Барлық білім беру ұйымы «бұлтты бухгалтерияға» көшуі тиіс. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты.
«Оқушы орындары санын ұлғайту үшін 2022 жылы 200 мектеп құрылысы жоспарланған. Механизмі ретінде бюджеттен нысаналы құрылыс, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы, сондай-ақ жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру көзделген.
Құрылыс жұмыстары әкімдіктердің құзырында заңды түрде жүргізіледі. Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында барлық білім беру ұйымы «бұлтты бухгалтерияға» көшуі тиіс», – деді Бибігүл Асылова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар ол балалардың құқығын қамтамасыз ету бағытында қабылданған мемлекеттік шаралардың нәтижесінде еліміздегі балалар үйі тәрбиеленушілерінің 81 пайызы отбасыда өмір сүру құқығына ие болғанын айтты. «Балалар үйінің саны 30-ға дейін қысқарды. 2021 жылы тағы 2 балалар үйі, қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға бағытталған 1 орталық, 1 бөбектер үйі жабылды. Бүгінде жетім балаларға арналған ұйымдарда 4 мыңға жуық тәрбиеленуші тұрады. Біз жайлы жағдай жасауды бақылау үшін де, сондай-ақ балалардың отбасында тәрбиеленуі үшін де жұмысты жалғастыратын боламыз», – деді вице-министр.