Бұқар жырау ауданында апатты мектептің орнына 150 оқушыға арналған жаңа мектеп салу жоспарланған. Ал жұмыс істеп тұрған оқу орындарында орын жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін оларға қосымша ғимарат салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бұқар жырау ауданының әкімі Сержан Аймақов мәлім етті.
«Гагарин ауылында бейімделген екі қабатты үй-жайда Талғат Бигелдинов атындағы жалпы орта мектеп жұмыс істейді. Бұл – 120 орынға арналған бұрынғы балабақшаның типтік ғимараты. Оған Садовый ауылынан оқушылар жеткізіледі. Өткен жылы мектеп ғимаратына екі қабатты жапсарлас құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта оның құрылысына бюджеттік өтінім берілді», – деді Сержан Аймақов.
Сондай-ақ, бес мектепте (Токарев, Елтай, Нұра, Көкпекті, Үштөбе) спорт, акт залдары, асхана және оқу кабинеттері түріндегі қосымша орын қажет.
Оларда оқушылардың саны жобалық қуаттан асып түседі.
«Бүгінгі күні біздің ауданда апатты жағдайға дейін ғимараттың тозуының бір жағдайы анықталды. Бұл Новостройка ауылындағы С.Т. Елгезеков атындағы жалпы білім беретін мектеп. Мәселені шешу үшін 150 орындық жаңа мектеп салу қажет. Жер телімі рәсімделді, мектеп құрылысы 2023 жылға жоспарланған», – деп атап өтті спикер.
Ауданда сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
Жаппай оқыту қоры есебінен 736 оқушыға материалдық көмек көрсетілді.
Кеңсе тауарлары, спорттық киім және аяқ киім сатып алынды.
Жаңа жылға аз қамтылған отбасылардың 70 оқушысына киім сатып алуға 20 мың теңгеге жаңажылдық сыйлық пен сертификат сыйға тартылды.