Осы оқу жылының басынан бері балабақшаларда 35,7 мың жаңа орын пайда болды. Соның ішінде 11 600 орын – мемлекеттік, 25 600 орын – жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда ашылып отыр. Бұл туралы Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Баспасөз жиынында сөз алған Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манар Адамова 2027 жылға дейін 300 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарланғанын жеткізді.
«2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында министрлік Мектепке дейінгі ұйымдар желісін көбейту жөнінде бірқатар шара қабылдады. Жергілікті атқарушы органдар министрлікпен келісе отырып жаңа мектепке дейінгі ұйымдар (МДҰ) және жаңа орындарды енгізудің қадамдық жоспарларын бекітті. Соған сәйкес 2023 жылдан 2027 жылға дейін 300 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарланған. Жыл басынан бері 35,7 мың жаңа орын ашылды. Жаңа орындарды ашу жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарды қайта құрылымдау, жаңадан салу, шағын орталықтар желісін кеңейту, сондай-ақ жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде балаларды қамтудың ең жоғары көрсеткішіне Павлодар облысы қол жеткізіп отыр», деді спикер.
М.Адамованың айтуынша, биыл мектеп жасына дейінгі баланың жеке даму картасы цифрлы форматқа көшірілді. Бұл балалар дағдыларының дамуы мен қалыптасуын бақылауға мүмкіндік береді. Картада дамудың барлық маңызды аспектілері көрсетілген: типтік оқу бағдарламасын игеру барысында қалыптасатын физикалық жағдай, коммуникативті, танымдық, интеллектуалды, шығармашылық, зерттеу және әлеуметтік-эмоционалды дағдылар. Мұндай жүйелі тәсіл сапалы білімді қамтамасыз етеді және балалардың бастауыш мектепте табысты бейімделуіне ықпал етеді.
«Беске дейін үлгеру» мобильді қосымшасымен ата-аналардың ерте жастағы балаларды дамыту, сондай-ақ практикалық білімін арттыру бойынша 300 мыңнан аса ата-ананы қамту жоспарланып отыр. «Беске дейін үлгеру» мобильді қосымшасы толығымен тегін әрі мессенджерлер, ата-аналарға арналған кеңес беру пункттері, басқа да қолжетімді тәсілдер арқылы таратылады. Нәтижесінде, ата-аналар мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, дамыту, олармен өзара әрекеттесу мәселелері бойынша әдістемелік және психологиялық сүйемелдеу алады. Биыл жазғы кезеңде 115 мың мектепке дейінгі жастағы балалар 5,1 мың педагогтің қатысуымен 2900 мектеп базасында «Балақайлар мектебі» қысқамерзімді курсымен қамтылды. Синхрондау және мектепке дейінгі ұйымдар мен мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету шеңберінде баланың жеке даму картасы цифрландырылды, бұдан әрі 1-сынып мұғалімдеріне беріледі. Бұл біздің тәрбиешілерге әр баланың дамуының одан әрі жеке траекториясын дұрыс құруға көмектеседі», деді М.Адамова.
Спикердің сөзіне сүйенсек, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша кадрлар даярлау 119 колледжде (оның ішінде 37-сі – мемлекеттік), мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогикасы бағыты бойынша 39 ЖОО-да жүзеге асырылады. Биыл осы бағыт бойынша 1268 грант бөлінді. Министрлік Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп «Болашақ» халықаралық стипендиясының басым бағыттарының тізбесіне балаларды ерте дамыту саласының мамандығын енгізу мәселесі пысықталып жатыр.