Білім беру ісінің үздігі атанған Сайрангүл Дүкенбаеваның есімі алматылық ұстаздар арасында құрметпен аталады. Балалар тәрбиесіне 35 жылын арнаған білікті маман бүгінде Ш.Уәлиханов атындағы гимназияда музыкадан дәріс береді.
Бір қарағанда айтуға оңай, көрген көзге жеңілдеу көрінетін мамандықтың мәні терең, мазмұны ерекше екендігін басты бағдар етіп алған музыка пәнінің мұғалімі ойын баласын ойландырудың жолы аталған пәнмен тығыз байланыстылығын ұдайы естен шығармайды.
Бастауыш сыныптан оқушыны музыка арқылы шығармашылыққа ғана емес, отаншылдыққа да баулуға болатындығын жиі айтатын үздік ұстазбен әңгімеміз төл өнердің таптырмас құралы бола алатындығынан басталды.
– Өткен ғасырда өрісіміз тар, айтар әніміз айшықты болмағанын жасырмаймын. Ол кезде музыка пәні Димитрий Ковалевский құрастыран бағдарламамен оқытылды. Қазақша бір-екі ән болмаса, негізінен балаларға орысша әндерді үйретіп келдік. Аға буынның арасында әлі күнге сол әндерді ұмытпағандар жиі ұшырасады. Неге десеңіз, жадымызда жатталған әндер көңілді, ойнаңқы, жаттауға оңай болатын. Бәрінен де патриоттық сезімді оятатын музыкалар құлақ құрышын қандырып, рухымызды оятатын. Соның әсерінен де болар, бала кезінен отаншыл болып өскенімізді жасыруға болмас.
Міне, осы жағын еске түсіргенде, қазіргі қазақ баласына да, өзге ұлт өрендерінің де жүрегінде елге, жерге сүйспеншілікті оятатын, Отан қорғауға үндейтін, ата-ананы ардақтайтын, шекарамызға шырақ болар, шымыр да шыншыл жас ұрпақтың жан дүниесіне әсер етерлік ерекше әндер көп керек.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері алматылық баспалардан музыка пәніне арналған кітапшалар жарық көрді. Соларды амалсыз ән сабағына пайдаландық. Амалсыз деп отырған себебім, кітап қанша құнды болса да ішіндегі дүниелер ән сабағы бағдарламасына түгел енгізілмеген. Енді бір қуантатын жағдай, біраз жылдан бері белгілі өнерпаз, өнер зерттеушісі Абдулхамит Райымбергеновтің жасаған бағдарламасын пайдаланып жүрміз. Осылайша ертедегі орысша бағдарламалармен қоштастық және ол еліміздегі орыс мектептерінде де оқытылмайды, – дейді Сайрангүл Дүкенбаева.
Халық әндерінің, жыр, терме тарихы секілді тақырыптары – балалар үшін таптырмас байлық. Төл өнердің тарихынан сыр шертетін бағдарлама балаларды толық қанағаттандырады. Мәселен 6-сыныпта кез келген балаға опера айту қиын. Бірақ олар дәл осы саладан жан жақты хабардар бола алады.
– Қазіргі балалар қазақ өнерінен жақсы хабардар. Музыка пәнінен ұзақ жылғы тәжірибемде мен осыны анық аңғардым. Әсіресе, 1-3-сынып аралығындағы ұл-қыздар үшін бағдарлама сәтті жасалған деуге негіз бар. Басты мақсат – оқушылардың әннің шығу тарихын білуге қызығушылығын арттыру. Өйткені барлық бала әнші, күйші болмасы анық. Ән айту мен күй тарту балаға біріншіден, Алладан берілетін қасиет, екіншіден, қанмен тарайтын құдырет, үшіншіден, ата-ананың ықпалымен жасалатын қадам. Айналып келгенде, мәселенің мәнісі – ұстаздың ұстамы, дәріс беру ерекшелігі, тәлімі мен тәжірибесі бала бойында өнерге қызығушылықты оятуда. Өз басым білім ордасында барлық баланың талантын оятып, талабын ұштауға барымды саламын. Осындай қолдау мен қамқорлықты жүрегімен сезінген балалар домбыраны тез үйреніп алады. Олардың Құрманғазы мен Тәттімбеттің күрделі күйлерін қиналмай орындай алатындығына қайран қаламын. 2-сынып оқушыларының күй тартуды меңгеруі – мақтана айтатын мәселе. Біздің мектептің ерекшелігі де ұл-қыздардың түгел домбыра тартатындығында. Өкінішке қарай, барлық мектептерде мұндай үрдіс қалыптаспаған, – дейді Сайрангүл Қабдымәжитқызы.
Музыка пәнін оқытуда жаңа бағдарламаны сынақ ретінде өткізіп жатқан Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мектеп ұжымы кәнігі музыка мектептерімен, кәсіби білімі бар ұстаздармен, өнерді үйренуді басты мақсат етіп алған шәкірттермен бәсекелесуге бар. Осыдан да болар, музыка пәнінің мұғалімі Сайрангүл Дүкенбаеваның дәрісіне жоғары бағалаған комиссия мүшелері ұстаз еңбегіне жоғары баға беріпті.
Білікті ұстаздың әңгімесінен аңғарғанымыз, өзге сабақтарда балалардан терең білім талап етуге болар. Ал музыка сабағында барлық бала осы саладан хабардар болғанымен, ән айта алмасы анық. Мұны жоғарыда айттық. Сондықтан ұстаз да оларды «күй тартпадың, ән айтпадың» деп қинамайды екен. Алайда пәннің қызықты өтуі – ұландарды ұлы өнерге өзі әкелетін көрінеді. «Барлық мәселе бастауыш сыныптан басталады. Олар қазір қандай ән айтса, келешекте де соның әсерімен ер жетеді. Музыка сабағында бастауыш сынып оқушыларын шығармашылыққа баулу және ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
«Өнерпаз болсаң – арқалан» деп Абай атамыз да текке айтпаған. Тек қана сол өнердің арғы жағында даму, жетілу, отаншылдық, елдік пен ерлікке құштарлық, ұлтжандылық жатуы тиіс»дейді ұстаз.
Аталған мектепте түрлі шығармашылық кештер ұйымдастыру өз алдына, қалалық, республикалық өнер байқауларында бас жүлдені бермейтін балалардың аяқалысынан нағыз отаншыл ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңғаруға болады. Биыл республика мектептері арасында ұйымдастырылған «Үкілі домбыра» байқауының бас жүлдесін шәкірттері иемденгенін мақтанышпен айтқан ұстаз пән сағаты қысқарып, аптасына бір мәрте өтетіндігі, тек 6-сыныпқа дейін ғана музыка пәні оқытылатыны баршаны қынжылтатынын жасырмайды.
– Теледидардан беріліп жүрген балалардың шығармашылығын сарапқа салатын бағдарламалар негізінен дұрыс.Бірақ кейде олардың өресіне келе бермейтін диапозоны кең әндер айтқызып, әдемі әннің әрін кетіретін жағдайлар болады. Меніңше, балаларды баптағанда негізінен өз жасына лайықты ән айтқызған жөн шығар. Олар балалар әндері үшін де күшті насихат болар еді. Одан соң біздің жұлдызға айналған әншілеріміз махаббат тақырыбын жиі жырлайды. Тіпті оқушылармен кездесулерде де сол өлеңдерін қысылмай орындайды. Шіркін-ай, солар әрнәрсені өз орнымен айтса, балалар әндерін де насихаттауға мұрындық болса, нұр үстіне нұр болар еді, – деген ұстаз балаларға ақылы бизнес жасаудан бұрын оларды Отан қорғауға, ата-ананы сүйіп, туған табиғатына жанашыр болуға баулығанды дұрыс көреді.
Дуанабай Жолдасбек