Әр мәселені тудыратын бір себеп бар. Соны тапқанда ғана мәселені шешуге болады. Әйтпесе себебін білмей, салдарымен күрескеннен ештеңе өнбейді. Мысалы, сен тұрған жерге биіктен ағып келіп жатқан суды төменде тұрып қалай іркесің? Оны тоқтату үшін жоғарыдан бөгеу қажет немесе судың арнасын өзге жаққа бұрып жіберу керек. Осындайға көбіміз жете мән бермегендіктен мәселені шешуге қауқарсыз боламыз.
Жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – адамзат қоғамының барлық кезеңіндегі басты мәселенің бірі болып келген және бұл үдеріс мәңгілікке дейін жалғаса берері хақ. Өйткені адам баласы өткенінен сабақ алып бүгінімен ғана өмір сүрмейді, болашақты да ойлайды. Ал болашақтың негізі бүгіннен қалануы тиіс.
Адамды физикалық жақтан дамыту үшін тән азығы керек болса, санасын жетілдіру үшін жан азығы қажет. Тән азығы – дұрыс тамақтану, белсенді дене қимылы, денсаулыққа зиян келтіретін заттардан аулақ болу десек, жан азығы – өнер мен білімнің қажеттігін түсіну және игеру, содан рухани ләззат алу. Жан-жақты жетілген адам болу үшін бұл екеуі теңдей қажет. Дегенмен көп жағдайда адам баласы алғашқысының қажеттігін түсінгенімен, кейінгісіне мән бере бермейді.
Сөз жоқ, адамды кішкентай кезінен тәрбиелейтін оның ата-анасы. Солардың тәрбиесі көп жағдайда баланың болашағына әсер етеді. Ата-ана балаға тәрбие беріп қана қоймайды, өзінің ісімен, жүріс-тұрысымен, қызығушылығымен балаға өнеге көрсетеді. Сондықтан ««Балаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз, ол бәрібір өзіңізге тартады» деген сөзде үлкен шындық бар. Сондай-ақ көбіне өзіміз ұстанбаған не қызықпаған нәрселерді баламыздан талап етіп қателікке ұрынамыз.
Қазіргі дәуірде ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан кемшілік көп, соның бірі – баланың терең білімге қызықпауы. Ал білімнің қайнары – кітапта. Бір сәт айналаға, өзімізге қарайықшы, өзіміз кітап оқимыз ба, өзгелер оқып жатыр ма? «Мүлде жоқ» дей алмаймыз және солай деп те айта алмаймыз. Кітап оқитындар бар, бірақ аз. Ендеше балаларымыздың кітаппен дос болмауына себеп көп.
Қазір интернеттің қатты дамыған заманы, керек нәрсеміздің бәрін смартфон арқылы табатын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бала түгілі өзіміз смартфонға көп үңілеміз. Неге? Өйткені өркениет жетістігіне ілесеміз деп көп нәрсені назардан тыс қалдырдық. Өзіміз оқып ізденіп, білгендерімізді балаларымызға айтып, оларды соған қызықтыруға мән бермейміз. Ұрпағымызға көңіл бөліп, олардың нені білмейтінін, неге қызығатынын тексере бермейміз.
Әрине, бүгінгі заман жылдамдықты, оңтайлылықты қажет етеді. Уақытымызды үнемдегіміз келеді. Бірақ сол үнемделген уақыттың бәрі кәдемізге асып, пайдасы тиіп жатыр ма?
Өркениет дамыған сайын бұрынғы құралдар ескіріп, жаңаларын тұтыну күшейе түсетіні белгілі. Бірақ ескірді деп санайтын құралдарымыздың ішінде маңызы жойылмаған, тіпті жойылмайтындары болатыны естен шықпауы керек. Мәселен, кітап. Физикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да кітаптың адамға пайдалы екені сан рет айтылған. Бүгінде кітапты электронды форматта компьютерден, смартфондардан оқуға болады. Бірақ кітапты қолыңа ұстап, оның заттық тұрғыда бар нәрсе екенін сезінудің әсері ерекше. Смартфондар электр тогына, интернетке тәуелді және оған көп үңілу көзге салмақ түсірсе, қағазға басылып шыққан кітапты оқу үшін арнайы құрлығының да, күндіз электр тогының да қажеті жоқ. Интернет пен электр тогы жоқ жерде де кітап оқи беруге болады. Міне, осыларды ескере отырып, бір сәт кітап оқуға уақыт бөлсек, оның пайдасын балаларымызға ұғындыра жүрсек, біз оқыған кітаптарды балаларымыз да оқуы бек мүмкін.
Кітап оқымағандарды қай кезде де кітап оқығандар билейтіні белгілі. Өйткені күллі ғылым мен техниканы кітап оқып білім игергендер жасайды. Мұны өзіміз білсек, мән берсек ұрпағымыз да одан шет қалмайтыны анық.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
“turkystan” gazeti