22.11.2024

Кітапты өзіміз оқымасақ, баламыз оқи ма?

Әр мәселені тудыратын бір себеп бар. Соны тапқанда ғана мә­селені шешуге болады. Әйтпесе се­бебін білмей, салдарымен күрес­кен­нен ештеңе өнбейді. Мысалы, сен тұр­ған жерге биіктен ағып келіп жат­қан суды төменде тұрып қалай ір­ке­сің? Оны тоқтату үшін жоғарыдан бө­геу қажет немесе судың арнасын өз­ге жаққа бұрып жіберу керек. Осын­дай­ға көбіміз жете мән бермегендіктен мә­с­елені шешуге қауқарсыз боламыз.

Жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – адамзат қоғамының барлық ке­зеңіндегі басты мәселенің бірі болып кел­ген және бұл үдеріс мәңгілікке дейін жал­ғаса берері хақ. Өйткені адам баласы өт­ке­нінен сабақ алып бүгінімен ғана өмір сүр­мейді, болашақты да ойлайды. Ал бола­шақтың негізі бүгіннен қалануы тиіс.
Адамды физикалық жақтан дамыту үшін тән азығы керек болса, санасын же­тіл­діру үшін жан азығы қажет. Тән азығы – дұрыс тамақтану, белсенді дене қимылы, ден­саулыққа зиян келтіретін заттардан ау­лақ болу десек, жан азығы – өнер мен білім­нің қажеттігін түсіну және игеру, со­дан рухани ләззат алу. Жан-жақты жетіл­ген адам болу үшін бұл екеуі теңдей қажет. Де­генмен көп жағдайда адам баласы ал­ғаш­қысының қажеттігін түсінгенімен, кейін­гісіне мән бере бермейді.
Сөз жоқ, адамды кішкентай кезінен тәрбиелейтін оның ата-анасы. Со­лар­дың тәрбиесі көп жағдайда баланың бо­лашағына әсер етеді. Ата-ана балаға тәр­бие беріп қана қоймайды, өзінің ісімен, жүріс-тұрысымен, қызығушылығымен ба­лаға өнеге көрсетеді. Сондықтан ««Ба­лаңыз­ды тәрбиелеп әуре болмаңыз, ол бәрі­бір өзіңізге тартады» деген сөзде үлкен шын­дық бар. Сондай-ақ көбіне өзіміз ұстан­баған не қызықпаған нәрселерді ба­ла­мыз­дан талап етіп қателікке ұрынамыз.
Қазіргі дәуірде ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан кемшілік көп, соның бірі – баланың терең білімге қызықпауы. Ал білімнің қайнары – кітапта. Бір сәт ай­налаға, өзімізге қарайықшы, өзіміз кітап оқи­мыз ба, өзгелер оқып жатыр ма? «Мүл­де жоқ» дей алмаймыз және солай деп те ай­та алмаймыз. Кітап оқитындар бар, бірақ аз. Ендеше балаларымыздың кітап­пен дос болмауына себеп көп.
Қазір интернеттің қатты дамыған заманы, керек нәрсеміздің бәрін смартфон арқылы табатын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бала түгілі өзіміз смарт­фон­ға көп үңілеміз. Неге? Өйткені өрке­ниет жетістігіне ілесеміз деп көп нәрсені назардан тыс қалдырдық. Өзіміз оқып із­деніп, білгендерімізді балаларымызға ай­тып, оларды соған қызықтыруға мән бер­­мейміз. Ұрпағымызға көңіл бөліп, олар­дың нені білмейтінін, неге қызыға­ты­нын тексере бермейміз.
Әрине, бүгінгі заман жылдамдықты, оңтайлылықты қажет етеді. Уақы­тымызды үнемдегіміз келеді. Бірақ сол үнемделген уақыттың бәрі кәдемізге асып, пайдасы тиіп жатыр ма?
Өркениет дамыған сайын бұрынғы құралдар ескіріп, жаңаларын тұтыну күшейе түсетіні белгілі. Бірақ ес­кірді деп санайтын құралдарымыздың ішін­де маңызы жойылмаған, тіпті жойыл­майтындары болатыны естен шықпауы керек. Мәселен, кітап. Физикалық тұрғы­дан да, рухани тұрғыдан да кітаптың адам­ға пайдалы екені сан рет айтылған. Бү­гінде кітапты электронды форматта ком­пьютерден, смартфондардан оқуға бола­ды. Бірақ кітапты қолыңа ұстап, оның зат­тық тұрғыда бар нәрсе екенін сезінудің әсері ерекше. Смартфондар электр тогына, интернетке тәуелді және оған көп үңілу көзге салмақ түсірсе, қағазға басылып шық­қан кітапты оқу үшін арнайы құрлы­ғы­ның да, күндіз электр тогының да қаже­ті жоқ. Интернет пен электр тогы жоқ жер­де де кітап оқи беруге болады. Міне, осы­ларды ескере отырып, бір сәт кітап оқу­ға уақыт бөлсек, оның пайдасын бала­лары­мызға ұғындыра жүрсек, біз оқыған кі­таптарды балаларымыз да оқуы бек мүм­кін.
Кітап оқымағандарды қай кезде де кітап оқығандар билейтіні белгілі. Өйткені күллі ғылым мен техниканы кітап оқып білім игергендер жасайды. Мұны өзіміз білсек, мән берсек ұрпағымыз да одан шет қалмайтыны анық.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
“turkystan” gazeti

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА