Ұшқыш болуды армандамайтын бала жоқ шығар. Ал шын мәнінде, жас ұрпақты ұшақ тізгіндеуді ерте бастан үйрету мен авиацияның қыр-сырына қанықтыру – үлкендердің міндеті. Осы істі талдықорғандық Сергей Чернышов деген азамат анық түсініп, оқушылар үшін арнайы үйірме бастапты. Жақында оның «Жас ұшқыш» мектебі есігін айқара ашты. Әрі бұл үйірме талдықорғандық жасөспірімдерге Балалар жылы аясында жасалған ерекше тарту болып отыр.
Осылайша, Талдықорғандағы Оқушылар сарайында «Жас ұшқыш» мектебі жұмысын бастады. Бұл қуанышты жаңалық Балаларды қорғау күні мерекесіне орайластырылды. Енді бұл қосымша білім беру ұйымында 160 бала авиация саласының алғашқы әліппесі туралы дәріс алатын болады. Ал мектептің ашылу рәсіміне облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысып, оқушыларымен кездесті. Оқушылар сарайындағы арнайы жасақталған кабинеттің материалдық базасымен танысқан Қанат Бозымбаев балаларды мерекелерімен құттықтап, тілегін жеткізді.
– Күні ертең біреуің ұшқыш, бірің стюардесса, енді бірің борт механигі болып, болашақ өмірлеріңді авиациямен байланыстыруларың мүмкін. Бұл мектеп сол арман-мақсаттарыңа жол көрсетеді. Болашақта облыс аумағында авиациялық колледж ашылады, елімізде азаматтық авиация академиясы, әскери училищелер бар. Осы мектептен қанаттанып шығып, білімдеріңді сол оқу орындарында жалғастыруларыңа болады. Осы мектепте жақсы оқып, дұрыс білім алып, Талдықорғанның атын шығарып, үлкен дәрежеге жетесіңдер деп сенемін, – деді Қ.Бозымбаев.
Айтпақшы, осы шағын іс-шараға Азаматтық авиация академиясының проректоры Алжапар Сәретбаев та арнайы келген екен. Ол кісі жеткіншектерге Айдын Айымбетовтей азамат болуларына тілектестік білдірді. Жалпы, мұндай мектеп бұған дейін тек Ақтөбе класында ғана жұмыс істеп келген екен. Талдықорғандағы бұл үйірме – елімізде ашылып отырған екінші мектеп. Яғни балаларға кәсіби бағыт-бағдар беруде бұл үйірменің берері көп болмақ.
Қонақтармен әңгімелесу барысында балалар армандарын айтып, ой бөлісті. Мәселен, мектепке алғашқылардың бірі болып жазылған Динара Диханбекова «Мен кішкентай кезімнен стюардесса болғым келетін. «Жас ұшқыш» мектебі ашылғанда қатты қуандым. Ұшақта адамдарды күліп шығарып салып, күліп қарсы алғым келеді», – дейді. Мұндағы балалардың тағы бірі экологияға зиянсыз жаңа ұшақ құрастыруды армандаса, енді бірі ұшақтың әрбір ұсақ тетіктерінің бәрін меңгергісі келеді.
Ал «Жас ұшқыш» үйірмесінің жетекшісі Сергей Чернышов қазірдің өзінде мектепке 5-10 сынып оқушылары арасынан 20 бала жазылып, 8 топ құрылғанын айтады. Жалпы, 160 бала дәріс алмақшы. Оларға сабақ-тапсырмалар жас ерекшелік деңгейіне қарай беріледі екен.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ
Алматы облысы
“egemen.kz”