22.11.2024

Алматы облысының 4 ауданында білім саласының жұмысына шағымданушылар көп

Алматы облысының төрт ауданында білім саласындағы жемқорлық көбейді. Бұл туралы өңірде білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралған жиында айтылды.

Шараға Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы Серік Орымбетов, облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, білім басқармасының басшылары және мектеп директорлары қатысты.

Аймақта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына сәйкес, білім беру саласы жемқорлыққа бейім. Кадр мәселесін шешу, мемлекеттік бағдарламалардың қаржысын жұмсау мен мемлекеттік сатып алу барысында құқықбұзушылықтар белең алып жатыр.

«Білім беру мекемелерінде «ата-аналар комитеттері» жемқорлыққа апарар бірден-бір жол. Себебі олардың қызметі реттелмеген. Сыныптың ұйымдастырушылық мәселелері үшін сынып жетекшісі бар. Олар сол үшін жалақы алады», – дейді Серік Орымбетов.

Департамент басшысының айтуынша, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі бір құрал 1424 call-орталығы. Орталық арқылы биыл 42 тұрғыннан білім беру саласына қатысты шағымдар келіп түсті. Ал соңғы екі аптада 13-тен астам арыз тіркелген. Шағымдардың көп бөлігі Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле және Талғар аудандарына қатысты болды.

Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған 23 мектеп директоры кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Білім беру мекемесі басшыларының барлығына 200 АЕК яғни, 612 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Айта кету керек, биыл өңірде жемқорлық қылмысы бойынша 100 факті анықталды. Пара алу дерегімен 72 қылмыс тіркелді. 68 адам жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін сотталды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА