07.11.2024

Асқар Наймантаев. «Конферансье: әлемге таныс, қазаққа таңсық өнер емес»

«Конферанс» – конферансье арқылы жүзеге асатын, концерттік бағдарламаны хабарлап, жүргізе отырып, арасында көрерменге өзінің де өнерін көрсете алатын сахналық әрекеттің бір түрі. (Шубин С.В. сөздігі.Словарь специальных терминов по театрализованным праздникам и представлениям:учебное пособие для студ. и преподавателей сред. и высш. учеб. заведений культуры и искусства / С.В. Шубин ; отв. ред. О. В. Конных. – Омск : [б. и.], 2001. – 175 с. – Б. ц.)

  1. «Конферанс» – сахнада негізінен комедиялық жанрда өнер көрсете отырып хабарлама жасап, орындалатын эстрадалық номерге түсіндірме жасап, анықтама беретін  эстрадалық жанр және мәтін. (Ожегов сөздігі. Ожегов С. И., Шведова Н. Ю. Толковый словарь русского языка. – 4-е изд. – М., 1997.)

«Конферансье» – (баяндамашы – француз тілінен, conferencier) эстрадалық кешті хабарлаушы, және өнер көрсетуші эстрада артисі.

Эстрада жанрының, театр тарихының ішіндегі ең кенжесі конферанс жанры болады. Біреулер әлемдік театр тарихына көз жүгіртіп, «конферанстарды» италяның маскалы комедиясының проглогтарын, кіріспе бөлімін жүргізушілерден бастаса, орыс өнертанушылары скоморохтардың көңілді бастаңғыларына сүйенеді. Е.Кузнецовтың «Орыс эстрадасының өткен жолы» (Евг. Кузнецов. Из прошлого русской эстрады. М.,1958 ) атты тарихи кітабына үңілер болсақ, онда конферанстың нақты сахна өнеріне араласып, көшедегі, жәрмеңкелердегі аттандаған шақырушылардан, сахналық тұлғаға ауысуы 19 ғасырдағы шулы, көңілді думандардың жаңаша даму кезеңіне алып келеді.  «Масленица, пасха, рождество мереклерінде түрік барабандарының дүмпуінің күшімен жиналған жұрт, апта бойы, таңға дейін әткеншектің жанында думандатқан шулы топтың көңілін көтеріп, ойынға тартып, әзіл айтып, биге сүйреп жүрген сайқымазақтың өнеріне қызыққан жұрт алаңға жетуге асығатын. Бірнеше музыкант әткеншектің жоғары жағында орналасатын, және өткір де тұрпайы әзіл айтатын комедиянт топ қолпаштап мереклеуші халықтың ортасында жүретін…»

«Ол кезде ортадағы әзілкешті «Әткеншек ата» деп атаған. «Атаның киімі өте қарапайым болған, бірақ алыстан көзге ұрып тұратындай, топтың ішінде ерекше көңіл аударарлықтай болған. Сақал-мұртын сұр кендірден, немесе, шөптерден жасап алып, басындағы қалпағының бір шетіне қағаздан ойылған гүл тағатын».  Әткеншектік маңайына осы адам пайда болған кез – көңілді ойын-сауық басталарының белгісі іспеттес болатын.

«Әткеншек атаның» негізгі міндеті өнерпаздарды хабарлап тұру болатын. Оны былай суреттейді: « Ойынға айналған ата кенет  ұмытқаны есіне түскендей маңдайын алақанымен соғып қалып, кетіп қалатын да, бір кезде үш биші қызды жетелеп қайта келетін. Оларды көпке таныстырып, олардың ортасында өзі де қалжыңға басып, олармен бірге би билеп кететін…» («Русское народное гуляние»  Алек-Яков. М. 1948. 64 бет)

Эстрада зерттеушілері міне осы кейіпкерді конферансьенің арғы «атасы» деп қарастырып келеді.

Әрине, ежелгі театр тарихынан бастап, театр өнерінің бастауы Еуропа деп білім алып келген адам үшін мүмкін осы пікір орынды шығар. Бірақ, әр ұлттың өзінің де сайқымазағы болған. Мысалы, біздің қазақтың да үлкен жиын, тойлардың басында, ат шаптырып берілген астардың басында би-болыстың жарлығын, күреске түсетін палуандарды, айтысқа түсер ақындарды елге таныстып, жеткізіп, атын атап, түсін түстеп беріп отырған адамдар жүрген. Олардың «жаршы» деген атауы да болған. Егер, хабарлаумен айналысқан кәсіп иесін конферансьенің арғы «атасы» деп қарастыратын болсақ, біздің «жаршылар» да сол тізімнің басында тұрары хақ!

Эстрада тарихшылары бұл адамдардың көпшіліктің назарын өзіне аударып, жұртты аузына қаратып, айтқан сөзін ұқтыра білгеніне, дүйім жұрттың алдында өзін ұстай білгеніне қарай да оларды конферансьеге жақындатып отыр. Тек, орыс пен еуропа халықтарының емес, жоғарыда тілге тиек етіп отырған «жаршылар» да көптің алдында көсіле сөйлеп, Хан жарлығын қаһарына қарай, палуандарды атағына қарай, ақындарды шапанына қарай дәріптеп, хабарлай білген.

Бұл сөзімнің дәлелі ретінде бірнеше мысал келтіре кетейін. «Қазақ үні» газетінде Нұрлан Әбдібектің  «Өмірзақ Қарғабайұлы: “Өрен жүйрік өлеңге болған даңғыл”- атты мақаласында Өмірзақтың баласы Өмірбай Өмірзақов әкесі жайлы әңгіме айта отырып, былай дейді:

« …. Өмірбай Өмірзақов:
– Көзім көрді. Әкем мені алдына алып, атпен Қарақыстақтың база­рына баратын едік. Сонда халық­тың алдына шығып, құлағын бұ­рап-бұрап алып шырқағаны есімде:
Е-е-й,
Сары құнажын қашыпты,
Үшбұлақтан асыпты.
Көкөзекті басыпты,
Оны көрген кісіге,
Он бес теңге сүйінші,
Сүйіншіні алыңыз,
Қалтаңызға салыңыз.
Үйдегі қатын-балаға,
Бір мақтанып барыңыз.
Ол кезде жоғалған мал базарда, халық жиналған жерде хабарланады екен. Хабарлаушы – менің әкем. Халық оны қаумалап алатын. Жоғалған малдың түр-түсін, кімдікі екенін, қай кезде жоғалғанын, тіпті, иесі кімдерден күдіктенетінін де жырға қосып айтатын. Оларды «жаршы» дейтін. Сөйтіп Өмекең арқылы елдер жоғын тауып жататын. Жаршылық өз заманында кәдімгідей өнер болатын. Ол кезде хабарландыру бере салатын теледидар, газет-журнал жоқ, арыз бере салатын полиция жоқ деген сияқты. Жаршылар осылай пұл тауып, үйіне нәпақа әкелген.» («Қазақ үні» газеті. 24-ақпан, 2014ж)

Ал, енді филология ғылымдарының докторы Нысанбек  Төреқұловтың

«Айтысты салыстыра қарасақ» атты  «Алматы ақшамы» (20.03.2014.) газетіндегі мақаласында жаршылық өнердің «жарлай айтыс» түріне былай тоқталғанын көреміз:

«Жиырмасыншы жылдары өткiзiлген қосшылар одағының жиынына қырғыздың кедей жалшылары мол жиналған. Сол жиынға қырғыздан Қалық, Оспанқұл, қазақтан Жамбыл, Кенен, Үмбетәлi қатысқан. Сонда екi елдiң ақындары кезек­пе-кезек құттықтау айтқан. Қалық пен Оспанқұл тойдың мақсат тәртiбiн айтып жаршылық қызмет атқарған. Сонда Оспанқұл:

Үрматы ұчун чон тойдун,

Тамаша азыр башталат.

Қалық:

Қазақ менен қырғыздан

Эңишке эки эр аттанат.

Оспанқұл:

Үлуттук ар бир оюнду

Комиссия башкарат.

Қалық:

Жеңип чыккан азамат

Бир кийимдик акча алат, – («Айтыштар» 2-т. 115-б.) деп кезекпе-кезек жар салған. Айтыста одан әрмен ат жарыс, бәйге, қыз қуу, аударыспақ, тағы сондай ұлттық ойындар көрсетiлетiнi хабарланады.

Мұндай екi тармақтан құрылған жарлай айтыс қазақ, қарақалпақтан гөрi қырғыз ақындары арасында жиi қолданылса керек.»

Жаршының ел алдында өлеңдете, әндете жар салуын әдебиетімізде  «Жарлай арнау» дейді. Ал, оның анықтамасы төмендегідей:

«Жарлай арнау – ауыз әдебиетіндегі жанрлардың бірі. Бұл жанрды көшпелі елдің тұрмыстық-рухани қажеттілігі тудырған. Жиын-тойларда, аста, т.б. халық көп жиналған жерде біреудің ұрланған малын, қолды болған басқа да дүниесін, немесе жоғалған адамын, т.б. жоғын іздеп, жар салушы жария етіп айтады. Көп жағдайда сөзі тыңдаған елдің құлағында қалуы, естіген ел елең етуі, назар аударарлық сипаттарын, қадір-қасиетін өлеңмен мәлімдеп, жұртшылықтың көкейінде қалатындай етіп, сол арқылы әсер етуге, жәрдемдесуге ықыластандыратындай етіп жырлаған. Осылайша жарлай арнау арқылы талай жоқтың табылғаны көшпелі елдің тарихынан белгілі. Жарлай арнау белгілі бір қуанышқа, т.б. жұрт көңілін бұру үшін де айтылған. Мәселен соның бірі – баланы сүндеттеу. Басына үкілі тақия кигізген, жуас атқа мінген баланың қанжығасына қоржын бөктеріп, естияр кісі ауыл-ауылды аралайды. Бәленше деген кісінің бәленше деген баласы бәленбай күні сүндетке отырғызылады, соған келіңіздер деген хабарландыруды өлеңмен айтып, жалпақ елге жар салады. Асқа, тойға шақыру да, бәйгеге кандай заттар тігілетінін, тойдың немесе астың салтанаты қай жерде қалай, қандай тәртіппен өтетінін де өлеңмен жар салып айтады. Малын немесе басқа дүниесін сатқысы келгендер де жарлай арнау арқылы ұсынатын затының қадір-қасиетін жиналғандарға мәлімдеп, келушілердің көзіне түсуге тырысқан. Өлеңмен айтылса, тыңдаушыларға – алушыларға жетімді, әрі өтімді болатыны ескерілген. Жар салу да, жар айтудың түрлері де – барлығы да жарлай арнау ретінде көшпелі халықтардың тіршілік қажеттілігі тудырғандықтан бәрінде де кездескен. Бұл жанр шығармаларының керкемдігі айтушылардың қарым-қабілетіне байланысты. Сондықтан қазақ пен қырғыз арасында жар салуға, жар айтуға әрі ақындығы күшті, әрі даусы ашық, жарқын адамдарды, арқалы ақындарды шақыратын әдет қалыптасқан. Әйгілі Жамбылдың өзі де кезінде жарлай арнау айтқан. Жарлай арнаудың мақсаты – жоқ туралы, немесе белгісіз жағдай туралы жалпақ елге мәлімет беру, жай-жапсарды біле бермейтін елді мүмкіндігінше толығырақ хабардар ету болып табылады.» (Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл)

«Жаршы» қазақ сахнасында, үлкен мерекелерде фольклорлық кейіпкер ретінде әлі де қолданылып келе жатыр. Әсіресе, «Наурыз» мерекелерінің бастауын «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Жар саламыз, жар саламыз! Шығыстан келе жатқан жаңа жылды қарсы аламыз!» – деп, жарқын даусымен жаршылар бастап жатады.

Сонымен кешегі жаршы бүгінгі конферансье зал мен сахнаның, көрермен мен орындаушының тығыз байланысын орнатуға ұмтылатын, бұл оның негізгі мақсаты.  Конферансье – залдағы көрерменмен біртұтас болып, сол көрермен жасалған ет пен теріден пішілуі керек. Оның барлық ойы мен тіршілігін, күнделікті мұң-мұқтажын бөлісе білуі шарт.   Конферансье залмен байланысты орнату үшін онымен ой өрісі ұштасып, әзілінің астары күн талабы, заман ағымына сай болып, тіпті киген киімі де көрермен көзіне жағымды, таныс үлгіде болуы керек. Егер осының бір жетпей тұрса залдың жайбарақаттылығы мен мысқылына, сенімісіздігіне ұшырауы мүмкін. Міне сондықтан конферансье бір образда қалып қоймау үшін өмір ағымына қарай бейімделіп, өзгеріске ұшырап отырады.  Халық үшін конферансье шебер аспаз тәрізді, сахнадағы оқиғаны тұзын татырып, дәмін кіргізіп беріп отырды. Мұндай театрдың көрермені конферансьенің жетегіне ергені сондай өзінің де қонақ емес кейіпкер болғанын сезбей қалатын. Сахнадан залға ғана емес, залдан сахнаға, конферансьеге де сөздер айтылып жататын. Ондай кезде конферансьеге шешендік, тапқырлық аса қажет болатын. Себебі залда да небір сөзге шешен әзілкештер болуы мүмкін. Осындай сөз тартыстар кезінде жол таппаған конферансье мамандықпен қош айтысып кете беретін. Ұшқыр ой мен тапқырлық жаратушыдан келген сый екені мәлім. Дегенмен де оны жетілдіріп, шынықтырып отыру пенденің міндеті екенін ұмытпаған абзал.

Режиссердің кеңесімен өмір сүріп үйренген дарынды актерлар бар, өз бетімен сахнада өмір сүре алмайтындарға конферансье болу жарамайды.

Конферансьелік өмір заманның талабы мен талғамына сай жиі және жылдам құбылып отырады. Кеңестік революция жеңіске жеткен алғашқы жылдары оның сахнадағы мың құбылысы тіпті жиілегіні сонша, кейде бір күнде қырық құбылуға тура келген. Сол кезде конферансьелер өздеріне тағы бір жаңа – «саяси кабаре» жанрын тапқандай болды. Саяси шумақтар, памфлеттер, шымшымалар айтылып, сахна карикатуралармен безендірілді. Алғашқы үгіт театрлары да міне, осы бағытта жұмыс істеді. Үгіт театрлары жаңа үкіметтің саясатын дәріптеу, сауатсыздықпен күресу, «Қызыл отау» нақандарында аянбай еңбек етті. Ресейлік конферансьелердің еңбегі өнер зертеушілерінің еңбектерінде ғылыми тұрғыда зерттеліп, көп айтылғандықтан біз өз тарихымыздағы мұндай құбылыстардың өнерге қатысын жиі қарастырмағанбыз. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің  шығармаларында «Қызыл отау» жайлы тарауларында жоғарыдағы саяси конферансье болып, мінбелерде өлеңімен, жалынды сөздерімен үгіт-насихат айтқандардың бірі Сәкеннің өзі болғанын да аңғарар едік.  Ақынның көрерменмен пікірталас, сөз жарыс кезіндегі жауаптары мен кейбір қанатты сөздері халық арасына осы конферансьелер арқылы да кеңінен таралды.

Халық ақынына ғашық болу керек. Ал, сол өз ұлтының ақынына елін, жұртын жұтындыра елітіп, асыл сөзін құрышын қандыра құлағына құйып, санасына сіңіретін актерлардың, конферансьелердің міндеті. Ақынның өлеңінің астарын айқындап, мазмұнын мәнерлеп, ойын көркемдеп шебер жеткізе білсең  көрерменнің туған ана тіліне деген құрметі мен ұлттық  әдебиетке деген құштарлығын арттыра түсесің. Бұл конферансьенің мойнына жүктелген ауыр міндеттің бірі!

Мұндай мысалдарды көптеп келтіріп, қазақ сатиралық театрларының тарихына тереңдеп сүңгіп, құлаштап жүзуге болатын кез тағы бір кітаптың жүгі, бізден басқа зертеушілердің үлесі деп үміттенейік. Тек атауы сырттан келген өнерді жат деп қабылдамай, әлемдік бастауы қазақсыз дәлелденген кейбір өнердің өзегі өзімізден алыс емес екенін біле жүрейік.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА