22.11.2024

Моңғолиядағы тұңғыш қазақ мектебі

Моңғолиядағы тұңғыш қазақ мектебі Баян-Өлгей аймағы, Ұланқұс сұмында ашылғаны тарихтан мәлім. Қобда бетіндегі ағайынның алтын ұясына айналған білім ошағы  қашан, қалай ашылды, оның бастауында кім тұрды және алғашқы түлектер кімдер еді? 

Монғолиядағы қазақтар мен Атажұрттың рухани байланысы қай кезеңде болмасын, үзілмеген. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін Монғолиядағы қазақтарда нақты білім беру жүйесі болған жоқ. Балалар ауыл молдасынан сабақ алатын. Бірен-сараны әр аймақтағы медреселерден, атап айтқанда Қазан, Семей, Ташкент,  т.б. қалаларға діни білім алып оралатын еді. Бұқарадан, Қазаннан келген діни оқытушылардың ықпалы зор болды. Жаңаша білім беру мектептері халық төңкерісі нәтижесінде қалыптаса бастады. 

Монғолияда 1921 жылы 11 шілдеде болған халық төңкерісі нәтижесінде әлем тарихындағы екінші комунистік мемлекет өмірге келді. Кеңес Одағының қорғаныс, экономикалық, мәдени, білім беру, денсаулық сақтау – барлық салалар бойынша қолдау көмегіне сүйенген Монғолия халықты жаңаша сауаттандыруға баса назар аударды. 

Тарихшы, шежіреші Шынай Рахметұлының бізге көрсеткен мемлекеттік орталық архивінің 1927 жылғы жетінші мамырындағы мәліметінде: «Шеруші хошуундағы сауаты бар (моңғолша хат танитын) Дәуітбай Тауданбекұлы, Дәлелхан Сүгірбайұлы, Бәймеш Қылаңұлы, Сейітжан Бейісұлы, Әміре Күсемісұлы, Қошақ руынан Нәжитпанұлы Шабақ қатарлы адамдар сауаттылар ретінде тіркелген екен». 

Дейтұрғанмен ол уақытта халық тегіс сауатсыз надан емесі анық, ескі жазумен (төте жазу) сауаты болған. 

Моңғолияның батыс шебін мекендеген қазақтар үшін халық төңкерісінің жемісі 1930 жылдарға таман келе бастады.  Монғолиядағы қазақтар арасындағы алғашқы заманауи білім беру жүйесінің негізі 1928 жылы қаланды. Осы жылы Қойшы Молыбайұлы, Дәлелхан Сүгірбайұлы, Дәуітбай Тауданбекұлы қатарлы азаматтардың атсалысуымен Ақбалшықта, яғни қазіргі Ұлаңқұсын сұмыны (аудан) орталығында жаңаша оқытатын білім ошағы құрылды. 

«1928 жылы 9 айда Шеруші хошууны (қазіргі Ұлаңқұсын сұмыны) Билүү деген сайдың құйғанындағы Көктөбенің бауырында күзеп отырған (хошуун орталығына ол кезде хошуун әкімшілігі тұрақты кеңсе жоқ, киіз үйменен көшіп-қонып жүретін) хошуун дарғы М. Қойшының қорасының шетіне жыртық-тесік жұпыны, қара шобыр 3 үй шаңырақ көтереді. Шаруашылық жағынан әзірлік жұрдай. Үзігінен жұлдыз санарлық жыртық киіз үйлердің астында еден тұрғой төсеніш сырмақ та жоқ. Стол, орындық, бор, тақта, оқулық, дәптер, қарындаш, қалам-сия сияқты оқу жабдықтары жоқтың қасы», – деп жазады  Қабышай Сәдуұлы «Шырақтан шуаққа» атты кітабында. 

Алғашында үкімет тарапынан қаржы бөлінбегендіктен мектепті ұстап тұруда қиынға соққан. «Алғашында мектеп оқушылары сарышайдың жұқа қағазына көк жылқының безінен қолдан жасап алған «қансияны», сауытқа (шөлмек) құйып (қыл-қалам) жазатын-ды» – деп еске алады ардагер ұстаз Қ.Сәдуұлы. 

Ақбалшықта орнаған тұңғыш қазақ мектебіне 25 оқушы тізімделеді. Олар – Шолтай Себетұлы, Мүдәріс Зайсанов, Қалқабай Орынұлы, Әжікен Сәдуұлы, Зейнолда Өнгенбайұлы, Хасен Сыдықұлы, Ікей Шашубайұлы, Бəкей Асубайұлы, Әбдолда Құлыбайұлы, Райхан Асубайұлы, Манап Қыдырханұлы, Х.Мұратхан, Мұтағали Мамиханұлы, Қымбыл, Құсай Кененұлы, Қылыш Үркінұлы, Бұйдахан Дәуітбайұлы, Мәлік Кемиекұлы, С.Қызай, Ж.Тікей, Kəуей Үмбетұлы, Торпақ Уәлиұлы, Ибрахим, Зейнеш Оспанұлы, Ыбыш, Тұрархан Қамзаұлы. 

Мектептің алғашқы мұғалімі тыва ұлтты Тарба ұлы Дүгэрэг болады. Бұл мұғалімнің үйрететіні – ескі монғолша әліпби мен есеп амалдары  екен. Бұдан кейін жаңаша бала оқыту ісін Баймұхамет Қанапияұлы жалғастырады. 

Баймұхамет Қанапияұлы – Монғолия қазақтары арасында жаңаша білім берудің алғашқы қарлығашы. Ол 1888 жылы Қарқаралы уезі, Бауыр бошан болыстығында туып-өскен. Руы – арғын. Тағдыр жолымен Шыңжанға өтіп, одан Қобда бетке (қазіргі Баян-Өлгей аймағы) асып келеді. Осындағы Шеруші хошууны (аудан дәрежесіндегі басқару әкімшілігі) аумағына келіп тұрақтап, үйлі-баранды болып, бала оқытып жүргенде 1938 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, қайта оралмаған. Бір ұл, екі қызынан тараған ұрпақтар баршылық. Немересі Биқұмар Кәмалашұлы – тарих ғылымдарының докторы, қазақтың салт-дәстүрі бойынша бірнеше кітап жазған ғалым. Шөбересі Өмірбек Биқұмарұлы – танымал археолог ғалым. Баймұхамет Қанапияұлы білім берген Ұлаңқұсындағы тұңғыш балабақша ұстаздың есімімен аталған.

Мектеп алғашында отын-суға байланысты бір қыс қазіргі Бұғыты сұмыны аумағында қыстайды. 1929 жылы Мешітбай шатқалы деген жерде жұмыстап, уақытша жабылады. 1930 жылы Ақбалшықта  (Қызылқайыңда) қайта ашылып, оқушыларды қабылдайды.  Алғашқы екі жыл үкімет тарапынан ешқандай көмек болмағандықтан, мектепті алып жүру өте қиынға соқты. Сол кезде мектептің жабылып қалмай, жұмысын жүргізуіне орасан зор үлес қосқан адам – Өкшебайұлы Самыхан еді. Ол отын жарып, су тасып, тамақ дайындап, 25 баланы өз балаларындай қарады. Кейде Дүгэрэг мұғалім жоқ кезде оның орнына сабақ та үйрететін еді.  Балаларға ақыл айтып, бауырына тартып қамқорлық жасаумен болған. Сондықтан мектеп оқушылары Самыханды «Қара апа» деп атаған. 

Самыхан Өкшебайұлы – өзі де Ақбалшықтағы мектепте оқуға ниеттенген. Алайда жасы үлкен болып, мектепке қабылданбайды. Оқушылыққа алмаған соң, тіленіп аспазшылық істеп, өз бетімен сауат ашады. С.Қабышай өзінің зерттеу еңбегінде: «көзі ашық, көкірегі ояу, туа пысық Ө.Самыхан танхим (мектеп) халін жақсарту үшін қолынан келер істің бәрін істейді. Ол аспазшы, оқытушы, оқушы, отыншы, меңгеруші болып та жүгіреді» дейді. 

Құрметхан Мұхамадиұлы «Моңғолиядағы қазақ этникалық тобының қалыптасуы мен дамуы» атты еңбегінде: «1929 жылы Бұғы бастауыш мектебінде 60, Ботағара хошуунының Тұлбадағы бастауыш мектебінде 40-тай бала оқиды. 1930 жылы Қазақстаннан Шәріп Өтепов, Абай Қасымов, Бердіқожа Жолтаев, Қайырбай Тілеубердин және Шәріп пен Абайдың зайыптары бірігіп алты адам келеді. Олар келісімен Улаанхусқа көптеген балаларды жинап, мектеп ашып, Қайырбай, Шәріп, Баймұқамет молла сабақ үйретеді. Осы жылдардан бастап, қазақ жастарын оқуға аттандыра бастайды»,- деген дерек келтіреді. 

Деректегі Бұғы бастауыш мектебі деген, жоғарыда біз сөз етіп отырған Ақбалшықта құрылған тұңғыш қазақ мектебі. Көптеген тарихи деректерде тұңғыш қазақ мектебі – Бұғытыда құрылған деп айтылады. Шынында Ақбалшықта құрылып, бір жыл қыстағаны болмаса, Бұғытыда мектеп құрылмады. 

Алғашында мектеп киіз үйде жасақталды. Ақбалшықтағы жүн мойкасы жұмыстап тұрған жерге Дәлелхан Сүгірбайұлының киіз үйін тігіп, мектеп ретінде пайдаланған. 1931-1932 жылдары бұл өлкеде тіршілік етіп жатқан кейбір ауылдар Қытай, Шыңжаң аса көшіп, қайта қайтып келуіне байланысты мектеп бірнеше рет уақытша тоқтағанымен жұмысын жалғастыра берді. 1931 жылы күзде Ұлаңқұсын мектебі қайта ұйымдасады, үзбей  сабақ істейді. 1930-1931 жылдары талдан шарбақ тоқып арасына көң салып, там тұрғызылды. Бұл мектепті алғаш бітірушілердің бірі Шолтай Себеттің бастамасымен 1935 жылы орыс, қытай шеберлері бірігіп алғашқы мектепке ағаш құрылысты салып берді. Дөңбектен салынған білім ордасының алғашқы құрылысы Ұланқұста әлі қаз-қалпында. Қазір бала оқытпаса да, ескінің көзіндей сақталып, музей қызметін атқаруда. 

Осы ретте, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Қозғамбаеваның ғылыми еңбектерін ерекше атап өту қажет. 

Ол «Моңғолиядағы қазақ диаспорасының оқу ағарту саласындағы білім беру жүйесінің қалыптасу тарихынан» деген ғылыми мақаласында мынадай қызықты деректер келтіреді: «…1929 жылы мектеп қайта ашылып, оқу қазақ тілінде жүргізіле бастады. Сөйтіп, 1930 жылдан бастап, Моңғолиядағы қазақтардың талап тілектері бойынша Қазақстаннан кадрлар келе бастады. Бұл мектепті мұғаліммен қамтамасыз етуге Қазақстанның оқу-ағарту орындары ерекше көңіл бөліп, жоғары білімді маман-мұғалімдер жіберіп отырған. Сондай-ақ, жергілікті қазақтарды арасынан да сауатты адамдар мұғалімдік қызмет атқарды», – дейді. 

Кеңес Одағы да өзінің одақтасы Монғолиядан жан жақты көмекті аяған жоқ. Соның ішінде идеологиялық күресті жандандыруға ерекше мән берілді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары басында мұндағы жағдай өте күрделі еді. Коммунистік партия ішіндегі оңшылдар мен солшылдардың өзара тартысы, Коминтерн өкілдерінің солақай саясаты т.б. кесірінен Монғолияның біраз жұрты Қытайға қашып өтіп, соның салдарынан мектептер жабылып, жағдай көрделене түскен еді. 

Осы қарсаңда, 1930 жылы маусым айында КИМ (Коммунистический интернационал молодёжи) өкілдері Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов отбасымен Монғолияға келеді. Олар Шеруші хошуны жанына партия, жастар ұйымын құрып жұмысын бастайды. Халыққа коммунистік партияның қағидаттарын насихаттау, лайықты тәрбие беру, жаңаша сауаттандыру, мәдениетке баулу сияқты жұмыстарға олардың жары Тәшинке Қасымова мен Ділнұз Өтепова да бірге атсалысады. Жәшейке (ячейка) құрылып, оларға белсенді жастарды ұйымдастырып, халықты сауаттандыру ісін бастап кетеді. Бұдан кейін Монғолияға 1931 жылы келген қазақстандық ұстаздар – Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеубердин болды. 

Баян-Өлгей аймағы құрылғанға дейін бұл өлкедегі қазақтардың рухани, білім берудегі тірек нүктесі Шеруші хошуунының орталығы Ақбалшық болып келді. Қазақстандық мұғалімдер келген соң қазақтар мекендеп тұрған өзге де өңірлерде білім беру курстарын ашуға мүмкіндік туды. Осының нәтижесінде Аққол, Тұлба т.б. жерлерде бала оқытыла бастады. Бұлар уақыт өте келе бір-бір мектептің негізі болып қаланды. Бердіқожа Жолтаев 1931 жылы күзде Самыхан Өкшебайұлымен бірге Ботағара хошуунына (қазіргі Тұлба) мектеп ашуға барады.

1930 жылы күзде Шеруші хошуунынан бір топ жас ел астанасы Ұланбатырға оқуға аттанады. Бұлардың біразы Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге оқуға жіберіліп, мұнда оларға қазақстандық оқытушылар сабақ береді. Осы алғашқы шәкірттер арасынан кейіннен белгілі қоғам қайраткерлері: Баян-Өлгий аймағының басшысы болған Жеңісхан Дүзелбайұлы, Қаби Бәжіұлы, алғашқы Еңбек сіңірген ұстаз Шолтай Себетұлы, МХР тұңғыш авиация қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсанов т.б. белгілі қайраткер адамдар туып шықты.

Осылайша Монғолия қазақтарының жаңаша білім алуына негіз қаланды. Сауатты, білімді маман кадрлар қалыптаса бастады. Мұның өзі жақын кезеңде ұлттық аймақ құрылуының алғышарты болды.

Моңғолиядағы аз ғана қазақтың қарашаңырағына айналған Ұлаңқұсын мектебі аймақ орнаған соң, тіптен гүлденді.  1940 жылы 4 жылдық бастауыш мектеп, 1953 жылы сұмынаралық 7 жылдық орта мектеп, 1968 жылы 8 жылдық орта мектеп, 1978 жылы 10 жылдық орта мектеп, 2006 жылы 11 жылдық аға мектеп, 2013 жылдан 12 жылдық орта мектеп болып өркендеді. Тұңғыш қазақ мектебі сабақ оқыту жүйесі, оқулықтар, пәндік методикалар негіздерін совет үкіметі тәжірибесімен бірлесе қолданды. Қазақстаннан да мектеп оқулықтары мен газет-журналдар жиі жеткізіліп, Қобда бетіндегі қазақтың білім көкжиегі кеңейді. Мектепке 1983 жылы Моңғол Халық Ұлы Хуралы басқармаларының жарлығымен Мүдәріс Зайсановтың есімі берілді. 1968 жылы мектеп 40 жылдық мерекесіне орай «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталды. 

Мектеп 1982 жылы жаңадан салынған екіқабат­ты ғимаратқа көшті. 2012 жылы жаңа оқу жылында екі қабатты жатақхана пайдалануға берілді. Бүгінде Ұлаңқұс мек­тебі заманауи мектеп деңгейінде өсіп-өркен­деп, жаңа технологиямен жаб­­дықталған. Жас ұрпақты бәсе­кеге қабілетті ету жолында сапалы тәр­бие мен білім беруді жалғас­ты­р­ып келеді.

Қыдыр дарып, құт қонған қасиетті қара шаңырақтан аймаққа, Қобда бетіне белгілі тұлғалар түлеп ұшты. Олардың қатарында осы мектептің алғашқы түлегі Моңғол Халық Республикасына еңбек сіңірген ұстаз Шолтай Себетұлы,  МХР тұңғыш авиация қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсанов, Моңғолияға еңбек сіңірген ұстаз Ақтышхан Үркінұлы, Құрметбек Байтазаұлы, мемлекет және қоғам қайраткерлері Жеңісхан Дүзелбайұлы, Қашқынбай Мәлікұлы, Әжікен Сәдуұлы, Мұсахан Қаматжанұлы, Тілейхан Орынұлы, Құрманхан Мұхәмәдиұлы, Сарай Асқанбайұлы, Қабышай Сәдуұлы, ғалым Қамбар Өмірбекұлы, тарих ғылымдарының докторы Мініс Әбілтайұлы, ақын Имашхан Байбатырұлы, жазушы Махфуз Құлыбекұлы, өнер тұлғалары – Өсерхан Сағымбайұлы, Райхан Мұхамедұлы, Қабдыраш Доламбайұлы.

Ғасырға жуық тарихы бар Ұлаңқұсын сұмындағы тұңғыш қазақ мектебі Баян-Өлгей аймағындағы білім ошақтарының алды. Тарихы шежірелі.  Қазақ хошуунның алғашқы білім ордасы қызылқайындықтар ғана емес Моңғолияның түкпірінде тіршілік етіп жатқан барша қазақтардың мақтанышы.

Суреттер: автордікі

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА