген достарымызбен бас қостық. Мысалы, Марина Сахарова жаңалықтарды қазақ тілінде жүргізеді, Алексей Лодочников − домбыраны шебер ойнайды және қазақ тілін ТикТокта үйретеді, Аскер Пириев − қазақ мәдениеті мен тілін кез келген филологтан жақсы біледі, Марина Шаповалова тілді енді үйреніп жатыр және ол туралы өз тәжірибесін айтады.
Мұндай адамдар елде көп және бірігудің уақыты келді. Мен сенімдімін, біз біріксек қазақтілді азаматтар да қолдайды!
Сол үшін достарыммен кездесіп, «Менің елім – менің тілім» деген қозғалыс құру туралы шешім қабылдадық.
Мақсатымыз – айқын. Қазақстан азаматтарын мемлекеттік тіл төңірегінде топтастыру.
Өйткені тағы айтамын, тәуелсіз елімізде қандай да мәселені Қазақстан азаматтары ғана шешуі тиіс деп санаймыз.
«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген қазақта әдемі сөз бар. Біз – бір елміз, берік елміз, тәуелсіз мемлекетпіз. Сондықтан өз мәселемізді өзіміз ғана шешеміз!
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бастапқы кезеңде біз танымал әлеуметтік желілерде арналар құруды, танымал ана тілінде сөйлеушілермен онлайн сабақтар құруды, тіл үйрету әдістерін талқылау үшін пікірталас алаңдарын құруды, әртүрлі мотивациялық тапсырмаларды жүргізуді және т.б. жоспарлаймыз. Бірақ ең бастысы − біз жаңа идеялар мен жаңа адамдарға ашықпыз. Ең бастысы − біздің мақсатымыз бір, ал ниетіміз ашық және бейбіт». (Пост екі тілде жазылғандықтан біз автордың қазақ тілінде жазған сөйлемдерін курсивпен бердік. − А.Ө.)
Міне, біз бұдан еліміздегі өзге ұлт өкілдері жастарының да мемлекеттік тілге деген құрметін, қазақ тілін үйренудің мән-маңызын терең түсініп, оған адамгершілікпен қарайтынын көреміз.
Қазір БАҚ саласы арқылы халқымызға кең танымал болған Максим Рожин, Оксана Петерс, Оксана Лоскутова, Майя Веронская, Ирина Тен, Игорь Сахар секілді жастардың қазақ тілінде еркін сөйлейтіні және болашағын тек өздері туып-өскен қазақ елімен байланыстыратыны шын мәнінде Қазақстанда қазақ тілінің кең қолданысқа түсіп қана қоймай, оның рухани тұрғыдан мемлекетіміздің біртұтастығы үшін қызмет ететін үлкен күшке айналғанын көрсетеді. Бірақ бұл елімізде қазақ тілінің шын мәнінде халықты біріктіруші тілге айналғанын қаламайтындарға ұнамайтыны анық. «Таң атпайын дегенмен күн қоймайды» демекші, қазақ елінің болашағы қазақ тілінде екені күн өткен сайын байқалып, мойындалып келеді. Сондықтан өзге жұрттың біздің тілімізде жұмысы болмағаны дұрыс.
…Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру жолында талай кедергілер болғаны-ды. Сол кезде еліміздегі өзге ниеттегі шовинистерді былай қойғанда, өз ішімізден шыққан нигилистер «қазақ тілі – өлетін тіл, сондықтан ол тілдің қолданыс аясын кеңейтемін деу – бос сөз» деп шіренгенде өз қағынан жерігендер қуанған, ана тілі үшін жанын беруге даяр азаматтар күйінген шақ болатын. Сондай бір күнде қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаев:
«Ардағым-ай, бағың да ашылмады-ау,
Ашылмады-ау, дауың да басылмады-ау…
«Жырынды құрт!» дегенді естіп едік,
«Тіліңді құрт!» дегені – басынғаны-ау.
Кім ойлаған болар деп бұлай заман,
Тұнығыңды қай кәпір, ылайлаған?
Ел додаға түскенін көріп едік,
Сен додаға түсер деп кім ойлаған?! – деп зар төккен-ді. Бірақ бүгінде тіл тағдыры қалт-құлт еткен ол шақта енді өткеннің еншісінде. Дегенмен қауіп толық сейілді деуге әлі ерте. Сондықтан Мемлекеттік тілді дамыту үшін әлі тындырылуы тиіс қыруар шаруалар бар. Соның бастысы − қазақ тілінің мәртебесін қорғау, оны білуді жалпыхалықтық үдеріске айналдыру. Осы жолда тізе қосып, мақсатқа бірге жетуге бәріміз мүдделіміз.
P.S.
Елімізді негізінен жүзден астам ұлт өкілдері мекен етеді. Солардың көбі бүгінде қазақ тілін жетік меңгерген. Арасында халыққа танымал болып, түрлі салада табысқа жетіп жүргендері де аз емес. Тіпті, оларды өзге ұлт өкілі деуге ыңғайсызданасың. Дегенмен кейбіреулер үшін олардың «ұлты басқа» екені «маңызды» болғандықтан, біз олардың қазақ тілі жайында айтқан жүрекжарды лебіздерін бөлек беріп отырмыз. Қалай десек те, бұл қазақ тілінің мемлекетімізде ұлтаралық тілге айналып бара жатқанының көрінісі.
ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖАЙЫНДА
Максим Рожин, журналист:
− Әрине, жоғарыда отырған ағаларымызды сыйлаймыз. Олардың жұмыстарына, істеген істеріне, сыйластықпен қараймыз. Бірақ олардың қазақ тіліне келгенде неге осынша кейін кететіні түсініксіз. Олар Тәуелсіз Қазақстанның шенеуніктері болған соң қазақ тілінде жауап берсе ғой деп армандайсың. Тілші ретінде ондайларды қазақша сөйлетіп, үлгі еткің келеді. Керісінше, олар орыс тілінде жауап беріп жатқан соң, толық ақпарат алуға құлқың болмайды. Осындайда екеуара әңгіме де дұрыс өрбімейтіні бар. Қазақ шенеуніктерінің теледидардан орысша сөйлеп жатқанын көрсе өзгелер: «Әне, өздері сөйлемей тұрып, бізден талап етеді» демесіне кім кепіл? Біздің әрқайсымыз мен тіл үшін не істей алдым, кешегіден бүгін қалаймын, мемлекеттік тілді тік тұрып қолдау маған парыз деуіміз керек. Бұл арада өте көрегендіктің, ғаламат іс тындырудың қажеті жоқ. Өзің сөйле, намысыңды оят. «Мен осы елдің азаматымын. Ендеше, мен неге тілімді білмеуім керек» десең, жетіп жатыр. Елді сыйла, жерді сыйла. Татқан дәм, ішкен суыңды құрметте.
Марина Вольнова, спортшы:
− Достарымның дені қазақ балалары болды. Солармен тай-құлындай тебісіп, кішкентайымнан бірге өскесін қазақ тілі маған жат емес. Сондықтан оны үйрену де қиын болған жоқ. Қазақстанда тұратындықтан ұлтына қарамастан бәрі де қазақ тілін білуі керек деп санаймын, себебі, қазақ тілі мемлекеттік тіл ғой. Сол себепті қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңырқаудың қажеті шамалы.
Ирина Тен, тележүргізуші:
– Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Ал қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде айтар болсақ, мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды.
Ольга Спирина, тележүргізуші:
− Өзге мемлекеттерде мемлекеттік тіл мәселесі деген мүлдем жоқ. Ал бізде мемлекеттік тіл әлі де өзекті мәселе болып тұр. Десек те, қазір жағдай біршама өзгерген сыңайлы. Телеарналар мен радиоларда қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейіп келеді. Ісқағаздарды да мемлекеттік тілге көшіруде. Өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқанына да куәмін.
Геннадий Шиповских, парламент мәжілісінің депутаты:
− Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте немесе өңірлерге барғанда кейбір мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде сөйлеген кезде «ақсап» жатады. Тіпті, «қараны – қара, ақты – ақ» деп қазақ тілінде түсіндіріп те бере алмайды. Бұл, халық арасында теріс көзқарас қалыптастырады. Меніңше, осыған да мән беруіміз керек. Мәселен, «Таңшолпан» бағдарламасының тілшілері еліміздегі бір министрлікке хабарласып, қазақ тілінде спикер сұраса мемлекеттік тілде сөйлеп бере алатын спикерлерінің жоқ екендігін айтыпты. Осындай үлкен министрлікте қазақша түсіндіріп бере алатын маманның жоқтығына таңғаламын.