Мектептегі тәлім-тәрбие саласында тәртіптілік мәселесі айрықша орын алады. Дегенмен, мектепте тәртіптілікке тәрбиелеу, тәртіп орнату мәселесі пікірталас туғызатын даулы мәселе болып келеді. Солардың кейбіріне тоқтала кетейік.
Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі, Қазақстан Республикасының демократиялық және ізгілікті қоғам құруға деген ұмтылыстары “Қазақстан Республикасының Конституциясы” арқылы адам құқығы және еркіндігінің дамуына мүмкіндіктер беріп отыр. Осы орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың туындысында “Болашақ ұрпақтарымызды тәрбиелеп шығаратын бүгінгі мектеп өмірінде орасан зор мүмкіндіктерге, ең бастысы еркіндікке қол жеткіздік”, делінген. Шынында да, қазіргі таңда мектепте тәлім алып жүрген ұрпақтарымыз әміршіл жүйенің қыспағынан тыс, өз ойын ашық айтатын, ешкімге жалтақтамай тәуелсіз күйде өмір сүруде. Мектеп оқушылары өз нышандары мен қабілеттерін дамыта алатын, қызығушылығын қанағаттандыра білетін шынайы еркіндікке қол жеткізе білдік және бұл үдеріс әрі қарай да өз жалғасымын табуда.
Өкінішке орай, кейде біздің қоғамдық өмірде болсын, мектепте болсын “маған не істейсің” деген кейіппен ашықтан-ашық тәртіп бұзу жағдайлары кездесіп жатады. Бұл енді қол жеткізген еркіндікті асыра пайдалану, немесе еркінсу дейміз.
Сондықтан болар, “еркіндік көпшілік үшін қорқынышты, оған арнайы дайындықпен келмегендер өзін-өзі ұйымдастыруға, өзін-өзі басқаруға, өзара іс-әрекетке үйренуі тиіс. Адамды мұндай еркіндіктен сақтандыруда, жақсы мен жаманды айыра білуде, таңдай білуде білім беру ісі көмекке келуі тиіс. Біздің елімізде өмір қиыншылықтарын жеңуде өзіне де, өзгелерге де, табиғатқа да, адамзат атаулыға да ешбір зиянын тигізбеу ғылымы мен өнерін үйрететін мектеп өте қажет”,- дейді атақты орыс ғалымы И.В. Бестужев-Лада.
Мектептегі тәртіп сақтау қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты ерекше сипатқа ие, сондықтан ол қоғамдық қатынастар сипатының айнасы іспетті. Тәртіп сақтау жеке тұлғаның еркіндігі мен құқығын қысымға алмайды, керісінше, оны сол еркіндіктері мен құқықтары шеберінде қорғайды да. Сонымен қатар, әр оқушының өзіндік құқықтары мен міндеттеріне деген сенімін де нығайта түседі.
Тәртіп сақтау, тәртіптілікке тәрбиелеу адамгершілік тәрбиесінің құрамында қарастырыла отырып, жалпы адамзаттық құндылық болып табылады, ол адам табиғатынан, болмысынан бастау алады. Сондықтан да, тәртіптілікке тәрбиелеу халық өмірінің айнасы болып келетін қазақ халқының ауыз әдебиетінде де көрініс тапқан.
Кең байтақ, ұлан асыр даласын мекендеген қазақ халқы өзінің өмір тарихында жас ұрпағына тәрбие берудің мол тәжірибесін жинақтап, өзіндік өмір сүру салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, белгілі бір қалыптасқан қағидаларды, өмір сүру тәртібін дүниеге әкелді.
Қазақ халқы өз баласының өнегелі-үлгілі, тәртіпті де көргенді болғанын қалап, өзінің ізі тілегін баласы туғаннан-ақ құлағына сіңіруге талаптанған:
Жеңілтек болма, бөпешім,
Салмақты бол ерлердей.
Жүгіре берме далаңдап,
Құр бекерге ербеңдей,-дейді.
Бөбегін ойнату барысында:
Бақ-бақ, Ашамайдың құлағын шақ-шақ!
Жақсы бала – аппақ, жаман бала – сатпақ!-деп оны тазалық тәртібіне тәрбиелеуді көздейді.
Жұмбақ жасыру арқылы да осындай игі мақсатқа қол жеткізуге талаптанады:
Зерек бала қолданса,
Көңілі толар.
Жалқау бала қолданса,
Қолы-басын бояр.
(Сыя)
Тұрмыс-салт жырлары арқылы балаларға есте ұстайтын қағидаларды өлең түрінде ескертуге тырысады. Мысалы, кейде балалар ойнап жүріп жығылғанда:
Түйеден жығылсаң,
Түйе шудасын төсейді.
Аттан жығылсаң,
Ат жалын төсейді.
Сиырдан жығылсаң,
Сиыр мүйізін төсейді.
Қойдан жығылсаң,
Қой жабағысын төсейді.
Есектен жығылсаң,
Есек тұяғын төсейді, -деп балаларды абайсызда жарақат алудан сақтандырады.
Балалардың таным дүниесін дамытуда ойынның маңызы зор екендігі баршаға мәлім шындық. Атақты ғалым С. Ғаббасов өз еңбегінде былай деп жазады: “Жалпы бала атаулы нақтылық пен ұқыптылықты жақсы көреді… Топ-тобымен ойнайтын ойындардың бір жерінен қате кетсе, оны міндетті түрде қайтадан бастап ойнауға кіріседі. Олар ойындарының осындай тәртіптілігі мен тазалығынан ләззат алады.”
Ал халқымыздың мақал-мәтелдері адамгершілікті, тәртіпті, өнегелі, үлгілі сапаларды меңгеруге шақырады: “Аз сөз –алтын, көп сөз – күміс”, “Сын түзелмей, мін түзелмес”, “Кеңесіп пішкен тон келте болмас”, “Баланы жастан, қатынды бастан” және т.б.
Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған осындай сөз маржандары оқушыларды адамгершілікке, тәртіптілікке тәрбиелеудің шынайы тәрбие мектебі болып табылады. Себебі, тәртіптілікке тәрбиелеу мектеп проблемасы ғана емес, ол үлкен әлеуметтік-экономикалық проблема, бүгінгі таңда мектеп қабырғасында тәртіптілікке тәрбиеленген оқушы, ертеңгі елінің болашағы үшін жемісті еңбек ететін азаматы болып өсіп жетіледі. Тәртіпке тәрбиеленген азамат робот сияқты белгілі бір қағидалармен ғана өмір сүрмейді, ол тәртіп арқылы тектіліктің сан қырлы сапаларын бойына жинақтап, жалпы адамзаттық өркениеттің дамуына өз үлесін қосады.
Шалбаева Ж.Ж.
Алматы қаласы №69 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі