22.11.2024

Қостанайда «QAZBILIM» ұлттық лицейі ашылды

«Әкем мені Қазақстанға шығарып салып тұрып: «Балам, жақсы бол!», – деген еді». Әкесінің осы бір ауыз сөзін Аятжан ешқашан ұмытпақ емес. Кейде жанына жақын жанның осы бір аманатын ол сөз ретіне қарай көпшілікке айтып қалады.

 

Ондағысы атаның ғана емес, адамзаттың баласы болуды мақсат еткенін білдіргісі келетін болу керек. Жақсы болудың салмағы ауыр екенін терең түйсінген Аятжан аянып қалған жоқ. Сонау қалың Қытай елінен қоныс аударған кейіпкеріміз бас қалаға бой үйретіп алған соң, іргелі істерге бас қойды.

«Елін сүйер, сеніңіз,
Өз отбасын сүйе алған», – деп арқалы ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, ата-ананың жақсы тәрбиесін көрген азамат тарихи Отанының қажетіне жарауды, тәуелсіз Қазақ елінің кем-кетігін толтыруға үлес қосуды мақсат етті. Ол өз жерінде қанатын кеңге жая алмай келе жатқан мемлекеттік тіл, ұлттық тәлім-тәрбие, білім беру сапасы сынды өзекті мәселелерге қызу араласа бастады. Бүгінде оны дүйім ел, әсіресе білім беру саласы жақсы таниды, құрметтейді.

Елордадағы №90 гимназияны басқарып, ұжымның, білім алушылардың жағдайын жасау Аятжан Ахметжанұлының бір басына жетерлік шаруа екені айтпаса да түсінікті. Әйтсе де кәсіби әлеуеті мол, жан-жақты білімді, талантты педагог, қарымды да қайсар азамат тар шеңберде қалуды жөн көрмеді. Оның халық алдында сөз алғанын естіп, баспасөз беттеріндегі жарияланымдарын оқып, қайраткерлігіне, елжандылығына тәнті боласың. Жә, енді бұл бөлек әңгіме.

Біздің айтпағымыз – Қостанай қаласында «QAZBILIM» ұлттық лицейінің ашылғандығы турасында болмақ. Облыс орталығында осынау ерекше білім ордасының ашылу салтанаты 20 тамызда өтті. Оған Қостанай облысы әкімдігі Білім басқармасының орта білім бөлімінің меңгерушісі Қарлыға Есмурзина, педагог-ғалым Қалқаман Жақып, ақын Абылай Мауданов, облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов, ата-аналар, ұлағатты ұстаздар, сондай-ақ Аятжан Ахметжанұлы басқаратын астаналық гимназияның жекеленген педагогтері, ел азаматтары қатысты.

Арнайы шақырылмасам да, жақсыны көрмекке мен де бардым. Неге десеңіз, Аятжан Ахметжанұлының білім саласындағы батыл қадамдарына, азаматтығына, қайраткерлігіне сырттай қанық болып, сүйсініп, тілектес болып жүретінмін. Сән-салтанатымен, ұлттық сипатта өткен қуанышты жиынға жалғыз мен емес, қатысушылардың бәрі де дән ризашылығын білдірді.

Сәл шегініс жасап, аталмыш лицей жайлы аз-кем мәлімет беріп өтелік. «QAZBILIM» орталығы 2016 жылы құрылды. Алғашқы лицей Ақтау қаласында ашылды. Содан бері орталық жобалары үздіксіз жұмыс істеп, сапалы білім, жүйелі бағдарлама, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Бүгінде еліміздің 12 қаласында 17 бөлім жұмыс істеп жатыр. «QAZBILIM» қоржынында 120-дан астам оқу-әдістемелік құралы бар. Негізі қаланғаннан бері 10 мыңнан астам шәкірт білім алып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Ұлттық лицей оқушыларға сапалы білім берумен қатар жан-жақты қалыптасуы үшін келесі бағыттарды ұстанады: ұлттық тәрбие; пәндік олимпиадаларға бағдарлы дайындық; ҰБТ-ға кешенді дайындық; отандық және шетелдік үздік оқу орындарына түсуге бағыт-бағдар және кепілдік; IELTS-қа дайындық; шахмат, тоғызқұмалақ және т.б. зияткерлік ойындарға үйрету. Өзге облыстармен салыстырғанда, орыстанған Қостанай өңірінде ұлттық лицейдің ашылуына не түрткі болды екен? Онсыз да мектептер жеткілікті, қазақ тілінде оқытатын оқу орындары да баршылық. Өкінішке қарай, көпшілік әлі де болса балаларын қазақ тілінде оқытуға құлықсыз.

Ал әлемнің Финляндия, Жапония, Ұлыбритания, Сингапур сынды дамыған елдері ұлттық ерекшеліктерін сақтауға құлшынады. Озық ел болу үшін, бесігін түзеуге, ұлттық құндылықтарды, тілін, ділін сақтауға ұмтылады. Ұлтты сүю сол ұлттың тілін құрметтеуден бастау алады. Осыны терең ұғынған Аятжан бауырымыз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сияқты маса болып ызыңдап, халық санасына қозғау салуды, Қостанай қаласынан өзгеше мектеп ашуды жөн көріпті.

Мұзжарғыш кемедей болып, машақаты мол шаруаны именбей бастап кетеді. Осы ретте игі істің бастамашысына бірден қолдау білдірген облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованы, ата-аналарды, ұлағатты ұстаздарды, БАҚ өкілдерін атап өткен абзал. Әсіресе, ата-аналар арасынан рудныйлықтардың батыл шешіміне риза болдық. Балаларын оқытуға алғашқы болып ықылас білдірген Сәндібек Толғанбаев және Нұрлан Шауқаров сынды азаматтар арақашықтыққа, оқу ақысына, тұратын баспанаға да бас ауыртпастан, осынау өзгеше лицейді – сапалы білім мен ұлттық тәлім-тәрбие ордасын таңдапты, жас ұрпақтың жан-жақты білімді, саналы, ұлтжанды, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуын қалапты…

Иә, балаға салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Баланың жарқын болашағы үшін сенім білдіріп, ұлттық құндылықтарымыздың бастауы саналатын қазақ тілін қастерлеп, қазақы тәлім-тәрбиені, сапалы білімді көздейтін ата-аналар қатары көбейіп жатса, нұр үстіне нұр! Сол сенімнің үдесінен шығу, әрине, лицейдің педагогтер ұжымына үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. 250-280 оқушыға 30 шақты педагог сабақ береді. Кейбір кадрлар «QAZBILIM» орталығынан келеді.Оқушылар да,жұмысқа орналасушы мұғалімдер де конкурстық негізде қабылданады. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы балаларына 50 грант бөлінеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әке аманатына адалдық танытып, ұлтқа қызмет етуді мақсат еткен «QAZBILIM» орталығының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлына және оның командасына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әрине, білім алушыларға есігін айқара ашқан ұлттық лицейдің толыққанды жұмыс істеуі ондағы педагогтер ұжымы мен ата-аналардың ынтымақтастығына, сондай-ақ қостанайлықтардың жаңалыққа оң көзқарас танытуына, билік басындағылардың қолдауына да байланысты болмақ.

Руханият саласының Ыбырай, Ахмет, Мұхамеджан сынды тұңғыштары дүниеге келген өлке тұрғындары намысты қолдан бермей, ұлттық құндылықтарға жаппай бет бұрып жатса, кәнеки. Бүгінгідей нарық заманында бәсекеге қабілеттілік пен нәтижелі сапаны ту еткен ұлттық лицейіміздің алғашқы оқу жылы құтты болсын!

Биалаш СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру саласының үздігі

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА