24.11.2024

«Ойымыз – қазақ даласына техникалық білім тарату»

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына алған кезінде: «Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз», деп мәлімдеді. Оның үстіне Мемлекет басшысы қарапайым жұмысшы еңбегін дәріптеу қажеттігін алға тартып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім ұйымдары да білікті кадрлар даярлауы қажет деп, кәсіптік білім саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе екенін қадап айтты. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам болмақ.

Қай заманда да жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары болған. Сонау ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин қазақ жерінде кәсіптік білімнің негізін қалап, жұмысшы мамандар даярлау ісіне ерекше мән берген. Бұған оның мына бір сөздері айғақ: «Қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами беруіне көмектесе алатын адамдар қажет» (жақын досы, әріптесі В.Катаринскийге 1888 жылы 28 ақпанда жазған хатынан). Ы.Алтынсарин халқының мүшкіл халін, тұрмысын түзеп, тұтынуына қажетті тауарларды өндірумен айналысатын кәсіби мамандар даярлау мәселесін көтеріп, осы бір игі іске белсене кіріскенін айғақтайтын фактілер де жетерлік.

Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметін атқарып жүрген кезінде (1882 жыл) жасаған есептерінің бірінде: «…Қыздар үйлерінен қатынап оқиды. Оларға қарапайым ха­лықтың тұрмысына керекті, мысалы, киім пішу, киім тігу, шәлі тоқу, жүн, қыл секілді материалдан өрмек тоқу, киіз басу, бау және тақыр кілем тоқу сияқты әйелдер істейтін жұмыс үйретілді», деп жазған. Мұның алдында қазақ педагогі өзі аса құрмет тұтатын досы, ұста­зы, шығыстанушы-ғалым Н.Ильминскийге мына бір жа­ңа­лықты қуана жеткізген еді: «…мектептің қолөнер бөлімін ашуға кірісіп жатырмыз, ал жуырда жеміс ағаштары және огород егуді де қолға алмақпыз. …Оның үстіне Торғайда ерекше қолөнер мектебін ашпақшымыз және оны құрметті Яковлевтің есімімен атамақшымыз».

Сөз реті келгенде айтып өтелік, мектеп ашу ісінде Яков Петровичтің Алтынсаринге көп көмегі тиген. Торғайда тұңғыш ашылған осы қолөнер мектебінің жұмысын алға бастыру оңайға түспегені түсінікті. Ең қажеттісі – арнайы оқулықтар, оқытушы мамандар жоқтың қасы еді. Бар жауапкершілік инспектор Ы.Алтынсариннің мойнына түсті. Ол тағы да орыс достарының көмегіне жүгінеді. Ильминскийге хат жазып, «қайы­рымды жүрегіңізден қа­зақ халқын оқыту ісіне де кішкене орын беріңіз, ақыл-кеңе­сіңізді айтып отырыңыз, іскер оқытушылар жіберіңіз» деп өтінеді. «Сізде қолөнерін, бау-бақша, огород істерін, мал шаруашылығын және егіншілік кәсібін үйретуге арналған практикалық жеңіл оқу құралдары жоқ па?» деп сұрайды.

Тағы бір таңғаларлығы, ма­ман­­дардың қат кезінің өзінде қолөнер мектебі үшін мықты кадрлар іздеген. Ол жақсы оқытушы үшін барлық жағдай жасауды да мойнына алып отырған. Сөзіміз жалаң болмас үшін, мына бір хатынан (В.Катаринскийге, 1883 жыл 1 сәуір) үзінді келтірейік: «…ағаш-балта ұсталығы өнерінен сабақ беретін бір жақсы оқытушы табыла қалатын болса, оның үстіне оқу-жазу үйрете білетін де болса, оған пәтер беріп, оның үстіне 400-500 сом жалақы берудің де тәсілін табар едім».

Қолөнер мектебі ашылғаннан кейін де тыным таппай, ондағы оқу-тәрбие жұмысын қадағалап, ақыл-кеңесін беріп отырған. Сол үшін де бірнеше мәрте іссапарға шыққанын мына бір сөздері айғақтайды: «Арғы күні тағы да Торғайға жүргелі отырмын. Онда жаңа ашылған қолөнер мектебінің жұмысы қалай жүріп жатқанын байқау, оның шаруашылығын біржола жолға салу үшін, Торғайда осы айдың аяғына дейін болмақ­пын». Ы.Алтынсарин осылайша атқарылуға тиіс іс-шараларды алдын ала жоспарлап, тиянақты орындаған.

Дереккөздерге сүйенсек, инс­пектор Ы.Алтынсариннің өзі бас болып, қолөнер училищесін бітіргендерді сынақтан өткі­зіп, мамандықтарына сәйкес куәліктерін тапсырған. «Алғаш­қы мамандардың ішінде Торғай уезінің Шұбалаң болысындағы №2 ауылдың азаматтары Мығымбай Көр­кембаев пен Бижан Айдар­­­беков ағаш шебері және токарь мамандықтарын алды. Олар Торғай даласындағы тұңғыш қолөнер мамандары еді». Қандай да бір оқу орнын ашу үшін, әрине, қаражат, құрылыс материалдары қа­жет. Ы.Алтынсарин мұның да жолын тапқан. Ел ішінен қамқоршылар іздеп (бүгінде оларды демеу­шілер дейміз), солардың көме­гіне жүгінген. Олар бірде бөре­не, кірпіш түрінде материалдар беріп, демеушілік жасаса, енді бірі ақшалай (100 сом, 200 сом) жәрдемдескен. Сондай-ақ қазақ арасынан, кедейлерден басқасынан үй басынан 1 сом ақша жинауды ұйымдастырып, кәсіби мамандар даярлау мәсе­лесін ұтымды шешуді қолға алғанын ұлы педагогтің мына сөздері дәлелдейді: «.. мен енді осы ақшаның бірқатарын Қостанайда бір жөні берік негізге қойылған техникалық және ауылшаруашылық учи­ли­щелерін ашуға жұмсаған пай­далы болар еді деп ойлай­мын». Ы.Алтынсарин өз қолы­мен жазған мәліметтеріне қа­ра­ғанда, Красноуфимскідегі реаль­ное училищеде қазақ­тарды техникалық ғылымдарға оқытуға төрт стипендия, ал ауыл­шаруашылық маман­дық­та­рын игерушілерге арнап бес стипендия тағайындаған. Мұнда оқу ісі түгелімен тә­жіри­беге негізделген. Оқу ор­нында былғары илеу, сабын қайнату, май шайқау, құ­мыра жасау істері, ағаш-токарь, ұста-слесарь өнерлері, ауыл шаруашылығынан – бау-бақша салу, мал шаруа­шы­лығы, егін жайлары үй­ре­ті­ліп, жаңа машиналармен олар­дың құрылыстарымен та­­ныс­тыру жұмысы жүр­гізілген. Ы.Алтынсарин Крас­ноуфимск училищесі секілді облыста қазақтарға арнап ауыл шаруашылығы мек­те­бін ашу туралы жоба ұсын­ған. Ол техникалық мәні бар іс-шараларды іске асыру сахара­да­ғы қазақтарға игі әсерін ти­гі­зеді деп санады. Сол себепті Красноуфимск училищесін бітірген Уәли Измаиловты Ақтөбе училищесіне, Бөлебай Сарыбатыровты Ырғыз учили­ще­сіне, Елжан Оразбаев­ты Торғайға, Асылқожа Құрман­баевты Николаевск учили­щесіне жібереді. «Ойымыз – қазақ даласына техникалық білім тарату… Б.Сарыбатыровтың тері заводын ашуға құлшына кіріскісі келеді, қажетті есеп-қисап, смета жасауды да өз мойнына аламын деп отыр», деп жазады Ы.Алтынсарин.

Кәсіптік білім беру ісін дамыту бағытындағы Ы.Алтынсарин қызметінің сан қырлы, ауқымы­ның кең болғанын айғақтайтын фактілердің тағы бірі мынау: «…мен бұл жерлердің даласынан «кермек» деген шөпті іздеп жүргенім өздеріңізге мәлім, ал ондай шөп бұл жақтан табыл­ма­ғандықтан, мен енді сол сияқты тері илейтін, бояу болатын басқа шөптерді жинап жа­тыр­мын. Ал сізден өтінерім: Ырғыз дүкендерінен «ермен» деген шөпті сатып алыңыз. Бұл Түркістан өлкесінен әкелінеді, өзі бояу болады» (Ф.Соколовқа, 1886 жыл 9 қазан). Бұл сөздеріне қарағанда, оқу ісінің инспекторы Алтынсарин болашақ мамандардың іс-тәжірибесіне қажетті мәселені де өзі бас болып қолға алып, шешімін табуға құлшына кіріскенін байқаймыз. Қандай табандылық, жан­кеш­тілік десеңізші. Осы айтыл­­ғандардың бәрінен ойға түйе­тініміз: Ыбырай Алтын­сарин – қазақ жеріндегі кәсіп­тік білім жүйесінің негізін қала­ған ардақты тұлға, табанды қай­раткер. Ағартушы өнегесінің өміршеңдігін бүгінгі тәжірибе, жұмысшы маман­дық­тарына деген сұраныс айқындап отыр. Қарапайым жұмысшы еңбе­гімен қарқынды дамуға жол ашылып, ел әлеуеті арта түседі. Сөзімізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзімен түйіндейік: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бас­тысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі».

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім саласының құрметті қызметкері

Қостанай

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА