22.11.2024

ОЙЫН БАЛАСЫН ОЙЛАНДЫРА АЛАМЫЗ БА?

Білім беру ісінің үздігі атанған Сайрангүл Дүкенбаеваның есімі алматылық ұстаздар арасында құрметпен аталады. Балалар тәрбиесіне 35 жылын арнаған білікті маман бүгінде Ш.Уәлиханов атындағы гимназияда музыкадан дәріс береді.
Бір қарағанда айтуға оңай, көрген көзге жеңілдеу көрінетін мамандықтың мәні терең, мазмұны ерекше екендігін басты бағдар етіп алған музыка пәнінің мұғалімі ойын баласын ойландырудың жолы аталған пәнмен тығыз байланыстылығын ұдайы естен шығармайды.

Бастауыш сыныптан оқушыны музыка арқылы шығармашылыққа ғана емес, отаншылдыққа да баулуға бола­тын­дығын жиі айтатын үздік ұстазбен әңгімеміз төл өнердің таптырмас құралы бола алатындығынан басталды.

– Өткен ғасырда өрісіміз тар, айтар әніміз айшықты болмағанын жасыр­маймын. Ол кезде музыка пәні Димитрий Ковалевский құрастыран бағдарламамен оқытылды. Қазақша бір-екі ән болмаса, негізінен балаларға орысша әндерді үйретіп келдік. Аға буынның арасында әлі күнге сол әндерді ұмытпағандар жиі ұшырасады. Неге десеңіз, жадымызда жатталған әндер көңілді, ойнаңқы, жат­тауға оңай болатын. Бәрінен де патриот­тық сезімді оятатын музыкалар құлақ құрышын қандырып, рухымызды оятатын. Соның әсерінен де болар, бала кезінен отаншыл болып өскенімізді жасыруға болмас.

Міне, осы жағын еске түсіргенде, қазіргі қазақ баласына да, өзге ұлт өрендерінің де жүрегінде елге, жерге сүйспеншілікті оятатын, Отан қорғауға үндейтін, ата-ананы ардақтайтын, шекарамызға шырақ болар, шымыр да шыншыл жас ұрпақтың жан дүниесіне әсер етерлік ерекше әндер көп керек.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері алматылық баспалардан музыка пәніне арналған кітапшалар жарық көрді. Соларды амалсыз ән сабағына пайда­ландық. Амалсыз деп отырған себебім, кітап қанша құнды болса да ішіндегі дү­ниелер ән сабағы бағдарламасына түгел енгізілмеген. Енді бір қуантатын жағдай, біраз жылдан бері белгілі өнерпаз, өнер зерттеушісі Абдулхамит Райымберге­нов­тің жасаған бағдар­ла­масын пайдала­нып жүрміз. Осылайша ертедегі орысша бағдарламалармен қоштастық және ол еліміздегі орыс мектептерінде де оқытылмайды, – дейді Сайрангүл Дүкенбаева.

Халық әндерінің, жыр, терме тарихы секілді тақырыптары – балалар үшін таптырмас байлық. Төл өнердің тари­хынан сыр шертетін бағдарлама бала­ларды толық қанағаттандырады. Мәселен 6-сыныпта кез келген балаға опера айту қиын. Бірақ олар дәл осы саладан жан жақты хабардар бола алады.

– Қазіргі балалар қазақ өнерінен жақсы хабардар. Музыка пәнінен ұзақ жылғы тәжірибемде мен осыны анық аңғардым. Әсіресе, 1-3-сынып аралы­ғындағы ұл-қыздар үшін бағдарлама сәтті жасалған деуге негіз бар. Басты мақсат – оқушылардың әннің шығу тарихын білуге қызығушылығын арттыру. Өйткені барлық бала әнші, күйші болмасы анық. Ән айту мен күй тарту балаға біріншіден, Алладан берілетін қасиет, екіншіден, қан­мен тарайтын құдырет, үшіншіден, ата-ананың ық­палымен жасалатын қадам. Айналып келгенде, мәселенің мәнісі – ұстаздың ұстамы, дәріс беру ерекшелігі, тәлімі мен тәжірибесі бала бойында өнер­ге қызығушылықты оятуда. Өз басым білім ордасында барлық баланың та­лантын оятып, талабын ұштауға барымды са­ламын. Осындай қолдау мен қамқор­лықты жүрегімен сезінген балалар дом­быраны тез үйреніп алады. Олардың Құрманғазы мен Тәттімбеттің күрделі күйлерін қиналмай орындай алатын­дығына қайран қаламын. 2-сынып оқу­шыларының күй тартуды меңгеруі – мақтана айтатын мәселе. Біздің мек­тептің ерекшелігі де ұл-қыздардың түгел домбыра тартатындығында. Өкінішке қарай, барлық мектептерде мұндай үрдіс қалыптаспаған, – дейді Сайрангүл Қабдымәжитқызы.

Музыка пәнін оқытуда жаңа бағдар­ламаны сынақ ретінде өткізіп жатқан Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мектеп ұжымы кәнігі музыка мектептерімен, кәсіби білімі бар ұстаздармен, өнерді үйренуді басты мақсат етіп алған шәкірттермен бәсекелесуге бар. Осыдан да болар, музыка пәнінің мұғалімі Сайрангүл Дүкенбаеваның дәрісіне жоғары бағалаған комиссия мүшелері ұстаз еңбегіне жоғары баға беріпті.

Білікті ұстаздың әңгімесінен аңғар­ғанымыз, өзге сабақтарда балалардан терең білім талап етуге болар. Ал музыка сабағында барлық бала осы саладан хабардар болғанымен, ән айта алмасы анық. Мұны жоғарыда айттық. Сон­дықтан ұстаз да оларды «күй тартпадың, ән айтпадың» деп қинамайды екен. Алайда пәннің қызықты өтуі – ұландар­­ды ұлы өнерге өзі әкелетін көрінеді. «Бар­лық мәселе бастауыш сыныптан бастала­ды. Олар қазір қандай ән айтса, келешекте де соның әсерімен ер жетеді. Музыка сабағында бастауыш сынып оқушыларын шығармашылыққа баулу және ұлттық өнерге деген қызығу­шылықтарын арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

«Өнерпаз болсаң – арқалан» деп Абай атамыз да текке айтпаған. Тек қана сол өнердің арғы жағында даму, жетілу, отаншылдық, елдік пен ерлікке құштар­лық, ұлтжандылық жатуы тиіс»дейді ұстаз.

Аталған мектепте түрлі шығарма­шылық кештер ұйымдастыру өз алдына, қа­лалық, республикалық өнер бай­қау­ларында бас жүлдені бермейтін ба­ла­лар­дың аяқалысынан нағыз отаншыл ұр­пақтың өсіп келе жатқанын аңғаруға бо­лады. Биыл республика мектептері ара­сында ұйымдастырылған «Үкілі дом­быра» байқауының бас жүлдесін шә­кірттері иемденгенін мақтанышпен айт­қан ұстаз пән сағаты қысқарып, апта­сына бір мәрте өтетіндігі, тек 6-сыныпқа дейін ғана музыка пәні оқытылатыны баршаны қынжылтатынын жасырмайды.

– Теледидардан беріліп жүрген ба­лалардың шығармашылығын сарапқа салатын бағдарламалар негізінен дұрыс.Бірақ кейде олардың өресіне келе бер­мейтін диапозоны кең әндер айтқызып, әдемі әннің әрін кетіретін жағдайлар болады. Меніңше, балаларды баптағанда негізінен өз жасына лайықты ән айтқыз­ған жөн шығар. Олар балалар әндері үшін де күшті насихат болар еді. Одан соң біздің жұлдызға айналған әншілеріміз махаббат тақырыбын жиі жырлайды. Тіпті оқушылармен кездесулерде де сол өлеңдерін қысылмай орындайды. Шір­кін-ай, солар әрнәрсені өз орнымен айтса, балалар әндерін де насихаттауға мұрындық болса, нұр үстіне нұр болар еді, – деген ұстаз балаларға ақылы биз­нес жасаудан бұрын оларды Отан қор­ғауға, ата-ананы сүйіп, туған таби­ғатына жанашыр болуға баулығанды дұрыс көреді.

Дуанабай Жолдасбек

Айқын газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА