23.11.2024

Жоғары білімге мән беру керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында Қазақстан­да дамудың жаңа кезеңі басталғанын айтты. Да­мудың жаңа кезеңі ел экономикасы мен әлеуе­тін көтеруден басталатыны заңды ғой. Дегенмен барлық бағытта мемлекетті дамыта­тын жаңа кезеңнің жаңа тұлғаларын дайын­дайтын білім беру саласына айрықша мән бер­ген жөн. Мұны Президенттің өзі «Жаңа эконо­мика құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды» деп атап өтті.

Жоғары оқу орындары шетелдік оқу орындарымен бәсекеге қабілетті болуы қажет. Бұл ретте отандық жоғары оқу орындары шетелдік университеттермен халықаралық байланысты күшейтуі керек. Бірақ осындай жұмыстар қағаз бетінде, жоспар жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жоғары нәтижеде іске асырылғаны абзал.

Президент тапсырмасына ойыссақ, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру ондағы оқытушылық құрамның сапасын арттыруға тікелей байланысты. Өйткені мықты кадрлармен ғана кез келген мекеменің қадірі артады. Қазір әр университет өзіндік ішкі тәртібіне қарай жұмыс істейді ғой, сондықтан әр жоғары оқу орнының оқытушылық құрамға, олардың біліктілігін арттыруға деген көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін.

Бізге университет оқытушыларының кемі екі немесе үш жылда бір рет халықаралық деңгейде, шетелдік университеттерде білімін жетілдіруін, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысуын міндет­тейтін жүйе керек секілді. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орнының қандай да бір мәртебесіне, қай ведомствоға бағынышты екеніне қарамастан бірдей міндет болғаны дұрыс. Себебі елімізде мемлекеттік, жекеменшік, өңір­лік, ұлттық, халықаралық университеттермен қатар дәрігер­лерді, әскери қызметкерлерді, өнер адамдарын даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Барлығында кадрдың кәсі­би­лігіне деген жауапкершілік біркелкі болғаны жөн-ақ.

Жақында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары саласын реформалау керек екенін айтты. Негізі өзгеріс, жүйелеу сол салаға маман даярлаудан бас­талуы қажет. Сол секілді білікті дәрігерлердің де қанша­лықты сұраныста екенін пандемия анық көрсетті. Ал кей­бір өңірлерге мықты мұғалімдер жетіспей жатқанын Пре­зиденттің өзі айтты. Түптеп келгенде барлық салаға кәсі­би кадр керек. Кәсіби кадрды маман даярлайтын оқу орындары қалыптастырады. Ал маманды оқы­тып, даярлап шығаратын оқытушының өзі білікті болуға тиіс.

Венера МУСИНА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды
университетінің аға оқытушысы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА