23.11.2024

Математикалық айтыс = дәлелсіз сөз сапыру емес

19 қаңтар күні Abai.kz ақпараттық порталында ардагер ұстаз Ордалы Қосай мырзаның академик Асқар Жұмаділдаевқа жазған «Математик – математикке!» атты үшбу хаты KAZBILIM сайтымызда жарияланған еді. Бүгін  академик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев мырзаның Abai.kz редакциясына арнайы жолдаған жауап хатын оқырман назарына ұсынамыз.


Құрметті Ордалы Қосай мырза!

«Математик – математикке» деген мақалаңыз бір студентімнің смартфонына түсіпті.

Өкінішке орай хатыңыз тым ұзақ екен, оған жауап жазбақ түгілі, оқуға шамам жоқ.

Сабақ басталып жатыр, сабақ жоспары, онлайн лекция дайындау, толып жатқан керек емес қағаздар, ол жағын сабақ берген өзіңіз меннен жақсы білесіз. Одан да басқа толып жатқан шаруаларым бар. Студентімнен не шу деп сұрап едім, бір «прикольный» ата «технократ қазақ керек емес» деп қодыраңдап жатыр екен деді. Бота енесін көргенде емшек іздеп қодыраңдайды, атан түйе несімен қодыраңдайды? Атаңа анайы сөз айтпа, ұят болады, жөндеп оқып маған қысқаша мазмұнын айт деп тапсырма бердім. Сөйтсем жүгермек атамызға дәл сыпаттама берген екен. Ақыл жастан деген сөз осындайдан қалған ба деп таң қалдым.

Әр кәлләда бір қиял демекші, сіздің қиялыңызға құрметпен қараймын. Өзгеде өзге қиял болу хұқына сіз де құрметпен қарар деген үмітім бар.

Осымен кіріспе бітсін. Көп сөз бос сөз демеуші ме еді? Қазақстан математика мұғалімдері қоғамы жыл сайын мұғалімдер конкурсын өткізеді. Конкурстың қазақша аты – математикалық айтыс. Айтысқа қатысу ниетіңіз бар екен. Құптарлық жайт.  Хатыңыздың соңы былай аяқталады екен.

«Айтысамын десең өзің біл, бірақ енді аямаймын. Барлық ұстаздар бірдей, бүгін ұрысып алса, ертесіне маңдайыңнан сипайды. Мен де солардың бірімін».

«Астапралла» күпіршілік қылмаңыз. Барлық ұстаз бірдей емес. Ұстаздың ұрысқақтығы білігі төмендігінен, білімі таяздығынан. Студент кезімде аздап каратемен айналысқан едім. Сато-сан дейтін қара белбеу ұстазым ең дұрыс кумите болмаған шайқас, сондықтан лажы болғанша шайқасты болдырма деп айтатын. Алайда әріптесің сөз ұқпаса, жұдырықты бірінші сілтесе, оған дәл солай жауап беру міндетің деген сөзі есімде қалыпты.

Мағынасыз айтысқа менің уақытым жоқ. Айтыс ережесін түсіндіре кетейін. Алдымен математикалық конкурсқа қатысуыңыз керек. Оның бірнеше сатылары бар, содан өтіп,  менің оқушыларымның бірін жеңуіңіз керек. Өткен жылы бұл конкурс сегізінші рет өтті. Конкурс мұғалімдердің зор қызығушылығын туғызды. Конкурсқа қателеспесем жарты мыңдай өтініш түсіп, жүздейі финалға шықты. Қатысушылар арасында жасы да бар, кәрісі де бар, бәрі болмайтын сөзден шаршадық, өтіріктен шаршадық, бос пәлсәпадан  шаршадық, есеп шығарайықшы, ғылым талқылайықшы, оқу мәселерін талқылайықшы, жас ұлтқа пайдалы нәрселерді талқылайықшы деген өтініш айтты. Сіздің хатыңыздың сарынына қарап осы мәселелер сізді де толғандыратын сықылды көрінді. Аманшылық болса жыл аяғында тоғызыншы рет өтер. Соған қатысыңыз. Сөз ұйқаса ма, ұйқаспай ма онда тұрған ештеңе жоқ. Біз сөз құдіретін мойындаймыз. Бірақ математиктер сөздің ғана емес, іс құдіретін де мойындайды. Іс нәтижесіне қарай әңгімеміз ары қарай жалғасар.

Төменде нолінші саты – тісбасар (закуска) есептерін жіберіп отырмын. Вариант есептердің  не екенін сізге түсіндірудің қажеті болмас. Бес варианттың біреуі, тіпті екі-үшеуі дұрыс болуы мүмкін. Егер ешқайсысы дұрыс болмаса өз вариантыңызды қосарсыз. Есептер «сәлемі қалай болса,  әлейі де солай болады» дейтін формуламен құрастырылған. Сіздің сөзіңізде қандай мағына болса, бұл есептерде де сондай мағына бар. Жауап нұсқалары студентім жинап берген цитаталардан алынған. Сондықтан ренжімессіз. Өзіңізді математикпін деп атапсыз. Менде күмән бар. Математикада дәлел дейтін ұғым бар. Дәлелсіз сөз сапыруда мағына жоқ. Олай болса математик екеніңізді дәлелдеңіз. Жетінші есеп жетінші сынып деңгейіндегі балаларға, сегізінші есеп сегізінші сынып деңгейіндегі балаларға берілетін есептер. Сол есептерді шығарсаңыз күмән сейіледі. Ары қарай сөйлеуге себеп шығады. Мерзім  – бір апта. Іске сәт!

Құрметпен, Асқар Жұмаділдаев

20.01.2022


Тісбасарға тоғыз есеп

1) Асан бір кітап оқыды. Үсен он кітап оқыды. Қайсысының рухани байлығы күшейді? Күшейсе, неше есе күшейді?

a) Үсеннің рухани байлығы он есе күшейді;

b) Ештеңе күшейген жоқ;

c) Әңгіме жәй кітап оқуда емес, қандай кітап оқығандығыңда;

d) Әңгіме қандай кітап оқығаныңда емес, оны қалай қорытқандығыңда;

e) «Рухани жаңғыру» деп күніне он рет қайталасап тұрсаң,  рухани байлығың күніне он рет күшейеді. (Онда жарылып кетпей қалай жүрміз осы?)

2) Сіздің мақалаңыз компьютермен терілді. Сонда қай программа қолданылды?

a) Exel;

b) Word ;

c) Fortran;

d) Pascal;

e) Эксельбай.

3) Сол программаны ойлап тапқан адам кім?

a) Өтеген сері;

b) Билл Гейтс;

c) Стив Джобс;

d) Илон Маск;

e) Құдабай би.

4) Билл Гейтс не істерін білмей ерігіп жүр екен дейді. Қазақстан қонақжай халық дегенді естіп, соның ішінде Ордалы Қосай деген кісі жайлы естіп, сол кісіге қонаққа бармақ болыпты. Бірақ Орекеңнің (Қосекеңнің?) аты қайсы , фамилиясы қайсы екенін біле алмай дал болыпты. Оның үстіне Орекеңнің өзін білмейтінін естіп, қатты қапа болыпты. «Қап, мені Орекең қабылдамайтын болды-ау, енді не істеймін» деп қатты қайғырыпты. Бұл нені білдіреді?

a) Орекеңе қонаққа барсам деп мың адам кезекте тұр;

b) Мыңың не, миллион адам кезекте тұр;

c) Қазақ құдасына ғана қонақжай;

d) Билл Гейтс Орекеңнің құдасы емес;

e) Қазаққа Шыңғыс хан ғана керек, басқа ешкім керек емес.

5) Теңге алғаш рет енгенде доллар 1.7 теңге тұратын. Қазір доллар 450 теңгеге барды. Девальвацияға түскен тек қана теңге емес. Сөз де девальвацияға түсті. Бұған кім кінәлі?

a) Жастарды ақыл айтумен мезі қылған, сөзі өз немересіне өтпейтін шалдар;

b) «Ninety one» ды тыңдайтын жастар;

c) Шалдардың сөзін тыңдайтын, бірақ сөзін емес, қылығын қайталайтын жастар;

d) Туфли жалағыштар, сөз сапырғыштар мен екі жүзділер;

e) технократтар.

6) Кеше ғана өткен көтеріліс Жанаөзенде газ қымбаттауынан басталды. Газдың дефициті болмау үшін не істеу керек?

a) «Рухани әлемнен айрылған адам – адам емес, биоробот!» деп күніне 10 рет айту керек;

b) Заманауи газ заводын салу керек;

с) Инженерлік мамандық игеру керек;

d) Халықтың қиын жағдайы жайлы 10 поэма жазу керек.

e) «Технократтық сананың түпкі мақсаты-тән рахаты, ашкөздік, тойымсыздық және жарнама» деген сөзді жаттап алу керек. Сонда мүйіз шығады және газ қымбаттамайды.

7) x^4+x^3+x^2+x+1=y^2 теңдеуінің неше бүтін шешімі бар?

a) 1 шешімі бар;

b) 2 шешімі бар;

c) Ұлттық Сана – тарихи сана арқылы қалыптасады. Ұлттық Сана, ұлттық мүдде – болмаса ұлт ыдырайды, жойылады. Сондықтан теңдеу жайлы әңгіме айтып керегі жоқ, рух жайлы ғана сөз қозғау керек

d) Математиканы да, физиканы да, кез-келген ғылым саласын меңгеру қазақ баласы үшін қиын емес. Сондықтан бұл есептің шешімі шексіз көп;

e) Адам болып қалу, қазақ болып қалу аса қиын. Қазіргі жаһандану заманын рухани болмысыңда сақтап қалу өте ауыр. Рухани болмысқа қатысы болмағандықтан  бұл есептің шешімі жоқ.

8) Бүтін санды қайталап жазғанда шығатын сан санның көлеңкесі деп аталады. Мысалы, 125 санының көлеңкесі 125125. Көлеңкесі толық квадрат болатын сан бар ма? Бар болса нешеу? Біреу ме? Екеу ме? Шексіз бе, әлде біреуі де жоқ па?

a) «Жаппай ұлттық рух оянып, сезінбеген жұрт жекелеген жетістікті жоққа шығарады да тұрады.» Сондықтан бұндай сандар жоқ.

b) «Технократтықтың бүгінгі жетістігі – басқыншылықтың ең соңғы, жаппай қырып жоятын «СОИ» жүйесі және «ЖИ». Сондықтан адамзатты құрдымға апарар жол деуге әбден негіз бар.»

Ореке кергімеңіз! Есепті шығарыңыз.

c) «Математиктердің алды да, арты да сен емессің.» Ойбай, сізге жету қайда?

Дегенмен, тақырыптан бұлтақтамай есептің шешімін тапқаныңыз жөн болады.

d) «Әлде мәңгүрттеніп жатқан жұртқа жағынып, жақсы атты көріну есебің бар ма?» Орекеңдей қазақтың «қорғаншысы» тұрғанда бізге мәңгүрттену қайда?Бұл есепті менің сегізінші сыныпта оқитын балам шығарды, мен шығара алмай ұятқа қалып тұрмын. Үміт сізде ғана.

e) «Смартфон жасаған екі Биллді кім таниды? Ешкім де!» Смартфонды жасаған Стив деген кісіні жұрт біледі. Компьютердің құдайы санатында жататын Орекеңнен өзге жұрттың бәрі білетін Билл деген бір кісі бар. Алайда, смартфон жасаған екі Биллды Борат деген кісіден өзге ешкім танымайды. «Ондайың болса, «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», депті бұрынғы қазақ.»

Қазекең не айтпаған? «Ақымақпен ақымақ болма» деген де сөзі болушы еді.

Арамызда жүрген Бораттың ағасын танымаған өзім нағыз ақымақ екенмін.

9) Алаш зиялыларының тірі жапонды көргені көрмегені белгісіз. Бірақ жапоннан қазаққа үлгі аларлық пайдалы жерлері көп екенін айтқан. Ахаңның болу керек «қазақтың бір шөкім жүнінен жамылатын шекпен тігілсін, қазақ жерінен шыққан бір темір шекпеннің түймесі боп қадалсын» деген қанатты сөзі бар. Ол кезде компьютер де жоқ, интернет те жоқ. Ахаң бұл сөздерді не үйренсін деп айтқан? Бұл сөздің бүгінгі мағынасы не?

a) Сумо күресін үйренсін деп;

b) Хоку өлең жазу әдісін үйренсін деп;

c) Рухани байлықты технологиямен ұштастыру өнерін үйренсін деп;

d) Орекеңнің шатпағына тамызық болсын деп;

e) Жапония сықылды өз-өзін қамтып күн көре алатын ел болсын деп айтқан.

 

abai.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

7 COMMENTS

  1. Асқар қыртып кетті. Оған бір ақ жауап бар. Руханият – ол тәрбие.Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың апатқа апарады. Қазір АҚШ пен Ресей бір – біріне ядролық қару қолданғаны жатыр. Егер қолданса технократиялық қоғамының күлі көкке ұшпақ түгілі жер бетінде тіршілік тоқтайды. Ал не болды ғылымды дамытты дамытты. Ақыры осыған әкелді. Ал енді руханиятты дамытсақ онда оған тоқтау болады. Ядролық қаруға Руханият тосқауыл болады. Технология- ол қару. Мәселе саған екі таңдау берілді. Бірі Қаруды дамыту керек. Екіншісі сол қаруды пайдаланушы Адамды өзгертіп жасампаз қылу керек. Яғни мейірімді қылу керек. Қайсысы Адамзат үшін пайдалы. Әрине Руханият пайдалы.. Ал бабаларымыздың ұстанған жолы, сал – дәстүрі бәрі рухаият.

  2. Асекең, теманы вообще түсінбепті, одан ешкім есеп сұраған жоқ қой)

  3. Айтыс елге түсінікті тілде болу керек. Ал Асқар қазақты шәкірттеріне берген есеп тілінде сөйлесуге көшірмек пе? Әлде Ордалының мақаласын оқуға уақыты не көңілі жоқ ғалымға оқып, қысқаша мазмұндап берген шәкірті жазды ма екен? Қысқасы, бұл салиқалы жауап емес, сандырақ сияқты.

  4. Хатты өзі оқымай, жауап жазылғаны қызық екен… Хатты оқыған әр адамның қабылдауы әртүрлі ғой. Егер қазақтың болашағына жаны ауырады деген азаматтар бірін бірі жат біреуге теңеп жатса, жақсы болған екен…

  5. Керемет креатив! Тұрсынбек Қабатов жолда қалды! Әжуагерге сәлем айтың!!!
    Пәні – математика, жанры – Асқар+әжуа. Айтыс жауабында әжуа, таным, логика бар. Түгелдей біртұтас бір жанрды шығарыпты. Айтыстың кереметі де – осы!Талант қай жерде де талант қой.
    Осы есептерімен-ақ мақала жазбай Математик ағаға жауап беріпті. Оны көпшілік түсінбей, Асекең хатты ұқпапты депті.
    Асекең ондай құлаш-құлаш нәрсені оқымайды ғой. Шынын айтайын мен де жазғышпын, бірақ оқуға жүрегім айныды.
    Бүгін уақытты сонша өлтіруге бола ма?!
    Ағамыз да, руханиятты жоғары қоюды айтқан ғой, дұрыс. Бірақ көп сөз – кәк сөз ғой, сөздің қадырын кетіреді.
    Екеі математикке де аман болсын дейік. Туындыгерліктері арта берсінр – шәкірттері рухтың да, технократиялық сананың да қадырын білсін! Әумин!

  6. Асқар үлкенді сыйлаудан қалған. Арасына дұрыстап жауап беру керек еді. Жұлдыз ауруымен асырған ба?

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА