22.11.2024

ОҚЫТУШЫ ДЕГЕН KIM?

Бұл ат қазақ ішінде жаңа ғана естіліп тарай бастаған, әлі анық құлаққа сіңбеген бір белгі. Жаңадан шыққанына қарағанда ауыздан әлі түспеске жөні бар еді, бірақ өзі де ойлағандай болып шықпады.
Естіген құлақ, көрген көз бұл аттан ат-тонын ала қашқандай түрге мінді деуге ауыз барады. Кейбіреулерден: «Оқытушы құрысын, әйел бұзып алудан басқа түк бітірмейді. Тегін қазынаның ақшасын алады» дегенді естисің. Кейбіреулер: «Оқытушы деген – шайтандық! Балаларды бұзады, көңілге ұнарлық бір қылығы жоқ» дейді. Тағы осындай жалпақ қалың қазақ ішінде оқытушыларға тағып жүрген атақты жинаса, қолға ұстарлық недәуір кітап болар еді.
Бұл атақтар неден шығып отыр, неден оқытушы «қойшыға қор, жылқышыға жыр» дегендей болып, осынша ауызға ілінді?
Бұдан қанша пайда, қанша залал күтуге болады? Оқытушының өзі болсын, үкімет болсын оқытушы турасындағы теріс пікірді немен түзей алады?
Мектепте, үйде, түзде оқытушы қандай болуы керек?
Жаратылыстың неше түрлі, неше тарау қарастырып сынға салып, көз жеткізіп, салмақтап келсе адам баласы жаумен жағаласарда қаруланған әскердей әр түрлі өнермен қаруланады. Сондықтан қанша заман бастан кешсе, соншама ылғи ойлауда, іздеуде, табуда, ілгері басуда.
Бұл басты шатастырып отырған көп құралдардың атын білім дейміз. Жаратылыстың ұшығына жеткізбейтін қаншалық көп сыры болса, сонша тарау білім бар. Барлық білімнің тарауларын бір адам қандай өнері болғанымен түгел білуге өмірі жетпейді. Бірақ әр түрлі қып жеңілдеткен білім арқылы жайлы, жеңіл деп тапқан жолмен, әдіспен жүріп отырып, әр білімнен сезім алып, соның ішінен бірін ғана оңдап біліп ұстап алады. Осы білімді адам баласына егетін, өсіретін, адам баласына анық адам атын кигізетін адамдарды оқытушы деп айтады.
Оқытушы жалғыз бұл заманда бізде ғана болып отырған емес. Әр дәуірдің, әр елдің өз тұрмысына, біліміне қарай оқытушы да болмақ. Бұл заманның оқытушыларын өткен замандардың оқытушыларымен салыстыруға болмайды.. Өмір ілгері басқан сайын, білім де ілгері басуда. Онымен бірге оқытушы да ілгері баспақ. Білім жүзінде үздік, ілгері жүрген жұрттың оқытушылары да ілгері: өнерлі, әдісті. Мұндай жұрттар істің негізіне көз салып, оқытушыларын басқадан артық құрметтейді, бірінші орын олардікі болады, қазақша айтқанда, бұла болады. Біздің Ресей одағының қазіргі беті осы сияқты оқытушыны құрметтеп, қадірлейтін бет. Бірақ бұл қадірді оқытушыларға қолмен ұстатып, көзбен көрсетпей отырған шаруамыздың аз уақыттық кемсіндігі. «Ер қосы жүре түзелер» дегендей, шаруашылық түзелгенге қарай тұрмыстың басқа тарауындағы бетке тіккен нысанаға да созылған қол жетуге айналып, таяй бермек. Тек оқытушылар өз аттарын қадірлей біліп, еңбегі қайда баратынын жаңылмай, қиындыққа шыдаса, сонда ғана ынтасы мен талабы жанбақ. Қалаған биігіне жетпек. Ойды анықтап, тереңірек салып қарасақ, жалпы білім иелерінің арасында кім құрметті, қадірлі болуға жөні бар? Әрине, оқытушылар. Себебі, барлық жаратылысқа не болып жүрген, келешекте жүретіндердің бәрі кімнің қолынан өткен һәм өтпек?! Жаратылыстың сом, домбал қалпынша берген адам атты жан иесін, жақсы ұстаның дүкеннен істеліп шыққан нәзік, сүйкімді сұлу нәрселері сықылды түрлендіріп шығаратын жалғыз – оқытушы. Оқып жүрген жас баланы өзіндей түрленген адамдармен жаратылысқа ие болу жолына жарысқа қосатын – оқытушы. Сондықтан адам өз басын қадірлесе, алдымен оқытушыны қадірлеуге міндетті екендігі осыдан шығады.
Жоғарыда айтып кеткен оқытушыларын қадірлейтін елдер осыны тұрмыс негізіне алғандығы байқалады. Енді өз елімізге, өз оқытушыларымызға келейік. Біздің жұрттың ішінде бастапқы айтып кеткен көңілсіздік неден туып отыр?…
Бұл көңілсіздіктің түп тамыры елде де, оқытушыларда да бар. Бірақ екеуінің күнәсін қатар салмақтап келгенде ел оқытушылардай жазықты емес болып шығады.
«Жүк түйеге келмейді, түйе жүкке келеді» дегендей, оқытушы елге икемденуге, жақындауға керек еді, біздің оқытушылар бұл жерден табылмады. Елдің сезімін, білімін, әдетін, тұрмысын естен шығармай, ойға қатты тоқып, істің негізіне тіреулі қылу керек еді. Осы айтқандардың бәрін еске алған адам оқытушы ішінде жоққа жақын болды.
Бұл оқытушылардың шалалығы, білімге анық піспегендігі, саясатқа соқырлығы, қолға бір жапырақ қағаз алып, тұнық жатқан елге тұтқыдан шауып барып, 20-жылғы болған милициядай елдің үрейін ұшырып, «істесең де істейсің, істемесең де істейсің» деушілер өткен жылдар түгіл, бүгінде де толып жатыр.
Мұндай іс оқу-білім бетіне, жалпы негізге қайшы әдіс. Ең әуелі елдің қай жылдан бері білім іздей бастағанын ойға алу керек емес пе еді? Шалағайлық әдісін қолдану, елді біржола қасқыр шапқан қойдай үркіту білім беру орнына білімнен қуумен бір есеп емес пе? Қазақтың бұл уақыттағы тиынын аямай, қаладан қала қоймай, жаяу-жалпылы жүргені ненің белгісі. Бұрын баласына бұл шығарудың орнына үйден шығармай «пәлен болып қалар ма екен, түлен болып қалар ма екен» дейтіннің бәрі жоғалмаса да, аз-аздап аяқси бастағандығының үлкен белгісі емес пе? Қырдан баланың қалаға келуі ел оқытушыларының кемдігіне үлкен дәлел емес пе?
Әрине, жалпы-жалпақ даланың балаларына оқытушы жазалы емес, жалғыз өз аймағына иелік қылып, өз бағасын өзі түсіргендерге айтылып отыр. Бұдан соңғы бір кемшілік – аз оқып елге барсақ қара бұқараны менсінбейтіндігіміз тағы бар.
Бұл әдетшенің де кесірі жоғарыда айтқандардан артық болмаса, кем емес. Қара байырғы елдің сырт қарағанда сезімі оқығандардікіндей «нәзік» көрінсе де, іші аса сезімді, сынампаз, ат таққыш, мысқылшыл екеніне бір адам дау айтпас.
Міне, осы себептерден бастапқы айтқан атақтарды киіп отырмыз. Оқытушы осындай көп сыншының ішіне бара тұрып, барлық елмен байланыс жерін қарастырмай, жағымсыз-жағымдылықты салмақтамай, қай жері әдістің ұнамды, қай жері ұнамсыздығын ойға мықтап тоқымай «ордым-бардым» жолымен өткен уақыттағыдай жүре берсек, елдің баласын жиып алып, білім жолына бет қойғызуымызға, қай уақытта болсын бір мықты декрет керек қылмай қойғызбайды. Бала жиып оқыту үшін декрет керек қылсақ ұрылғанымыз, оңбағанымыз.
Елдің барлық баласын қалаға жиып алып, тәрбие, оқу беруге болмайды. Дала баласын далада оқытып, көңілі соққанын, оқуы жеткенін қалаға жіберуіміз керек. Балаларды, баланың жақындарын оқытушы ұғыныс, адам сүю жолымен өз айналасына үйір қылу, бауырына тартуға міндетті. Жақсылық іс адамды қол бұлғап шақырмайды. Жан иесі жақсылықты өз сезімімен сүйіп, өз бетімен керек қылып, жақсылыққа жабырламақ. Балға, басқа тәттіге қонған, үймелеген масадай тоймақ, татпақ. Жақсылық негізі – білім.
Бұлай болғанда білім де, оны егуші де өзіне тартып жабыстыратын магнитше өзіне қарай икемдеп тартып біліммен ғана еркін алу керек.
Бірден мұндай болып кете қалу, әрине, қолдан келмейтін іс. Бірақ ойын осы жобаның ізіне салып, тайғақтатпай, тайғызбай, дәл магнит болмасам да соған жақындайын деген ой естен шықпауға керек. Сонда ғана оңа бастаймыз, оңамыз. Егер бұл айтылып отырған нұсқа ойға тоқылмаса, құлаққа ілінбесе, ең артығы білім жолында басты болып, еңбек сіңіріп жүрмін деген өтірік атақты босқа кимей, тезінен құтылудан басқа айла жоқ. Оқу жолы сауда-саттық жолы емес, анау-мынау алдап күн көретін. Бұл жол кіршіксіз таза жол: таза ынта, таза терді ғана сүйетін. Тегі мақсұтымыз біздің жаңа ғана ынталанып келетін елдің ынтасын жою, сөндіру емес қой. «Қаз-қаздап» баланы жүруге үйреткендей біртіндеп ілгері бастыру, басқан сайын жанға жайлы тигендікті білгізіп қуану. Бұл уақытта елге біз жалынышты болуымыз керек. Себебі, біздің еңбектеріміз әлі елге сіңген жоқ.
Елге жақсы мінез, таза білім, басқа тұрмыстарына керек жеріне еңбек сіңірсек содан соңғы өзіміздің түпкі ойымызға жетуімізге кедергі аз қалады.
Елге жағу деген сөздерді бұрынғы уақыттағыдай ұғынуға болмайды. Молдакеңдерше, көбі молдасымақтарша тұрған үйінің шайын қойып, малын күтісіп, басқа осындай өзіне лайық емес жұмыстарын істеп жағын деген емес, әл келгенше елге, аймаққа біліммен көмек көрсетіп, көзін ашу, тұрмыстың жүйесін тауып беру, адамшылық адамды өзіндей сүюшілікке түсіндіру, қысқасы, тұрған аймаққа үлгі болу.
Мұның бәрі бірдей орнай қалатын іс емес, бірақ ойға салып жүрісін, тұрысын, істейтін ісін жоспарлап тоқып алса қолдан келмейді деуге болмайды. Ынта, жігер жеңбейтін жаратылыста нәрсе жоқ. Сол себепті, бұл іс оқытушыларымыздың талапты, ынталы, жігерлі болуына байланады.
Мұндай оқытушыларымыз көп пе, аз ба, қалай қылсақ көбейеді, ол кімнің міндеті келешекте жазылмай кетпес.

Сәтпайұлы

Алаш көсемсізінің VI томынан алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА