22.11.2024

ҒАНИ НЫҒМЕТОВ: ЕЛДЕГІ ЖҮЙЕНІ БҰЗБАЙ, СОНЫҢ ІШІНДЕ ОТЫРЫП, КЕМ-КЕТІГІН ТҮЗЕУІМІЗ ҚАЖЕТ

Қазақстанда “Болашақ” бағдарламасы, Назарбаев Университеті және Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуын білім саласындағы сәтті іске асқан жобалар деп атар едім. Осы үш жобаның бірі “Болашақ” өз нәтижесін беріп жатыр. Көптен бері «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының президенті Ғани Сақтағанұлы Нығметовпен сұхбаттасуды жоспарлап жүр едім.. Жұмыс кестесі өте тығыз екен. Кездесудің сәті енді түсті. Онда да түскі ас уақытында әңгімелестік. Сұхбатта «Болашақ» бағдарламасындағы жаңа өзгерістер ғана емес, шетелден білім алып келгендер мамандардың жай-күйінде сөз еттік. Назарбаев университетін ашу кезіндегі қиындықтар, қайда білім алды? Сабақты қалай оқыды? Бәрін сұрадым. Қысқасы, сұхбатты оқып шығыңыз. Пайдалы ақпарат алатыныңызға сенімдімін.

С. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы брендке айналды. Жастардың арасында әлеуметтік саты ретінде танылды. Осы уақытқа дейін 11 мыңға жуық адамға стипендия тағайындалыпты. Биыл 1000 –нан аса квота бөлінді. Осының қаншасы игерілді?
Ж. Жалпы осы уақытқа дейін, яғни «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқан 21 жылда жалпы саны 10 900 адам стипендия иегері атанды. Биыл жылдың соңына дейін 500 үміткерге квота үлестірілсе, стипендия саны 11 мыңнан асып жығылады. Бүгінгі таңда сол 11 мың түлектің 7 мыңы шетелдерде білімін шыңдап келіп, Қазақстанның өркендеуі жолында әр салада еңбектеніп жүр. Қалған 2 жарым мыңы оқуда. Ал 400-ге жуық адам стипендиядан айырылғандар немесе өз бетімен бас тартқандар санатында.
С. Олар стипендиядан қандай себептермен айырылып отыр?
Ж. Көбінесе сабақ үлгерімі келісім-шартқа сәйкес болмағандар. Қарапайым тілмен айтқанда 4-тен төмен оқымауы тиіс. Олар сол межеге жете алмағандар. Сынақ мерзімі берілсе де, бағаларын түзей алмады. Денсаулығына байланысты үлгере алмай қалғандар да бар.
С. «Болашақ» бағдарламасында биыл біраз жаңалықтар болды. Тілді меңгеру талабы көтерілді. Қазақ тілі тесті 75-тен 85-ге жоғарылады. БАҚ қызметкерлеріне арнайы санат енгізілді. Осы мүмкіндікті журналисттер қаншалықты пайдалана алып жатыр?
Ж. Негізінде қалам ұстаған қауым жаңалықты қалт жібермейтін болғандықтан, бағдарламаға енгізілген мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып жатыр деуге болады. Мәселен, осы күнге дейін 30-дан аса журналист стипендия иегері атанды. Олардың ішінде «Хабар», «Қазақстан», «24.kz» және «Kazsport» телеарналарының журналистері, шеф-редакторлары, белгілі тележүргізушілер де бар.
С. Ал, келесі жылы қандай өзгерістер болады?
Ж. Магистратура және докторантурамен білім алатындар санын көбейтуді көздеп отырмыз. Соңғы жылдары тағылымдама (стажировка) 50 пайызға дейін жетіп қалды. Ол 1 айдан 12 айға дейін қысқа мерзімде оқу. Оған дәрігер, инженер, педагогтар барып жатыр. Тағы бір ескерерлігі, мысалы, магистратурамен білім алғысы келетіндер әлемнің үздік университтерінің біріне түсуі тиіс болса, тағылымдамада ондай талап ескерілмеген. Яғни, кез-келген шетелдік клиника, мектеп, компанияда тағылымдамадан өте беруге болатын. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап жаңа ереже бекіттік. Егер ғылыми қызметкер университетке барып жатса, сол оқу орны біздің тізімде болуы керек. Ал, дәрігер клиникада тағылымдамадан өтем десе, университет жанындағы емдеу мекемесі болу міндетті. Себебі шетелде клиникалар оқу орындарының жанында. Дербес емес. Сәйкесінше, инженерлер әлемдік деңгейдегі жетекші өндіріс компанияларына баруы тиіс.
С. Магистр, докторлардың үлгерімін анықтау жүйесі бар. Ал тағылымдама бойынша білім алып келгендердің үлгерімін қалай анықтайсыздар?
Ж. Тағылымдамадан өтуші елге оралған соң «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-на келіп, шетелдік өндірісте не үйренді? Нені игерді? Қандай тәжірибе жинақтады? Оны Қазақстанда қалай қолданбақ? Өзін тағылымдамаға жіберген мекемеге қандай жаңа үлес қосады? Осы және өзге де сауалдарға тұшымды жауап аларлықтай егжей-тегжейлі есеп береді. Кейде тағылымдамадан өтіп келгендер өзін жіберген жерде емес, Астанада «Назарбаев университеті» сияқты үлкен мекемелерде жұмыс істегісі келіп жатады. Біз оларға келісім-шарт талабын сақтауды міндеттейміз.Алматы мен Астанада «болашақтықтардың» саны жетерлік екені өзіңізге белгілі.Сондықтан, біз аймақтарға басымдық беріп, өңірлердегі кадрдық әлеуетті қуатты етуді көздейміз.
С. Келесі жылдан бастап 6+6 форматында тіл үйретудің жаңа жүйесін енгізіп жатырсыздар. Көп адамдар курстарға барып, ағылшын тілін меңгере алмай жатқанда бұл қаншалықты тиімді болар екен?
Ж. «Болашақ» бағдарламасымен 7 санат бойынша білім алуға болады. Соның бірі шетелдегі университетке өз бетімен оқуға түсу. Олар ағылшын тілін жоғары деңгейде білетіндіктен жалпы байқауда басымдыққа ие. Қосымша тілдік курсты қажет етпейді. Демек, бюджетімізден көп қаражат жұмсалмайды. 1-2 жылдан соң оқуын бітіріп, елге қайтып келеді. Бірақ ондайлар аздау.
Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі комиссияның отырысында үміткерлерге қатысты талаптарды күшейту жайлы айтылады. Тіпті, IELTS-ты 5,0-ге дейін көтеруді туралы ұсыныстар болды. Алайда, жоғарыда аталған кейбір санаттар бойынша үміткерлеріміздің ағылшын тілі сынағынан жығылып, мүлде үміттерін үзетінін алға тарттық…

20141112153040Бүгінде стипендия иегерлерін 18 айға дейін тілдік курстарға жібереміз. Мұнда бір адамның өзіне ғана үлкен қаржы жұмсалады. Ол ақша бір адамды екі жыл магистратурада оқытуға жетеді. Сол себепті ҚР Білім және ғылым министрлігі ағылшын тілін Қазақстанда оқытуды ұсынып, 18 айды 12 айға дейін қысқарттық. Шетелдік тәжірибені зертеп қарасақ, 18 ай бойы ешкім тіл оқымайды екен. Мысалы, неміс тілін нөлден бастап жоғары дейгейге 12 айда меңгеруге болады. Ары қарай оқу курсы да жоқ. Енді соның 6 айын Қазақстанда оқып, IELTS 4 балын 5,5 жарымға дейін көтеруі тиіс. Дәрістер ағылшын тілінде өткізеді.
С. «Болашақпен» білім алып келген 7 мың маман әртүрлі салада еңбек етуде. Енді бүгінде сол адамдардың бір-бірімен байланысы қандай? Олардың әлеуетін толық пайдалана алып отырмыз ба?
Ж. Орынды сұрақ. Осы 7 мың адамның әлеуетін жіберіп алмауымыз керек. Бұл ретте Елбасы тағы да көрегендік танытты. Есіңізде болса, былтыр «Болашақ» бағдарламасының 20-жылдық мерейтойында Нұрсұлтан Назарбаев «болашақтықтарға» «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысын құру идеясын ұсынды. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын сәтті іске асыруда бірігіп, жұдырықтай жұмылу қажеттігін ескертті. «Уақыт жүйрік. Ол ешкімді күтіп тұрмайды. Тоқтап қалсаң, артта қаласың. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясын қалтқысыз орындай алсақ қана, ұлттың ұлы мақсаты – Мәңгілік елдің мызғымас негізін қалаймыз. Отанын қалтқысыз сүйген ұрпаққа дарыған ғылым мен білім – ең құнды нәрсе», -деді Президент. Меніңше бүгінде бұл асыл міндетті Қозғалыс мүшелері абыроймен атқарып келеді. Біз, Халықаралық бағдарламалар орталығы болсақ, әкімшілік-логистикалық орталық бола тұра, сол қозғалыспен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Сонымен қатар түлектермен өзара жұмыс жасаудың жаңа форматын енгізіп, BARO (Bolashak Alumni Relations Office) кеңсесін құрдық. Онда ай сайын «болашақтықтарға» қатысты ақпараттар, стипендианттардың жетістіктері және атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде барлығын ақпараттандырып отырамыз.
С. Кейбір мемлекеттерде шетел азаматтарына оқу гранттарын бөлетін бағдарламалар бар. Түркия, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ секілді елдерді атасақ болады. Шетелдік азаматтың барлық шығынын көтереді. Сол жоба аясында білім алғандар өзі оқыған елдің менталитетін, ішкі жағдайын толық біліп келеді. Бір бүйрегі соларға бұрып тұруы да мүмкін. Осындай жобаны неге «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы аясында іске асырмасқа? Жақында бір жиында түркі тілдес елдердің, Орта Азия мемлекеттерінің жастарын оқыту туралы ұсыныс айтылып қалды. Сіздің пікіріңіз қандай?
Ж. Менде сондай ұсыныс болды. Шетел азаматтарына қаржы бөлсе, біздің орталық әкімші ретінде оларды қазақстандық ЖОО-на орналастыратын еді. Әр университетке емес бір орталыққа жүйелесе тиімді болады деп ойлаймын. Бірақ оған қазір қаражат қарастырылмаған.Менің ойымша, мұндай жоба Назарбаев университетіне қажет-ақ. Онда сабақ ағылшын тілінде өтеді. Демек сол тілде сөйлейтін орта болуы керек. Студент дәрістен шыққан соң бірден орысша немесе қазақша сөйлеп кетеді. Ал, АҚШ, Ұлыбритания секілді елдерден студенттер тартылса, біздің жастар олармен араласып, мәдениетімен жете танысып, өзара байланыста болатын еді. «Болашақтықтардың» артықшылығы сол, шетелде көптеген ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігімен, менталитетімен біте қайнасып келеді.
С. Қазіргі күні болашақтықтарға жұмыс берушілердің көзқарасы қандай? Өзара түсінісу, тіл табысы, ортақ істе ниеттес болу тұрғысынан қарасақ.
Ж. Жалпы алғанда көзқарас өте дұрыс. Бүгінде бір ғана Назарбаев университетінде 300-ден аса, әрбір министрлік, комитеттерде 20-30-дан аса «болашақтықтар» жұмыс істейді. Олардың ішінде елге танымал, түрлі лауазым иелері де жоқ емес. Ендігі мақсатымыз аймақтардағы «болашақтықтардың» санын еселеу. Сонымен қатар, бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың маңызды тетігі ретіндегі негізгі міндеті – өңірлер үшін кадрлар даярлау екенін білесіз. Ағымдағы жылы брифингтері шеңберінде ҚР БҒМ өкілдері мақсатты аудитория: мемлекеттік қызметшілер, өңірлік жоғары оқу орындарының түлектері, ірі өңірлік компаниялардың инженерлік-техникалық қызметкерлері, медицина қызметкерлері, ғылыми-педагог қызметкерлер, БАҚ қызметкерлері, мәдениет және шығармашылық қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткіздік.
С. Сіз Назарбаев университетінің концепциясын жасаған 3-4 адамның бірі болдыңыз. Оны мақтан ететін шығарсыз? Неге таңдау дәл сізге түсті?

Ж. Сол тарихи оқиғаға қатысты болғанымды бақытқа балаймын. Сонау 2007 жылы «Болашақпен» АҚШ-та оқып келген соң 3 ай бойы тынымсыз жұмыс іздедім. Ешқандай қолдаушым жоқ. Әдеттегідей түйіндемелерімді тараттым, алайда жұмыс ұсынғандар болмады. Сөйтіп жүрген кезде жеке поштама Үкімет жанынан «Ұлттық сараптамалық орталық» құрылады деген хабар келді. Сұхбаттасуға бардым. Менен бөлек 30 шақты адам отыр екен. Барлығы «болашақтықтар». Нәтижесінде сол орталыққа жұмысқа қабылдандым. Стратегиялық жоспарлау, жаңа бюджет кодексін жазу, мемлекеттік қызметті реформалау секілді ірі жобаларды дайындадық. Қазір жүргізіліп жатқан реформалардың біршамасын сараптап ұсынған біздің топ болатын. Ұлттық сараптамалық орталықта жүргенімде, «Білім және Ғылым министрлігі жаңа университет ашқалы жатыр. Су жаңа жоғары оқу орнының концепциясын жасауға көмектесу керек» деген тапсырма берілді. Топты қазіргі министр Аслан Сәрінжіпов басқарды. Бірден жұмысқа қызу кірісіп кеттік. 2009 жылы құрылысы жүріп жатқан университеттің атриумына кіргеніміз әлі есімде. Ортасында құм үйіліп жатыр екен. Айналасы тып-типыл. Ал, оқу орны 2010 жылы ашылу керек. Сол кезде бізге тұжырымдаманы дайын оқу ғимаратына жазуға тура келді. Тағы айта кететін бір жайт, негізгі міндетімнен бөлек жұмыстар да аз болған жоқ. Алғашқыда шетелдік оқытушыларды универитетке шақыру қиын болды. «Қандай университет? Жатағы бар ма? Қалай күн көруге болады? Қоғамдық көлік жүре ме?» деген сынды сұрақтары көп болды. Әр профессордың мың бір сауалы болатын. Сол мамандарды келтіру үшін интернет арқылы күні-түні жауап беріп отырамыз. Арнайы «жиі қойылатын сұрақтар» деген әдістемелік кітапша да дайындадық. Оларды әрең дегенде келтіріп пәтерге, жатақханаға орналастырдық. Университет аяғынан тұра бастаған соң оқу орнын ғылыми университетке айналдыру үшін зерттеу орталығы ашылып, сонда гранттар бөлдік. Мен ғылыми жобаларды АҚШ-тағы ғылыми институтпен бірлесе отырып іске асырдым. Осылай бір жүйе қалыптастырдық. Біз жұмыс істеп жүріп, үйрендік. Енді сол Назарбаев университетінің тәжірибесін басқа ЖОО-дарымызға енгізсек деген ниетіміз бар. Ол үшін бізге шетелде білім алған білікті кадрлар қажет.
С. Болашақтықтардан тағы не күтуіміз керек?
Ж. «Болашақтықтар» өзі оқыған елден білім және кәсібилікпен қоса мәдениетті де алып келеді. Ол – адаммен тіл табыса білу, өзін-өзі жоғары деңгейде ұстай алу мәдениеті. Не десек те олар білім алған елдер бізден жоғары тұр. Шетелде қандай жақсы дүниелер болса, өзіміздің ұлттық дәстүрімізді сақтай отырып қабылдауымыз қажет. Біз жаңа буынға, жаңа әлемге ашық болуымыз керек. Соған жастар дайын болып келе жатыр. Ең бастысы еліміздегі жүйені бұзбай, соның ішінде отырып, кем-кетігін түзеуіміз қажет. «Егер өзгерісті қаласаң, алдымен өзіңді өзгертуден баста!» деген қағида бар. Сыртта отырып жамандай беруден, сол жүйенің ішінде отырып өзгерту оңай. Өзіңе тиесілі учаскеңде, орныңда жақсы жұмыс жаса! Міне, сонда озық елдердің қатарына кіреміз.
С. Соңғы сұрақ. Сіз қандай оқушы, студент болдыңыз? Отбасыңыз туралы да айтып кетсеңіз.
Ж. Әкем – тіс дәрігері, анам – техникалық мамандық иегері. Менің ержетуіме, аяқтануыма, сапалы білім алуыма қосқан екеуінің де үлесі өлшеусіз. Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында туып-өсіп, 3-сыныпқа дейін сонда тұрдым. Кейін Ақтөбеге ауысып, гимназияда білім алдым. Мектепте ағылшын, неміс тілдеріне жетік оқушы болдым. Болашақта дипломат немесе министр болсам деген арманның жетегінде жүруші едім. Күндердің күнінде жергілікті газет тілшісі менен сұхбат алып, «Болашақ министр Ақтөбеде өмір сүреді» деп тақырып қойып, мақала жариялағаны есімде. Сөйтіп мектепті де, университетті де қызыл дипломмен аяқтадым. Еуразия Ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетінің түлегімін. Мақтанғаным емес АҚШ-та оқыған кезімде үздік студент, озат «болашақтық» болдым.

Рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен: Данияр Зиябекұлы
jaisan.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА