21.11.2024

Педагогтың мәртебесі өз қолында

Педагог мәртебесін қалай көтереміз? Рас, ертеректе педагогке деген қоғамның құрметі айрықша болды. Тіпті көшеде мұғалім келе жатқанда үлкен адамдар ғана емес, оқушылар да аяқ тартып ысырыла жол беріп, шетке ығысатын. Именетін,  мәртебесін сыйлайтын, беделінен қаймығатын. Бүгінгі сананы нарықтық қоғам түсінігі тереңдей билеген кезеңде бұл  құбылыстың да мән-маңызы жойылып бара жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен  де «ғалым да, шахтер де бас иетін» ұстаздар қауымының қадірі артып, беделі биіктесе қоғамның да дамуына серпін береді. 

Осыдан үш жыл бұрын яғни 2019 жылдың желтоқсан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, қолданысқа енгізді. Педагог мәртебесін арттыру мақсатында қабылданған заң өзінің миссиясын қаншалықты орындап келеді? Осыған аз-кем тоқтала кетсек. 2019 жылы қабылданған бұл заң 21 баптан тұрады. Қазақстанда 5 мыңнан астам мұғалім педагог бар десек, осы заң ұстаздар қауымының мәртебесін қорғайды.  Мектепке дейінгі балабақша, орта, кәсіптік және техникалық білім беретін ұйымдардың, әдістемелік кабинет педагогтерінің құқығын заңдық тұрғыда қорғайтын заң мұғалім талаптарын қамтиды. Бұл заң бірден қабылдана қойған жоқ, ең әуелі, қоғамдық талқылаудың талқысына жіберіліп, иі қанғанша әбден сараланып сарапталды.  Бір жылдан астам уақыт талқылауға ұсынылған заң жобасына қатысты еліміздің әр аймағынан тоғыз мыңға тарта ұсыныс хаттар да келген.  Жалпы бұл заң ұзақ уақыт қоғамдық талқылаудан өтіп, кем-кетігі бүтінделген соң ғана қабылданды деп айтуға болады. Жоғары оқу орындарында, білім беру ұйымдарында, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінде де талқыға салынды.  Педагог мәртебесін көтеретін заң төрт  бағыт бойынша:  педагог қызметіне қойылатын талапты күшейту, педагог этикасына айырықша көңіл бөлу, сонымен қатар кез келген білім беретін оқу ошағында әдеп жөніндегі  кеңес қызметі де қолданысқа енгізілді. Бір назар аударарлығы, аталған заң нормасында педагогтің құқығына басымдық берілген. Олардың құқықтарын кеңейтіп, жеке тұлғалық дамуына ешқандай шектеу жасамау да қарастырылып отыр. Сонымен қатар мұғалімнің жұмысына жатпайтын қоғамдық  шаруаларды атқаруды міндеттемеу, ешқандай себепсіз тексеру жүргізуді тоқтату  нәтижесінде педагог жүктемесін азайту көзделген. Бұдан кейін де  енді «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс шеңберінде  мұғалімдердің жұмыс істеу барысында қызметіне кедергі келтірген жеке тұлғаларға, одан бөлек педагог мәртебесіне нұқсан келтіріп, тіл тигізіп, арын таптау әрекеттерін бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация жүйесі арқылы дөрекі мінезбен былапыт сөздер айтып ғайбаттаса айыппұл салынады.  Одан сырт педагогті өзінің міндетіне кірмейтін  кәсіби қызметіне сай келмейтін  жұмысқа жеккені үшін де басшылыққа айыппұл салынады.

Тағы бір атап өтерлігі аталған заң нормасының 12-бабында педагогтерге  тұрғынжай алуға, оның ішінде қызметтік баспана не болмаса жатақханаға қол жеткізуі үшін басымдықтар берілген. Жеке үй саламын десе жер учаскесін беру тетіктері де қарастырылған. Педагогтердің балаларын балабақша кезегіне алдымен алу да осы заң нормасында жазылған. Бұрындары әдіскерлер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері жыл сайынғы еңбек демалысына 42 күн барып келсе, енді педагог мәртебесін көтеретін заң бойынша 56 күнге демалады.  Педагог мәртебесіне қатысты мектеп мұғалімі Жанар Ермекбайқызы былай дейді: «Мен өзім мектепте психология пәнінен сабақ беремін, әрі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын қоса атқарамын. Жас маман ретінде мектепке мұғалім болып орналасқан соң  «Дипломмен ауылға» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама арқылы  жердің кезегіне тұрып, саяжай аумағынан жер алдық, төмен бағада төлеп келеміз. Келешекте сол жерге жеке баспанамызды салсақ деп отырмыз. Педагогтің мәртебесі әлеуметтік жағдайы жақсаруына да тікелей қатысты. Сондықтан заң нормасының қабылданып, қолданысқа енгізілуі үлкен қолдау болды».

Елімізде соңғы жылдары дәстүрге айналып, тұрақты түрде «үздік педагог» аталымы бойынша республикалық конкурс ұйымдастырылып жүр. Мұндағы мақсат та айқын, ағарту саласына айрықша еңбек сіңіріп, елеулі үлес қосып жүрген жандарға «Қазақстан Республикасының мемлекеттік  наградалары туралы» заң нормасына сай марапаттар ұсынылады, сонымен бірге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»  құрметті атағына ие болған  педагогтерге бір мың айлық есептік көрсеткіш (1000 АЕК) көлемінде бір реттік сыйақы беріледі.

Шалғай елдімекендердегі мектептерде жұмыс істейтін педагогтер қалалық мектептердің мұғалімдерінен 25 пайызға жоғары жалақы алады. Не үшін? Қандай артықшылыққа сүйене отырып төленеді? Мұндай заңды сауалдың туындауы орынды. Бұл, әрине, «ала қойды бөле қырқу» емес. Қаладан ауылдық жерге арнайы жұмыс істеуге барған педагогтерге тұрғын үй салуына қажетті жер учаскесін беруде артықшылық қарастырылып, алдымен бөлініп беріледі. Осындай артықшылықтар, ынталандыру арқылы да педагог мәртебесін өсіруге болады.

«Мен колледжде сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп келемін. Бүгінгі таңда бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. 2018 жылы колледж оқытушылары арасында өткен үздік педагог конкурсында жеңімпаз атанып, республикалық додаға жолдама алдым. Еліміз бойынша бірнеше кәсіптік білім беретін мекемелерден келген оқытушылардың өре бәйгесінде бағым жанып,  «үздік педагог» аталымына ие болдым. Сол кезде маған берілген бір реттік ынталандыру сыйақысы үлкен көмек болды. Өзімнің еңбекақымнан жинап жүрген қаржыма қосып, су жаңа автокөлік сатып алдым. Мұндай конкурстар, байқаулар, ғылыми жоба  жарыстары аса қажет. Педагог өзінің ой-өрісін кеңейтіп, білімін тереңдетіп, тәжірибесін шыңдауды осындай додаларға қосылғанда байқайды, бағамдайды, саралайды. Әрбір педагог «генерал болғысы келетін сарбаз» секілді үздік мұғалім атанғысы келетіні сөзсіз. Соған жету жолында тынымсыз тер төгу қажет екенін сезінеді, талаптанады», – дейді Әсем Аманжанова.

Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, білікті педагог Аягүл Төреқызы қазіргі мұғалімдердің мәртебесін көтеруі де, құлдыратуы да өздерінің қолында деген пікір айтады. «Біз кезінде жасыратыны жоқ, дәл қазіргідей құрмет-қошеметке бөленген  ұстаздар қауымын көрмедік. Оған мемлекетіміздің де экономикалық әлеуеті бүгінгі күндегідей қуатты емес еді. Қазір  үздік педагог, өз саласының  білгір мамандарына мемлекет тарапынан берілетін қолдау да қомақты. Тек өз мамандығыңның майталманы атанып, жақсы қырыңнан таныла білсең болды. Талантты мұғалімсің бе, өз ісіңмен  мықтылығыңды дәлелдей алдың ба, кез келген топты жарып шығасың. Тек тынбай іздену қажет, болдым-толдым деген қасаң түсінік адамның дамуын тежеген үстіне тежей береді». – дейді қарт педагог. Расында да біздің елімізде педагог мәртебесін көтеруге қатысты қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан іс-шара, мемлекеттік бағдарлама, тіпті арнайы заң нормасы да қабылданды. Енді тек мұғалім мәртебесінің биік болуы әрбір ұстаздың өз қолында.

Ұшқын Сәйдірахман
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА