07.11.2024

Оқушының керек-жарағы қанша тұрады?

Әне-міне қыркүйек те келіп қалды. Балалар жаздың соңы жақындағанын ойлағысы да келмей ойнап жүрген шығар, алайда ата-аналар мектепке қамдануды бастап та кеткен. Бұған көпшілік арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде көз жеткіздік. Соған сүйеніп «Бір баланы мектепке да­йындауға қанша қаражат керек?» деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Баршаңызға белгілі, 1 тамыздан еліміздің барлық өңірінде жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайы­рымдылық акциясы басталды. 30 қыр­күйек­ке дейін өтетін игі іске волонтерлер, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және өзге де ниетті жанашыр азаматтар қатыса алады. 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқан акция жаңа оқу жылына дайындық кезінде аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсетуге бағытталған. Айта кетейік, акция кезеңінде азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін сенім телефоны мен қоғамдық қабылдау үздіксіз жұмыс істейді. Акция барысында Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде +7 (7172) 74-25-28 жедел желісі мен және «Bala Qorǵaý» телеграм-чаты арқылы кез келген адам көмек алу немесе мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін жүгіне алады.

«Мектепке жол» акциясына қоса мемлекеттен көрсетілетін көмек те бар. Бұл – «Жалпыға бiрдей білім беру» қоры әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардағы әр балаға беретін 43 407 теңге. Мектеп формасы мен кеңсе тауарын сатып алуға арналған материалдық көмек ата-аналардың есепшотына жіберіледі. Осы жерде бірден ескерте кету керек, көмек алған ата-аналар қажетті тауарды сатып алғанын растайтын қағазды көрсетуге тиіс. Сол себепті ата-аналар әр балаға берілген 43 407 теңгені жаратқанда заттардың чегін қоса сақтағаны дұрыс. Айтпақшы, мұндай материалдық көмекті алу үшін әрбір ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазады.

Міне, осындай көмектің бірін алған қостанайлық Азия Кемелбек 4 бірдей баласын мектепке дайындап жатыр. Ол әр баласына берген 43 мың теңгенің өзіне, отбасына әжептәуір көмек болғанын, бірақ бұл соманың 1 баланы толық дайындауға жетпейтінін жеткізді. Себебі оның айтуынша, әр балаға ең қажетті, бастапқы заттарын алудың өзіне кемі 60-70 мың теңге кетеді.

«Мемлекеттен берілген көмек жақсы болды, әйтпесе қиналып қалушы едік. Себебі бір балаға үнемдеп жұмсағанның өзінде шамамен 60 мың теңге ақша кетеді, ал оны 4 балаға көбейтсеңіз, 240 мың теңге болып шыға келеді. Бұл бір айлық табысы ішіп-жеуден артылмайтын отбасына әжептәуір салмақ болады. Мысалы, мен кеше базарға биыл 1-сыныпқа беретін баламмен барып, оған спорттық киім (10 мың теңге), туфли (7000 теңге), спорттық аяқкиім (8000 теңге), ақ жейде (4000 теңге), майка (2000 теңге), қара белдемше (5000 теңге), ақ түсті колготки (1500 теңге), оқу құралдары (10 000 теңге), сөмке (7000 теңге), бантик (1000 теңге) алдым. Осы ең қажет заттарының өзіне 55 500 теңге кетті, ал шындап келгенде жоғарыдағы кейбір заттарды екеуден алу керек. Айталық, ақ бантик, ақ жейде, ақ майка, ақ колготки секілді өте жиі киетіндерін екі данадан алып, алмастырып кимесе болмайды, бір аптаға шыдамайды, жуғанда кеуіп те үлгермей, киімнің кесірінен сабақтан қалып қоюы мүмкін», деді А.Кемелбек.

Жоғарыда айтылғандай, ата-аналар арасында сауалнама жүргіздік. Олардан бір баланы мектепке дайындау шығындарын сұрадық. Сауалнама барысында бір баланың ең қажетті деген заттарын алуға кейіпкеріміз А.Кемелбектей 60 мың теңгенің жобасында жұмсағанын айтқандар көп кездесті. Мәселен, Сандуғаш Болатқанқызы: «1 балаға 2 жейде – 14 000, 1 шалбар – 7000, белдемше – 7000, туфли – 15 000, спорттық киім – 15 000 теңге жұмсадық. Барлығы – 58 000 теңге. Оқу құралдарын әлі алмадық. Ескі сөмкесімен жүре тұруға көндіру керек енді», дейді.

Балдырған Мәмен есімді ата-ана: «Бір қызды мектепке дайындауға 80 мың теңге кетті. Бұған екі жейде, белдеше мен жилетін, сарафан, спорт киімі, туфли, дене шынықтыруға арналған аяқкиімі, бантиктері, алғашқы кезеңге оқу құралдары алынды. Заттар­дың барлығын базардан алдық», деп бір баланы бастапқы кезеңге толық дайындауға 100 мың теңгеге жуық ақша жұмсағанын жеткізді. Бірақ арасында жоғарыдағы респонденттер жиі айтқан сомадан көп және аз жұмсағандар да бар. Айталық, Түркістан облысының тұрғыны Анар Спаева: «Бір жолғы киімге көп болса 25-30 мың теңге жұмсаймыз. Ауылда тұрамыз, біреулер мектеп формасын әкеліп сатып жатыр, сапасы жақсы екен. Ақ жейде – 5 500, белдемше – 5000, жеңіл аяқкиім – 9000, бантик – 1000, галс­тук – 500, сөмке – 6000 теңге. Кеудешені ұлттық нақышта тапсырыспен тіктіреміз. Сонда барлығы – 30 000 теңге жобасы. Ер балаға арзандау шығады. Кейінгісін ақырындап толықтыра береміз», дейді.

Ал ата-ана Айнұр Омар сауалымызға: «1 баланы мектепке дайындауға 150 мың теңгеден аса кетті. 49 000 – туфли, кос­тюм (пенжегі, шалбары, жилеті бар кос­тюм) – 85 000, галстук – 8000, жейде – 17 000, белдік – 20 000. Осының өзіне 179 мың теңге кетті. Әлі спорт киімі алынған жоқ. Балам таңнан кешкі 5-ке дейін жекеменшік мектепте оқиды. Түстен кейін еркін формамен жүруге болады. Бірақ ол костюм-шалбармен жүреді. Сондықтан өте ыңғайлы, сапалы матадан тігілгенін таңдаймыз. Аяқкиімді де солай. Әрі 10-сынып болған соң, талғамы да жоғары болатыны белгілі», деп жауап берді.

Ата-аналардың арасында 100 мың теңгеден аса қаражатты 3 баланы дайындауға жұмсағандары да кездесті. Мысалы, Асылбек Тумышев есімді тұрғын: «Балаларым былтырғы сөмкелерін ұстап, сол өткен жылдан қалған көйлектерін киетін болды. Соның өзінде 3 ұлға 100 мың теңгеден аса ақша кетті. Бұл қаржыға әрқайсысына аяқкиім, дәптер-қаламын, тағы басқа заттарын алдық», деді. Әр балаға 100 мың теңгенің жобасында жұмсағандар да бар. Соның бірі Мөлдір Нұрман есімді ата-ана 2 балаға 200 мың теңге кеткенін, бұл тек киіміне жұмсалғаны екенін, әлі дәптер-қаламы алынбағанын айтты. Сауалнамаға қатысушы ата-аналар арасында заттарын алып үлгермесе де: «Бір балаға 200 мың теңге дайындап отырмын, жетіп қалар» деп жобалап жауап бергендері де бар. Ләззат Нығмет есімді ата-ана секілді: «Үш балама бір-бірден киім алғанның өзінде (Гласманнан) 140 мың теңгедей ақша кетті. Аяқкиім, сөмке мен оқу құралдарын әлі алмадым», деп әзірге алып үлгермеген заттарына жұмсалатын ақшамен әр балаға 200 мың теңгеге жуық қаражат кететінін дәйектеп растағандар да кездесті. Мира Сембайқызы сияқты: «5 балаға 200 000 теңгені дәптер-қаламымен қоса жеткізуім керек. Былтырғы киім­дерін киеді, жоғын ғана аламын», деп жоғарыдағы ата-ананың бір балаға да­йындап отырған сомасын бақандай 5 балаға жеткізуді жоспарлап отырғандар да болды. Сауалнама нәтижесінен оқырмандардың өздері байқағандай, бір баланы дайындауға әр ата-ана әртүрлі сомада қаражат жұмсайды.

Осы ретте өзіміз де сауда жасауға талпынып, бір баланы дайындауға жұмсалатын соманы шығарып көрдік. Онлайн дүкендерді «шарладық». 1-сыныпқа баратын қыз балаға ақ жейденің 3 350 теңгеден бастап 15 000 теңге шамасында тұратын түрлерін таптық. Оның ішінен киетін ақ майкасын 1000 теңгеден де, 3 000-4 000 теңгеден де алуға болады екен. Ақ жейденің сыртынан киетін жилеті 50 пайыз жеңілдікте 2 450 теңгеден тұр, орташа бағасы 10 000 теңгені құрайды. Пенжегі 3000 теңгеден басталыпты, орта есеппен 10 000 теңге төңірегінде. Ал белдемшенің арзаны 3990 теңгеден кездесті, 8000, 13 000, теңге тұратындары да бар. Колготки 900 теңгеден бастап 5 000 теңгеге дейін барады. Қара түсті туфлидің қолжетімдісі 5000 теңгеден басталады, «табиғи былғарыдан тігілген» деп ерекшелеген түрлері орта есеппен 15 мың теңгеден жоғары. Ақ бантик 1000-3000 теңге аралығында. Спорттық киім 25 пайыз жеңілдікпен 6 000 теңгеден табылды, бірақ шолу нәтижесінде негізінен орташа баға 15 000 теңге екенін аңғардық. Соңғысы – спорттық аяқкиім, бұның ең арзаны 2 500 теңгеден тұр, алайда сатып алғандардың пікіріне жүгінсек, жағымсыз исі шығады екен. Ал «табиғи былғарыдан тігілген» деп ерекшелегендері 8000 теңгеден 15 000 теңгеге жобаланады. Оқу құралдарына 10 мың теңгеден бастап 20-30 мың теңгеге дейін жұмсауға болады. Әрине, жоғарыдағы бағалар брендіне, матасы мен сапасына қарай өсе береді. Біз тек қолжетімділерін тізіп шықтық. Қорыта есептесек, ең арзанын алғанның өзінде 35 000 теңгеден бастап, ал өте керемет демесек те орташа, тіпті кейде жақсы сападағы заттарды алғысы келгендер 1 баланы мектепке дайындауға 100 мың теңгеден жоғары қаражат жұмсайды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА