22.11.2024

1-сыныпқа 11 мың бала барады

Биыл өңірде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында төрт мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен тағы екі мектеп ашылады.

Жаңа оқу жылы облыс көлемінде 433 мектеп, 177 балабақша, 335 шағын орталық, 33 колледж, 47 қосымша білім мекемесі жұмыс істейтін болады. Білім басқармасының мәлі­ме­тінше, білім беру нысандарын жөндеуге бағытталған қаражат көлемі де қомақты. Мысалы, биыл 155 білім мекемесін жөндеуден өткізуге 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Биыл 13 нысан күрделі, 42 мектеп жоспарлы жөндеуден өтіп жатыр. Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімге сәйкес жаңа оқу жылы басталғанша аяқталады. Білім беру мекеме­лерінің материалдық-техни­калық базасын нығайту мәселесі де ойдағыдай шешіліп жатыр. Бұл мақсатқа биыл 1,8 млрд теңге бағытталды. Балаларды сапалы әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін мектеп техникасы үнемі жаңартылып отырады. Мәселен, 2022-2023 жылдары 30 автобус лизинг арқылы алынса, биыл 4 шағын автобус сатып алдық», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ыбыраева.

Балаларды оқулықпен қамта­масыз ету мәселесі де оңтайлы шешімін тауып жатыр. Білім басқармасының өкілдері биыл да шәкірттерді оқу­лықпен 100 па­йыз қамтамасыз етеміз деп отыр. Мәселен, 2024-2025 оқу жылына 1 млрд 178 млн теңгеге қажетті оқу құралдары сатып алын­бақ. Қазірдің өзінде «Етаndau.Gov.Kz электрондық платформасы арқылы 3-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, қайта басылып шыққан оқулықтар толық көлемде сатып алынған. Оқулықтарға арнайы тапсырыс жергілікті білім бөлімдерінің өтінімдері бойынша беріледі. Мұның сыртында, биыл мектеп кітапханалары үшін 28 мыңнан астам көркем туынды сатып алынып отыр. Олардың дені – қазақ тіліндегі шығармалар.

Педагог мамандардың әдістемесін байытып, білімін тереңдету мәсе­лесі де басты назарда. Өңірде мұға­лімдердің біліктілігін арттыруға ар­налған тегін курстар тұрақты түрде өтіп тұрады. Мысалы, жыл басынан бергі 7 ай ішінде 1 865 мұғалім тегін курстан өткен.

Өңірде мұғалімдердің білік­тілік санатын көтеруге де барлық мүмкіндік қарастырылған. Әр мұғалімнің міндеті – өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыру және балалардың игілігіне жан-тәнімен адал жұмыс атқару екенін ескерсек, облыс ұстаздарының үнемі осы үденің биігінен көрініп, өздерінің тынымсыз еңбектерінің нәтижесін көріп отырғанын айта кеткен жөн. Мысалы, «Pisa» халықаралық зерт­теуінің нәтижесі бойынша өткен оқу жылы облыс оқушылары оқу сауаттылығы бойынша республикада 1-ші, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша 3-ші, матема­ти­калық сауаттылық бойынша 4-орынды иеленген.

Балаларды мектепке дайындау мәселесі де жоспарлы, жүйелі түрде тиянақты тындырылып жатқан шаруа­ның бірі. Өңірде жыл сайын оқушыларды мектеп формасымен және кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей білім беру қорынан қомақты қаржы бөлініп отырады. Мысалы, биыл 10 мың балаға көмек көрсету үшін 434 млн теңге бөлінген.

«Биыл бір балаға 43 407 теңге төлем беріледі. Бұл қаржы ата-ана баланы мектепке дайындай алатындай етіп жылына 1 рет, жаз мезгілінде төленеді. Қаражат ата-ананың жеке есепшотына түседі. Мұның сыртында, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан, АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан қағылған балалар, алқалы орган анықтаған білім алушылардың өзге де санаттары өздеріне қосымша көмек керек болған жағдайда жалпыға бірдей білім беру қорына жүгіне алады», дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Жаппасбаева.

Биыл өңірде «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілердің көмегімен тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 5 500 баланы мектеп формасымен және мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бүгінде аталған игі іс-шараға мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар, түрлі қоғамдық бірлестіктер, жеке кәсіпкерлер атсалысып жатыр. Орайы келгенде, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ең алғаш осы Қостанай өңірінен бастау алғанын айта кету керек. Біраз жыл облыс көлемінде ғана ұйымдастырылып келген іс-шара бүгінде бүтін елді қамтып, тек қалталы кәсіпкерлер ғана емес, «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық тәмсілін берік ұстаным еткен жаны жомарт жайсаң азаматтар да барынша атсалысатын ізгілік акциясына айналды.

Облыстық білім басқармасының болжамынша, биыл шамамен 11 мың балдырған тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қазірдің өзінде 9,5 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған.

Білім беру нысандарының жылыту маусымына дайындық мәселесі де қазірден бастап қолға алынып, ертерек пысықталып жатыр. Облыс мектептері алдағы қыстан қысылмай шығуы үшін 69 мың тоннаның үстінде көмір керек екен. Қажетті қатты отынға 1,2 млрд теңге қарастырылған. Мектептердің дені қазірдің өзінде қысқа жеткілікті отындарын түсіріп алған.

Биыл облыстың білім беру жүйесінің қажетіне 196,3 млрд теңге бөлініп отыр. Жалпы, соңғы үш жыл ішінде салаға бөлінетін қаржы көлемі екі есе ұлғайған.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА