3-14 шілде аралығында Кейптаунда (Оңтүстік Африка) ұйымдастырылған Халықаралық математикалық олимпиада-2014 білім додасында Қазақстаннан барған оқушылар 6 медальді қанжығаларына байлады.
Білім сайысына 101 елден 612 оқушы қатысты. «Алтын» жүлдеге О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Ахан Ысмайылов қол жеткізсе, Шымкенттегі қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Серғазы Қалмырзаев күміс медальді иемденді.
Сонымен қатар О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының 11 сыныптағы екі оқушысы, яғни Әлішер Тортай мен Ержан Иманмәлік, сондай-ақ Тараздағы қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Данияр Камал және Астанадағы қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Қуандық Алтынханов қола жүлдені еншіледі.
Айта кетейік, Қазақстан аталған олимпиадаға 1998 жылдан бері қатысып келе жатыр.
Руслан Ғаббасов
http:inform.kz