Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, балалардың болашағын қалыптастыру мақсатында нақты міндет жүктеген болатын. Президент тапсырмасына орай, Тараз қаласында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне жиналған көпшілік әуелі ғимаратты аралап көрді. Сондай-ақ оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары бойынша ұйымдастырылған көрмені тамашалады.
Жиынға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, бүгінде облыста көркемөнер, музыкалық, ғылыми-техникалық, әскери-патриоттық бағыттағы қосымша білім беретін 75-тен астам мектептен тыс ұйым ашылғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Өскелең ұрпақтың балалық шағының қамсыз, бақытты өтуін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының балабақшаларында 57 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 244 мың бала мектептерде, 23 мың студент колледждерде білім алуда. Білім беру сапасын арттыру мәселелерімен қатар, балалардың бос уақытын ұйымдастыру да назардан тыс қалған емес. Жаңа оқушылар сарайында жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ел Президенті атап өткендей, балалардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі», деді Нұржан Нұржігітов.
Ал еліміздің Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, балаларға қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер жаңа оқушылар сарайы балалар үшін де, педагогтер үшін де инновациялық алаңға айналатынын жеткізді.
«Қазіргі уақытта елімізде барлығы 1 523 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Оқушылардың кәсіби даярлыққа дейінгі тыңғылықты дайындығын ұйымдастыру үшін күш-жігерімізді біріктіру – аса маңызды. Жастар болашақ мамандығын сенімді түрде таңдап, креативті, белсенді азаматтық ұстаным иесі болуы тиіс», деді Раиса Шер.
Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаева, Ресейдің Челябі қаласынан келген «Кванториум» технопаркінің басшысы Иван Шмидт, «R4 Technology & Research Center» білім беру және зерттеулер орталығының директоры Айдын Түсіпжанов, Lakeview school Almaty директоры Гүлнар Қарамендинова, Тараз сервис және технология колледжінің түлегі Бағлан Жақсыбеков және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Азамат Нәмелбек сөз сөйлеп, педагогтер мен оқушыларға табыс тіледі.
Оқушылар сарайының ашылуына орай мектептен тыс ұйымдардың бейіні бойынша педагогтер мен мамандарға арналған «Қосымша білім берудегі инновациялар: идеядан бастап іске асыруға дейін» тақырыбында республикалық құрылымдық диалогы өтті. Қатысушылар пікір алмасып, ой бөлісті. Жалпы, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында роботтехника, 3D-модельдеу, авиамодельдеу, кеме модельдеу, қазақ және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн кабинеттері мен сәулет және дизайн мектебі, коворкинг орталығы бар. Сонымен қатар мұнда барлығы 81 үйірме жұмыс істейтін болады.
Хамит ЕСАМАН
Жамбыл облысы