22.11.2024

Министр оқулықтардағы қателерді түзетуге қарсы ма?

Гани Бейсембаев мырза! Сіз менің қандай мәселені көтеріп жүргенімді білесіз деп ойлаймын. Жалпы көпшілік үшін оны тағы да қайталайын. Білім министрлігіне геометрия оқулықтарындағы қаптаған қателердің ішінен алдымен ең өрескел екі қатені түзетудің қажеттігін айтудамын. Министрлік жеті жылдан бері ол қателерді түзете алмай келеді.

Қатенің біріншісі – оқулықтарда үшбұрыштың үш кесіндіден құрылған фигура мазмұнында анықталуы. Орыс академигі А.В.Погорелов 1982 жылдан бастап қолданылған оқулығында «үшбұрышты» анықтаймын деп, «тұйықталған үшбуынды сынықты» суреттеген болатын. Бұл қазақ тілі сабағында мұғалімнің сан есімді өтеміз деп алып, сын есімді әңгіме етіп кеткеніндей нәрсе ғой. Осы сияқты бір ұғымды басқа ұғыммен ауыстырып алу қатесін логикада «паралогизм» дейді. Бұндай қатені қарастырып отырған ұғымды тануға білімі жетпейтіндер жасайды.

Өзінше сыни ойлай алмайтын, Погорелов сияқты беделдер не айтса, соны көшіріп алуға дағдыланған әкелі-балалы Шыныбековтер, В.А.Смирнов пен Е.А.Тұяқовтар да оқулықтарында осы өрескел қате анықтаманы қолданып жүр. Сіздің тапсырмаңызбен болар, министрлік үшбұрышқа қатысты мәселені талқылау үшін екі рет (16.02.23; 11.04.24) zoom конференция өткізді. Оған мәскеулік профессор В.Смирнов қатыспады. Жиынға қатысқан Ә.Шыныбеков пен Е.Тұяқов «үшбұрыш – үш кесіндіден құрылған фигура» емес екендігін «ұғына алмады». Бұл олардың геометриялық сауаттарының деңгейін көрсетсе керек. Профессор Абдухали Шыныбеков осы жиында «Үшбұрыштың анықтамасы түзетілгеннен оқушылардың білімі артып кете ме?» деп тұлданғанынан оның білім беруге деген көзқарасын байқадық. Ә.Шыныбеков геометрия оқулығын 2016 жылға дейін жеке өзі жазып келген еді. Ал 2017 жылдан бастап шыққан оқулықтарға баласын автор етіп қосып ала салуы біздің қоғамдағы заңсыздықтардың бірі болса керек. Ол А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының сарапшыларына геометрия оқулықтарындағы әріп қатесін түзеттірді ме, онысын өзі айта жатар. Бұның министрлікке қатысы жоқ па?

Математика және математикалық моделдеу институтының Бас директоры, ф.-м.ғ.д., профессор Makhmud Sadybekov бар білгені осы ма, әлде білімнің оқушыларға дәл берілуінен гөрі оқулық авторларымен сыбайласып, олардың қатесін жасырып қалуды артық санады ма, оқулықтардағы өрескел қате анықтаманы түзетудің қажеті жоқ деген жалған шешім шығара салды. Профессордың үшбұрыштың анықтамасына баға беруге білімі жетпесе, ең болмаса, Ресей мектептері 11 жылдан бері Погореловтың қатесін неге түзетіп оқытып жатыр деп ойламай ма? Ал үшбұрыштың не екенін өзбеттерінше анықтай алмаған Сіз басқарып отырған министрлік, М.Садыбековтың осы шешіміне сүйеніп, еліміздің жеті жарым мыңнан астам мектептерінде үшбұрышты қырық үшінші жылы да қате оқыта беруге жол беріп отыр. Білім беру ісінде бұдан өткен қылмыс бола ма?

Екінші мәселе. Жер бетінде бірнеше мың жылдан бері трапецияның «тік бұрышты трапеция», «тең бүйірлі трапеция» және осы кезге дейін атауы (термин) табылмаған тағы бір түрі қарастырылып келеді. Оны әркім әржерде өз білгенінше атап жүр. Жаңа туған нәрестеге белгілі бір ғана ат (есім) қойылатыны сияқты, трапецияның бұл түріне де бір ғана атау берілуі тиіс қой. Бұл – геометрия ғылымындағы трапеция туралы танымның толық еместігінің дәлелі. Ауылдағы қазақ мектебінде қызмет ете жүріп, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында осы атауы жоқ трапецияны «сүйір бұрышты трапеция» деп атауға болатынын анықтадық. Сонымен бірге болмыста «доғал бұрышты трапецияның» да бар екенін таптық. Трапецияның бірнеше жаңа қасиеттерін анықтап, оның ауданын табатын формулалардың жалпы саны оннан асты. Оларды шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер ширек ғасырдан бері өз сабақарында қолданып жүр. Осы жұмыстарға ҚР Әділет министрлігі екі авторлық куәлік берді. Экс-министр А.Аймағамбетов оны ғылыми кеңесте талқылап, 2019 жылдың 10 желтоқсанында: «Сіз ұсынған жобаның материалдары жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған «Геометрия» оқу бағдарламасының оқу мақсаттарын қамтиды. Баспа және оқулық авторларының келісімімен 8-сыныптың геометрия оқулығына материалдарыңызды келесі басылымына енгізе аласыз» деді. Басқаша айтқанда бұл – министрдің оқулықтардағы мыңдаған жылдардан бері келе жатқан қатені түзетіп, жаңалықты ғылымға енгізейік деген сөзі еді. Министр ауысып кетті, ал Сіздер ешбір дәлелсіз оған қарсы жұмыс істей бастадыңыздар. Сіздердің мұғалімді шығармашылықпен жұмыс істеуге ынталандырғандарыңыз, еңбегін бағалағандарыңыз осы ма?

Гани Бейсембаев мырза, Сіз Алтынсарин академиясының президенті кезіңізде осы екі мәселеге қатысты мынадай жауап бергенсіз: «7-сыныпта үшбұрыштың анықтамасын бір түзудің бойында жатпайтын үш нүкте және осы нүктелерді қосатын үш кесінді ретінде берген жеткілікті. 8-сыныпқа арналған «Геометрия» пәнінен Үлгілік оқу бағдарламасында тікбұрышты трапеция және теңбүйірлі трапеция қарастырылған. Оқу бағдарламасында трапецияның осы түрлерін ғана берген жеткілікті»(26.03.2021). Осындағы үшбұрыштың анықтамасы туралы пайымыңыз оқулық авторларының жаттанды софистік сөзі екені көрініп тұр. Ал екінші пікіріңізден Сіздің адамзат баласы мыңдаған жылдар бойы қарастырып келе жатқан атауы жоқ трапецияны да оқытуға қарсы екеніңізді байқадық. Яғни, «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылдының» кері болды.

Оқулық авторлары мен министрліктің шенеуніктерінің геометриялық түсініктерінің деңгейін анық байқаған соң, Сізден мені осы мәселелерді түсініп, талдай алатын бір ғалыммен байланыстыруыңызды сұранғанмын. Әлі жауап бермей келесіз. Сонда Сіз, елімізден геометриялық ұғымдарды анықтау заңдылықтарын білетін бір математикті таба алмадыңыз ба, әлде мектеп мұғаліміне жауап беруді қажет деп таппадыңыз ба?
Министр мырза, Сізді оқытудың ғылымилық принципін біледі деп ойлаймын. Ол принцип – оқушыларға берілетін білімнің мазмұны ғылымның бүгінгі күнгі деңгейіне сай келуі керек дегенді білдіреді. Ал қазіргі бәсекелестікпен қатар қолданылып жүрген үш геометрия оқулығының оншақты авторы ғылымға отыз жыл бұрын енген трапецияның жаңа түрлерін ешбір негізсіз оқулыққа жазбаймыз, ежелгі мысырлықтарша оқыта береміз деп отыр. Сонда, оқулық жазған ғалымдарды қолдап отырған министрлік те оқулықтағы қатенің түзетілуіне, ғылымның дамуына қарсы болып отырған болып шықпай ма? Оқытудың ғылымилық принципін сақтамай, оқулық авторлары жазып берген «ертегілерді» оқыта беруде қандай мән бар?
Осы біз оқу бағдарламаларын жазуда біреулерге тәуелдіміз бе? Әйтпесе, ешкім бізге «қазақтар, сендер неге елден ерек трапецияның төрт түрін оқытып жатырсыңдар?» демейтін шығар. Қайта осы жаңалықты оқулыққа жазсақ, оқушылардың трапеция туралы танымы толығып, басқа халықтар оны қазақ геометриясынан үйреніп, ел ғылымының беделі өспей ме?

Ғани Бектайұлы! Оқулықтарда кездескен әрбір қате министрліктің тізгінін ұстап отырған Сіздің атыңызға нұқсан келтіретіні анық. Қазіргі шенеунік біткен мектепке өзінің білім сапасын көтеретін «тәсілдерін» ала келетін болып алды. Оқулықта ғылыми қателер өріп жүргенде, білімде қандай сапа болады? Оқу бағдарламасы мен оқулықтардағы қатені түзету мәселесін жалғыз мен айтып жүргенім жоқ. Сондықтан, алдымен оқулықтардағы осы сияқты қателерді түзетуге жеткілікті көңіл бөлгеніңіз жөн деп ойлаймыз.

Ізтілеуұлы Қалмырза 22.10.2024

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА