07.11.2024

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫНДАҒЫ ТҮРМЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

«Түрме шығармашылығы» циклын ғылыми айналымға енгізудің алғышарттары

Қазіргі таңда қазақ әдебиеттану ғылымы әдеби даму, көркемдік ізденіс, әдеби байланыс, тарихи кезеңдер секілді күрделі міндеттерді шешуге бағытталып жатыр. Бұл – тәуелсіздік пен еркіндік, азаттық таңының жемісі. Міне, сол өзекті міндеттердің бірі – әдебиеттегі түрме шығармашылығы циклы, оның қазақ әдебиеті тарихындағы қалыптасуы, даму жолдары, поэтикалық құрылымы, тақырыптық-идеялық ерекшелігі және қызметі.
Әдебиеттегі түрме шығармашылығы циклы, түрмепоэтикасы туралы пайымдаулар әлемдік әдебиеттануда кеңінен қарастырылып, бір жүйеге негізделген. Әлемдік әдебиеттану ғылымы осы цикл аясында қаншама диссертациялық жұмыстар мен монографиялық іргелі зерттеулер жүргізген. Бұл – әлем әдебиеті тарихын (әр ұлт өз әдебиетіне қарай) зерттеуші ғалымдар тарапынан мақұлданған контекс, тұжырым. Біздің ұлттық әдебиетімізде де түрме шығармашылығы болғаны ақиқат.
Әдебиеттанудағы түрме шығармашылығы циклын қазақ әдебиеті тарихы аясында қарастыру – біздің әдебиеттануда әлі де қолға алына қоймаған мәселе. Ұлттық әдебиеттанудағы арнайы кезеңнің бар екенін, оның даму перспективасы мен тенденциясын, көркемдік деңгейін осы бағыттағы саралау еңбектер арқылы қарастыру – қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына қосылар үлкен үлес болмақ.
Түрме –тәртіппен қатаң режимдегі жүйе. Осындай қатаң жүйеге әлем халықтарының әрбір елдімекенінде, аймақтарында мемлекеттік жүйеге қарсы шыққан қаламгерлер лек-легімен тар қапасқа тоғылды. Тар қапасқа танылған ұлтшыл азаматтар өздерінің жан қайғысын, ыза-шерін, наласын, арман-үмітін өлең, жыр немесе прозалық туындылар арқылы білдірді. Олардың жазылу тарихы, оқырманның қолына жетуі, ғылыми айналымға түсуі – өз алдына бір бөлек мәселе. Міне, осы көкейкесті мәселе әлемдік әдебиеттану контексінде сол мезетінде-ақ сөз болған. Мысалы, Мигель де Сервантес, Джон Баньян,Оскер Уайльд,Николо Максиавелли, Грамши Антонио, Алекс Ла Гума, Назым Хикмет, Мұса Жәлел т.б. түрмеге түскен ақын-жазушылардың түрмеде жазған шығармалары арнайы қарастырылып, антологиялық жинақтарға арқау болды. Сондай ақ, орыс әдебиеттанушылары көптеген ТМД елдерінің халық әдебиетіне, соның ішінде түрме шығармашылығына арнайы назар аударып, академиялық басылымдар мен монографиялар шығарды.
Ал,біздің ұлттық әдебиеттануымызда бұл мәселеге енді назар аударылуда. «Алаш ұранды әдебиет», «Алаш рухты әдебиет» деп арнайы қарастырылу ісі – тәуелсіздік жылдарында ғана қолға алынды. Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы арнайы кешенді зерттеу еңбекке арқау болмаса да, бірде-екілі ғалымдардың зерттеулерінде сөз болғанымен, зерттеулер саны мүлде аз. Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы, түрмеде жазылған шығармалардың концептілік мағынасы, мәні, жүйесі, дүниетанымы, олардың тілдік, көркемдік ерекшеліктері, тарихи кезеңдері арнайы қарастыруды қажет етеді. Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы және эмигранттық кезеңін саралауға арналған бұл еңбекте осы мәселелер кеңінен қозғалады. Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығын зерделеу барысында біз түрмеде жазылған шығармаларды тек жинастырып қана қоймай, оларды әлемдік әдебиет контексінде және жан-жақты саралау, талдау шеңберінде қарастырамыз.
Бұл еңбектің басты мақсаты – ұлттық әдебиеттану тарихындағы түрме шығармашылығы циклы бар екенін,генезисін, қалыптасуын, оның поэтикалық қызметін, даму барысындағы перспективасы мен тенденциясын,эволюциясын анықтап, ғылыми айналымға енгізу. Осы мақсатқа жету үшін алдымызға төмендегідей міндеттерді қойдық:
– Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығының қалыптасу тарихын көрсету;
– түрме әдебиетінің пайда болуы, даму бағытын ғылыми тұрғыда негіздеу;
–әдебиеттанудағы түрме шығармашылығының зерттелуі хақында тұжырым жасау;
–ұлттық әдебиеттану тарихындағы түрме шығармашылығы циклының тарихын, кезеңдерін, олардың кезеңдік ерекшеліктерін анықтау;
–түрмеде жазылған шығармалардың тақырыптық-идеялық мәселесін айқындау;
–түрмеде жазылған шығармаларды жанрына қарай топтастыру;
–түрмеде жазылған поэзиялық шығармалардағы ұлттық рух пен сенім көрінісін сараптау;
–түрмеде жазылған поэзиялық шығармалардың діни-адамгершілік сипатына тоқталу;
–түрмеде жазылған шығармалардаң философиялық сарынын анықтау;
–түрмеге түскен қаламгерлердің шығармаларындағы өмірбаяндық сипаттың берілу әдісін көрсету;
–түрмеде жазылған шығармалардың көркемдік, тілдік ерекшеліктерін және поэтикалық қызметін жеткізу;
– түрме шығармашылығының эмигранттық кезеңі, өкілдері туралы толық мағлұмат беру;
–түрме шығармашылығы циклының әдебиеттанудағы алар орны мен ролін, тарихи маңыздылығын саралау.
Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығының қалыптасу, туу, даму барысы, тарихи кезеңдері туралы жазу барысында ежелгі әдебиет нұсқаларында кездесетін абақты элементтері, ұлттық фольклор мен мифологиядағы аталмыш мәселеге қатысты наным-сенімдер назарға алынды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген сал, серілер мен ХХ ғасыр басындағы елім, жерім деп өткен Алаш арыстары, Кеңес үкіметі орнаған тұста әр түрлі себептермен отанын тастап, өзге мемлекеттерге кеткен эмигрант қаламгерлердің, КСРО үстемдік еткен кезеңде «ұлтшыл» атанып, нақақтан-нақақ репрессияға ұшыраған азаматтардың түрмеде жазған шығармалары негізгі зерттеу нысаны болды.
Ғылыми зерттеу жұмысын жазу барысында салыстырмалы-салғастырмалы, салғастырмалы-тарихи талдау, жинақтау, даралау әдістері қолданылып жатыр. Бұл әдістер – өзекті мәселені оңтайлы шешуге өз септігін тигізеді.
Бұл ғылыми зерттеу жұмысының негізгі жаңалығы сол – қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы циклының алғаш рет жан-жақты, кең көлемде қарастырылуы.
Зерттеу еңбегін Алаш арыстарының, нақақ жала құрбандарының, тар қапасқа тарылған асыл Ерлердің ізгі рухына, Сталинизм саясатының зардабын шеккен тұтқын атаулыға бағыштаймыз.

Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығының зерттелуі

Өткен дәуірде қазақ әдебиеттану ғылымы кеңестік жүйе ықпалында болып, тоқырап қалғаны баршаға мәлім. Бүгінгі таңда еркіндіп алып, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін Отан тарихы, ұлт әдебиеті, мәдениеті, өнеріне қатысты ойлар мен көзқарастар жаңа заман тұрғысынан зерттеліп, ұлттық санамен қолға алынып келеді. Кешегі өткен қоғамда Алаш ісі жабық мәселе болған. Міне, сол жабық мәселе бүгін түрлі ғылым саласынан жан-жақты ашылып, тексеріліп, зерделеніп жатыр.
Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы тұтас бір қалыпқа түсіп қарастырылмаса да, түрмеге түскен қаламгерлердің кейбіреулері ғалымдар назарына ілінген. Мысалы, көрнекті сыншы ғалым Ш.Елеукенов «Жаңа жолда» атты зерттеу еңбегінде Ахмет, Мағжан, Шәкәрім, Жүсіпбек секілді алаш арыстарының өмірбаяндық қырына жалпы шолу жасаса, М.Бекбергеновтың «Дүбірлі дәуір шежіресі» атты монографиясында Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романы сөз болады. Алаштанушы А.Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» , профессор Д.Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» , академик С.Қирабаевтың «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», Т.Кәкішевтің «Санадағы жаралар», Р.Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» секілді зерттеулерде де алаш арыстарының тағдырына қатысты бірсыпыра тың мағлұматтар. Бұлардың бәрі дереккөзі болғанымен, түрме шығармашылығы тереңірек зерттелу керек екен деген ой туары анық.
Жалпы ғалымдарға, зерттеушілерге кішкентай фактінің өзі ауадай қажет. Ондай мәліметтерді тек мұрағаттан немесе мұражайдан ғана емес, журналистердің де жазбаларынан табуға болады. Мысалы, түрме шығармашылығының өкілдері туралы А.Тасымбековтың «Жан дауысы» атты кітабында АЛЖИР лагері, Д.Махаттың «Қазақ зиялыларының қасіреті» еңбегінде аты айтып тұрғандай, қазақ зиялыларының тағдыры, Қ.Андас, Т.Қажыбай, О.Әбділдаев, Х.Мұсабаев, С.Арғымбаев секілді журналистер танымдық мақалалар жазып, әдеби мұраны зерттеуге көп үлес қосып жүр.
Профессор С.Негимов «Жыр тұйғыны Таңжарық» («Ана тілі» газеті, 23-29 мамыр, 2013ж), Алаштанушы Т.Жұртбай «Тағдырлы тұлға» («Қазақ әдебиеті» газеті, 26 сәуір, 1996ж), ғалым С.Қосан «Тұрмағамбеттің түрмедегі жырлары» («Тұрмағамбет» журналы,№3,2011ж), С.Әбділханқызы «Түрмеде жазылған «1001 түн» («Айқын» газеті 25 қараша, 2009 ж), жазушы Ж.Шәкен «Тас түрменің дауысы» ( «Қазақ әдебиеті» газеті, №48 (2948),2005 ж) секілді мерзімді баспасөзге жазылған мақалаларда Т.Жолдыұлы, Т.Ізтілеуұлы, Қ.Шабданұлы сияқты түрме шығармашылығы өкілдерінің түрмеде жазған шығармашылығы жайлы мәліметтер береді. Ал, «Қызылдар қырғыны», «Қызыл қырғын.37-де опат болғандар» деген жинақтарда түрмеге түскен, репрессияға ұшыраған, сталиндік қуғын-сүргінді көрген қайраткерлердің өмірбаяндық деректері енген.
Қазіргі таңда, әсіресе, Алаштану ісі қарқынды дамыды. Ахметтану, міржақыптану, мағжантану, ілиястану, сәкентану дегендей әрбір ғалым алаш арыстарын жеке-жеке қарастырып жатқаны белгілі. Сол сияқты, бейімбеттану ісіне мол үлес қосқан Тоқтар Бейісқұловтың көп томдық зерттеу еңбектері мен «Бейімбетті атқан кім?» деген зерттеу кітабында Бейімбет Майлиннің тағдыры сан қырынан қарастырылған. Бүгінде кешегі алаш арыстарының артына қалған ұрпақтары, алтынның сынығындай асылдарының жазған мемуарлық-эпистолярлық еңбектері таптырмайтын мәліметтер болып тұр. Тек Міржақыптың қызы Гүлнәр Дулатованың естелік кітаптарының өзінде кешегі өткен дәуірдің ащы шындығы көрініс тапқанын оқып, біліп отырмыз.
Жоғарыдағы келтірген мысалдарды ретімен тізе келе, қазақ әдебиеттануында түрме шығармашылығы арнайы дербес сала ретінде зерттелмеген, тек кейбір зерттеу еңбектері мен баспасөз беттеріндегі мақалалар да жалпылама сипатталған деп тұжырымдаймыз.

ТҮЙІН

Ұлттық әдебиеттанудағы түрме шығармашылығы ұғымы қай кезеңнен бастау алған, даму арнасы қалай бағытталған, түрме шығармашылығының тарихи кезеңдері, тақырып пен идеясы қандай деген сауалдарға ғылыми тұрғыдан жауап іздеп, осы аталмыш тақырыптың қалыптасуынан бастап зерттеу нысанына айналдырып, шама-шарқымыз жеткенше жан-жақты сөз қылып жатырмыз. Әрбір қапаста жазылған шығармалардың тарихына ғылыми түсінік білдіріп, арнайы антологиясын жасау ісі – әдебиеттану саласына қосылар үлкен мұра екені ақиқат. Біздің ендігі міндет сол – қолдағы барлық жинастырылған мұрағаттық құжаттарды және жазып жатқан әрбір мақаламыздың басын біріктіріп, «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезеңі» (Генезис.Эволюция.Поэтика) атты монографиялық еңбек шығару.

Елдос ТОҚТАРБАЕВ, жас әдебиеттанушы,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ізденушісі.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА