22.11.2024

Антикор білім саласында жемқорлық фактісі жиі тіркелетін өңірлерді атады

2023 жылдың басынан бері білім беру саласында жемқорлық фактілері бойынша 287 қылмыстық іс тіркелді. Білім беру саласындағы жемқорлық былықтар туралы толығырақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтып берді.

«Қаржы жымқырудың ең көп сомасы Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды. Жемқорлық қылмыс жасаған 386 адам әшкереленіп, оның ішінде 207 адам сотталды», – деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Антикордың ресми өкілі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы мен оның қарамағындағыларға (бас бухгалтер, бас экономист және 24 мектептің бухгалтері) қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын айтты.

«Олар мектептерде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы аудару арқылы 213 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырған деп айыпталуда. Бұдан басқа, Білім бөлімінің бас бухгалтері қылмыстық жолмен алынған 6,5 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді», – дейді ол.

Одан бөлек, брифинг барысында Тараз қаласы Политехникалық колледжінің директорына қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны белгілі болды.

«Колледж директорына «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша талапкерге жалпы білім беру грантын беруге көмектескені үшін пара алды деген айып тағылды. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды», – деп толықтырды спикер.

Еске сала кетсек, өткен жылы да білім саласында жемқорлық фактілерінің көптігі айтылған еді.

Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім беруді қаржыландырудағы сыбайлас жемқорлық қатерлеріне бірлескен талдау жүргізуге уағдаласты.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА