Азамат ісімен, әрекетімен көрікті. Сондай абзал тұлғаның бірі – ұлағатты ұстаз, абыройлы ғалым, көркем мінез иесі Сәрсенғали Әбдіғалиұлы Әбдіманапов.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба…» деп ұлы ақын Абай айтқандай, ақын өсиетін жастайынан көкейіне түйіп, оқу-білім, ғылымға ұмтылған Сәрсенғали Әбдіғалиұлы есейе келе өмірден өз орнын тауып, білім-ғылым саласында танымал тұлғаға айналды. Оның өмір жолы мен атқарған ісі – барлық замандасына да өнеге. «Білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деп білген ұлағатты ұстаздың әрбір әрекеті, берген білімі – жас буын үшін қашанда ұмытылмас дүние.
Ғалым-ұстаз жарты ғасырдан астам педагогикалық қызметінде ондаған оқулықпен қатар, 400-ден астам ғылыми мақала жариялап, ел ғылымы мен біліміне зор үлес қосты. Бұл еңбектерінде автор әлемдік адамзат құндылықтары, мемлекеттік саясат пен тіл мәселесі, студент-жастар болашағы, өз замандастары, әріптестері, ұстаздары туралы толғанумен қатар, математика ғылымы саласынның өзекті зәруліктерін зерделеген. Ғалымның осынау қажырлы еңбегін ескерген Испания корольдігінің докторлар академиясы оны толық мүшелікке қабылдады.
Байсалды басшы, ерік-жігерге толы азамат алғашқы еңбек жолын еліміздегі жетекші жоғары оқу орны Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Дифференциалдық және интегралдық теңдеулер» кафедрасының ассистентінен бастап, оқу ісі проректорына дейін көтерілді. 28 жыл бойы осы оқу орнында қызмет атқарып, өз ісін жетік білетін, білімді де білікті басшы екенін танытты.
Еңбек жолында мол тәжірибе жинақтап, кәсіби кемеліне келген тұста 2000-2004 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры, 2004-2008 жылдары – осы маңдайалды университеттің ректоры қызметін атқарды. Оқу орнының беделін заманауи талапқа сай идеяларымен көтерді. Әрине, мұның бәрі – ғалымның ізденісті еңбегінің жемісі.
С.Әбдіғалиұлының тікелей қатысуымен ЕҰУ базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы ашылып, бүгінде ол дербес оқу орны ретінде ойдағыдай жұмыс істеп келеді. Ал 2012–2022 жылдары Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әрекеттерімен жан-жағына нұрын шашқан С.Әбдіғалиұлының бойынан ұстазға тән парасатты, ғалымға тән ізденімпаздықты, маманға тән біліктілікті, жетекшіге тән талапшылдықты, адамға тән қарапайымдылықты, ағаға тән қамқорлықты жиі көріп келеміз. Ғалымның кісілік келбеті мен болмыс-бітіміне келсек, саналы да сырбаз, шыншыл да сыпайы, қамқор да қарапайым қалпынан айнымайтыны, кімге де болса қолұшын беруге әрдайым дайын тұратындығы сүйсіндіреді. Орнықты ойы, табандылығы мен тиянақтылығы, ұстамдылығы, айналасына шуақ шашып жүретін жаны жайсаң, кішілігі мен кісілігі жүзінен білініп тұратын, ішкі мәдениеті жоғары, табиғатынан сыпайы, ақжарқын жанға ортасы зор құрметпен қарайды.
Мен үшін Сәрсенғали аға – осындай асыл қасиеттің барлығын бір бойына сіңіре білген өнегелі өмір иесі. 2015 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне проректорлық қызметке келген кезімде ол кісі ағалық ілтипатын көрсетті. Қандай да болсын жұмысты меңгеру үшін бір-ақ әдіс бар, ол – үйрену. Менің де айтулы ғалымнан үйренгенім ауыз толтырып айтарлықтай. Басшылық қабілетті, ұйымдастырушылық шеберлікті үйрендім, адамдармен іскерлік қарым-қатынас орнатуда, көпшілікпен санасып жұмыс істеуде көп сабақ алдым десем болады.
Қажырлы еңбек жолында С.Әбдіманаповтың есімі отандық және әлемдік түрлі анықтамалықтармен энциклопедияларға енген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Педагогика және жоғары білім саласы бойынша «ХХІ ғасырдың 2000 көрнекті зияткерлері» басылымында ғалымның аты жоғары бағаланған. «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген білім қызметкері», «Таңдаулы ректор», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иесі – Қарағанды, Астана, Жамбыл өңірлерінің абыройлы тұлғасы.
Ғалым, педагог, қоғам қайраткері С.Ә.Әбдіманапов тындырымды істерімен, батыл бастамаларымен қазіргі заманның сегіз қырлы, бір сырлы азаматының келбетін қалыптастыра білді. Абырой-беделінің кеңдігіне қарамастан қарапайым болуы – ол кісінің тектілігін көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығына аса мән беруі, жасы үлкен азаматтарға ізгілік ілтипат жасауы, жастарға арқа сүйер қамқор аға бола білуі оның көңіл дарқандығын көрсеткендей.
Ғалымның әрбір әңгімесінің астарында адамгершілік құндылық жатады. Өсіп-өнген ортасы, ата-анасының мейірімі, туған жерге сағынышы туралы кей-кейде әңгімелегенде тәрбиелік мәні терең мәліметке қанығасың. Мұны ұстазға тән қасиет деп білемін.
Сәрсенғали Әбдіғалиұлы салиқалы басшы, парасатты зиялы екенін барша әріптесі мойындайды. Ол – жастардың жанашыры. Қасында жүрген іні-қарындастарының, ізбасар шәкірттерінің, қамқорлыққа мұқтаж кез келген жастың тұрмыстық, қаржылық мәселелерін шешуге келгенде ол кісідей қамқор жан кемде-кем.
Келісті көркі, тамаша табиғатымен тамсандырған қасиетті Әулиеата өңірінен түлеп шыққан Сәрсенғали Әбдіғалиұлы ата-бабаларының асыл қасиеттерін бойына жинап, Арқа жұртына да қадірлі бола білді.
Ағамыздың бүгін ауыз толтырып айтатын парасаттылық биігі, беделі, құрметі оның аянбай жасаған жемісті де жеңісті еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Бүгінде жоғары білім саласында «Әбдіманаповтың басқару стилі» ұғымы қалыптасқан. Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген ұлағатты сөзін ол бойтұмар деп қабылдады. Жоғары мектеп академигі Сәрсенғали Әбдіманаповтың өнегесі сарқылмайтын бұлақ екені де осыдан.
Ержан Әмірбекұлы,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының басқарма төрағасы – ректор