22.11.2024

Жақсылық Ақтілек. Мәңгілікке жалғасқан достық.

Қазақ тарихында әлi күнге дейiн толыққанды зерттелмей келе жатқан тұлғалардың бар екендiгi даусыз дүние. Олардың кейбiрi туралы мұрағат деректерi тым мардымсыз болса‚ ендi бiреулерi туралы тiптен жоқтың қасы. Тек кейбiр естелiктерде ғана аттары аталады.
Біздің қазақ даласы қай заманда да, дарынды, ақылды адамдардан құр қалған емес. Адамзат тарихының әр ғасырында өз дәуіріне лайықты кемеңгер адамдар өмір сүрген. Олар тек өзі үшін емес, халқы үшін өмір кешкендіктен тарихтан ешуақытта өшпес орын иемденген.
Қазіргі кезде көрнекті өкілдердің туындыларына жаңаша талдаулар мен зерттеулер жасау қажет ететін мәселелердің бірі болып табылады.
Ұлтымыздың тарихына көз жіберсек, ел шетіне жау тиіп, сүттей ұйып отырған бейбіт қауымның басына қатер төнген тұста халық мүддесін ту қылып ұстап, елім деп еңіреген түкті жүрек, мықты білек ата – бабаларымыз да, елінің, жерінің амандығын, бауырларының бүтіндігін көксеген басалқалы билердің де, жалын атқан сөздерімен, жүрекжарды сырымен алыс жақынды бірдей баураған от ауызды, орақ тілді, ақын – жазушыларымыз да, сайыпқыран батырларымыздың да талайының атын атай аламыз. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы мен Сағындықов Құрманбек еді.
Қазақтың Бауыржан Момышұлындай ұлы перзентін таныстырып жату артық. Ел оның ерлігін, жазған кітаптарын біледі. Оның мірдің оғындай қанатты сөздері де халықтың аузында жүр. Сөйтсе де сол дарынды тұлғаның Құрманбек Сағындықовпен бала кезден жалғасқан достығы, қарым – қатынасы туралы деректер жоқтың қасы. Осы орайда біз бұл жұмысымызды, ел біле бермейтін дарынды тұлғалардың достығына арнаймыз.
Адамның туған жері – тамыр жайып көктейтін ортасы болса, Құрманбек пен Бауыржанның де тамыр жайып, көктеген, нәр алып, өскен топырағы – қасиетті ақбас Алатау мен қарт Қаратаудың ортасынан ойып тұрып орын тепкен Жуалы жері – оның өзгеше жазы – жайлы, қысы – суық өзіндік бір табиғаты қос батырдың бойына алғырлықты, тереңдікті, көрегендікті сыйласа керек – ті. Тарихи тұлғалардың бойындағы осы қасиеттердің барлығы туған топырағы, ата – ананың өрелі өсиетімен бірге Құли, Шегір руының тағылымды тәрбиесімен келгені белгілі.
Бала Құрманбек жастайынан жалықпай ертегі, аңыз, қисса, әңгіме тыңдауды өте ұнататын. Сол айтылғандарды тез арада қағып алып, үйге келген кісілерге қонақ кәде ретінде өлең, тақпақ айтып беретін. Әкесі Сағындықтың шамалы ескіше сауаты болған. Қыстың ұзақ түндерінде шам жарығымен көне кітаптардағы қисса – дастандарды балаларына ежіктеп оқып беріп отыратын. Ал Құрманбектің атасы Үркімбай болса, мұндай сәттерде балалары мен немерелеріне сауат ашып жазып, оқуды үйрену керек екендігін өсиет етіп айтып отыратын.
Кейде үйлеріне қадірлі қонақтар келе қалғанда, Сағындық ағаның балаларының ішіндегі қабілеттілеулері (ішінде осы Құрманбек те бар) қонақ кәдесін жасап, меймандардың алдарында түрегеліп тұрып, қызықты ертегі, өлең, тақпақ, жаңылтпаш және шешуі қиын жұмбақтарға дейін де жарыса айтатын болыпты.
1910 жылы Жуалы жеріне депортацияланған украиндар мен орыстар қазақтың отбасыларымен бірігіп жер жыртып, егін еккен. Сағындықтың әулеті ауқатты шаруа Захар Сороканың отбасымен шаруашылық жағынан бірігіп тіршілік еткен. Құрманбек солардың балаларымен аралас жүріп, өзінің дарындылығының арқасында орыс тілін жан – жақты меңгереді.
1919 жылдың көктемінде әкесі Сағындық тоғыз жасар Құрманбекті және үлкен ағасы Құрманәлі екеуін Амансайда тұратын Үсен молдаға қара танысын деп оқуға береді. Сол үйде жүріп ол алғаш арапша оқып, сауатын ашады.
Жуалы өлкесі түгіл, Әулиеата аймағы мен Түлкібас өңіріне «Момыш молда» ретінде әбден аты мәлім болған, жастайынан ескіше оқыған Момыш баласы Бауыржанға кішкентайынан арабша және орысша әліппені, арифметикалық амалдарды үйрете бастағанын және де қысқы кештерде ұлына қисса, өлең – дастан оқып беріп, көптеген ертегілер айтып тәрбиелегенін біз батырдың «Ұшқан ұя» кітабынан білеміз.
Құрманбектің алғырлығын ерте жастан ақ байқаған Момыш бірде Борандының (Бурныйдың) базарында Сағындыққа кездесіп, баласы Бауыржанның Әулиеатадағы Аса интернатында оқитынын, Құрманбекті де сонда оқуға жіберу керектігін айтады.
Міне осылайша Құрманбек пен Бауыржанның достығы Асадағы интернаттан бастау алады. Құрменбектің азан шақырып қойған есімі «Құрманқұл» екен, бірақ оның есімі осы интернатқа құжат қабылдағанда, жаңсақ жазылып, «Құрманбек» аталып кеткен.
Бірінші сыныпты «өте жақсы» үлгеріммен тәмамдаған Құрманбекті, интертнат басшылығы бірден үшінші сыныпқа қабылдайды. Ол мұнда бір партада Бауыржан Момышұлымен бірге отырады.
Солайша, Жуалы жерінен түлеп ұшқан есімдері жалпақ жұртқа аян болған, мақтаныш болған қос тарихи тұлғаның ғұмыр бойына ажырамай өткен достығы осы мектеп – интернаттан басталады. Бауыржан арифметикадан, ал Құрманбек қазақ тілінен өте үздік болған. Бұл жерде олар үш жыл білім алып, 1924 жылы бастауыш мектепті бітіреді.
1925 жылы күзде Аса интернатының төртінші класын аяқтаған балалар Әулиеата қаласындағы сол кездегі В.И.Ленин атындағы интернатқа барады. Құрманбек диктант жазудан, Бауыржан арифметикадан үздік бағамен, бесінші класқа қабылданып, (қазіргі Тараз қаласындағы Пушкин көшесіндегі № 1 мектеп-гимназия) оқуын жалғастырады. Өкінішке қарай, қазіргі кезде бұл білім ордасында олардың осы жерде оқуға түскенін растайтын ешбір құжат сақталмаған екен. Ол кезде мектеп таза орысша білім берген. Бұнда олар оқуды бастағанына көп болмай – ақ Шымкенттегі губерниялық халық ағарту бөлімінен, бесінші кластың шәкірттері Шымкенттегі қазақ орта мектебіне тез жіберілсін деген жарлық шығады.
Шымкентке Әулиеата интернатынан он бір шәкірт оқуға барады. Бұлардың ішінде Ораз Байшымыров пен Сейітқасым Көлбаев, Дәулетжан Ыбырайымов және Тәуірбек Әшімов та бар еді. Сондай – ақ басқа Қызылорда облысынан Әбділда Тәжібаев, Меркі ауданынан ауқатты шаруалардың балалары Шерәлі Досмұхамбетов пен Арынғазы Қонысбаев та болған еді [5].
122222Содан 1925 жылдың күзі аяқталмай тұрып бір – екі күннен соң Сырдария губерниясының жанынан ашылған Ахмет Байтұрсынов атындағы жетіжылдық қазақ мектебінде Құрманбек Бауыржан Момышұлымен бірге оқиды. Олардың сол жерде түскен суреттері әлі күнге дейін сақталған. Төменде біз сол суретті беріп отырмыз.

Суретте 7 бөлім (қазіргіше сынып) оқушылары бейнеленген, онда барлығы 17 оқушы түскен, артында арап әрпімен «Ұмытпастық белгі» деп сол 17 оқушының барлығының аты жөндері көрсетілген. Суреттегі жоғарғы қатардағы түрегеп тұрғандардың ішіндегі Құрманбек Сағындықұлы сол жақтан санағанда екінші, ал одан кейінгі оның жанында тұрған Бауыржан Момышұлы. Сол жерде олар 1928 жылдың жазында оң мен солын танып, жеті жылдық білім алып шығады.
Шымкентте оқып жүрген жылдары Құрманбек пен Бауыржан басқа да жазушылардың драматургиялық шығармаларын, олардың үзінділерін, ақындардың жаңа өлеңдері мен жырларын елге барған кездерінде де, өз орталарында да оқып, талқылап жүрген. Құрманбек Шымкенттегі бұл оқу орнында ай сайын шығып тұратын қабырға газетінің материалдарын әзірлеуге белсене араласып, жетекшісі болған. Ал мұның өзі Бауыржанның батырлық қабілетін ұштаса, Құрманбектің болашақта журналистика саласына қарай бейімделуіне алғышарт болды.
1928 жылы Шымкент орта мектебін үздік тәмамдаған Құрманбек Сағындықов, Бауыржан Момышұлы, Сейітқасым Көлбаев үшеуі губерниялық оқу бөлімінің инспекторы Шәймерденов дейтін кісіге барып, Орынбор педагогикалық институтына жолдама алып, жол тартады. Алайда сол кездегі Орынбор педагогикалық институтының директоры болған Кәрім Тоқтыбаев деген кісі басқа екі бала оқуға қабылданып қойғандыған айтады. Сөйтіп бұлардың Орынборға жасаған сапарлары сәтсіз аяқталады. Алайда олар қайтадан Шымкенттегі мұғалім мамандарын даярлайтын үш айлық курсқа келіп оқыған. Сосын Құрманбек қазіргі Сарысу ауданындағы Тарақты ауылында мұғалім болса, Бауыржан Түгіскен деген жерде мұғалім болған.
Кейіннен Бауыржан да Құрманбек те сол кездегі Жуалыдағы губерниялық оқу бөлімінің бастығы Әшіров деген кісінің тағайындауымен 1929 – 1931 жылдар аралығында екі жыл ауыл мектебінің мұғалімі болады.
Бұл жылдар аралығында Құрманбек пен Бауыржанның мызғымас достығы қызметтес болған кезде де жалғасып, беки түседі, оның үйінде де талай қонақ болады. Олар бір жағынан алғанда екеуі де 1910 жылы туылған түйдей құрдас та болатын. Бауыржан 24 желтоқсанда ал, Құрманбек 25 желтоқсанда туылған.
Бауыржан мен Құрманбектің осыдан кейінгі өмірі соғыс басталғанға дейін тағдырдың жазуымен екіге айрылады, алайда бір – бірімен хат арқылы хабарласып, байланысып тұрған.
Құрманбектің онан кейінгі өмір жолы оны Алматыға алып келді, 1933 жылы ол республикалық кітап баспасында жұмыс істеді. Сонан соң 1935 – 1941 жылдар аралығында Қазақ кәсіподақтар кеңесінің жауапты хатшысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады.
1934 жылы Баукең әскери борышын өтеп қайтқан соң Шымкенттегі өнеркәсіп банкте қызмет істеп жүріп Алматыға ауысады. Онда СССР өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға кеңесші (консультант) болып қызметке тағайындалады. Осы жерде екі достың өмір жолы қайта тоғысады. Бұл жағдайды Баукеңнің өзі Әзілхан Нұршайықовқа берген «Ақиқат пен аңыз» романында көрсетілген болатын.
Ұлы Отан соғысы басталған соң, Құрманбек, Калинин бағытындағы ұрыстарда, Новгородтағы, Холм қаласы түбіндегі шайқастарға, Риганы азат етуге, фашистердің Курляндия тобын талқандауға қатынасып гвардиялық жауынгерлік туды абыроймен алып жүрді.
Осы дивизияның 1075 – полкіндегі 4 – ротасының 28 панфиловшысы Дубосеково разъезі түбіндегі шайқаста асқан ерлік көрсетіп бүкіл әлемге танылды. Аты аңызға айналған өжет офицер Бауыржан Момышұлының есімі осы кезде шықты. Ол өзінің ерлігімен, тапқырлығымен, ұрысты жүргізу шеберлігімен, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындаушылық қасиеттерімен көпшілікке мәлім болған еді.
Дивизияның жауынгерлері мен командирлері бұрын тарихта болып көрмеген табандылық көрсетіп Москваны 1941 жылдың 13 қазанынан 1942 жылдың қаңтарына дейін ерлікпен қорғап тұрды. Осы аралықта 316 – атқыштар дивизиясы жаудың 26 мыңнан астам солдаты мен офицерлерін, 114 танкісін, 5 ұшағы мен көптеген басқа да әскери техникаларын жойып жіберген еді [10].
Ал, Құрманбек Сағындықұлы Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатынасқан. Сол даңқты 316 – атқыштар дивизиясының құрамында Бауыржан Момышұлы мен тағы да бірге болып, бірқатар әскери газеттердің редакторы болады. Дегенмен, майдан даласындағы журналистикасындағы қаламгердің өмірі тек газет шығарып, кейде окоптарда жатып, жаумен арпалысумен ғана өтті десек, мүлдем қателесер едік. Ол көбінде майдан даласында окоптардағы қарулас достарының жандарында отырып, түнде ай жарығымен жазған кездері де аз болмаған. Құрманбек көбінде соғыс сәттерінен жазылған сүреттеме, репортаж, очерктерімен бірге, алдыңғы шептегі батыр жауынгерлердің аттарынан өзгелерге үлгі-өнеге болып, алдағы күндерге қарай талпынуға жетелер толғанысқа толы материалдарды да көп жазып жататын. Адам жанын алапат күйге салған соғыс жылдарында жауынгерлерді рухтандыратын көптеген мақалалар жазды, жауынгерлердің ерліктерін паш етті.
Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықұлы Отанын, өз ұлтын шексіз сүйетін үлкен жүректі азамат екендіктерін сан рет дәлелдеді. Бауыржан соғыстың бел ортасында жүрсе, Құрманбек соғыс жылдары жауынгерлерді рухтандыратын талай мақалалар жазды. Адам тағдырын, олардың ерлік істерін, уақыт бедерін, қиын – қыстау кезеңнін сұрғылт суретін боямасыз суреттеп жазды.
Оның ауыл – аймақ, ағайын туыстардың тыныс – тіршілігінен мол хабар беретін майданнан жазылған хаттарының өзін шағын шығарма десе болғандай еді. Және де, бұның бәрі тек бір үйді, ата-ана, әйел, бала-шағасын сағынғандықтан жазылған, не алыста жүрген адал достарына сәлем ретінде жіберілген үшбу хаттар ғана емес, ол кісінің заман, қоғам, өзі өмір сүрген кездің азабы мен тозағы, жүрек қылын шырткен небір үлкенді-кішілі оқиғалар мен сезім-әуендерінен де молынан хабар берер еді. Елге жолдаған хаттарының көпшілігінде Бауыржан Момышұлының майдан даласындағы тынысы қысқа болса да көрініс тауып жатады.
Соғыстан кейінгі жылдары Бауыржан Момышұлы Кеңес Армиясы бас штабының арнаулы Жоғарғы Академиясын бітірді, әскери академияда дәріс оқыды, әскери педагогика мен әскери психология саласында баға жетпес еңбектер жазды. 1956 жылы демалысқа шығып елге оралды. Өмірінің соңына дейін шығармашылық жұмыспен айналысты.
Ал, Құрманбек Сағындықұлы болса, қай қызметте болмасын өзіне тапсырылған жұмыстың барлығында да Отанына оның ісіне шексіз беріле, шығармашылық пен қызмет етті, зор ұйымдастырушылық пен қабілеттілік таныта білді. Әсіресе ол марксизм – ленинизм классиктерінің еңбектерін соның ішінде К.Маркстің 3 томдық таңдамалы шығармаларын және «Капиталын», Лениннің 56 томдық шығармаларын, Пушкиннің, Толстойдың, Шолоховтың, Островскийдің еңбектерін сондай – ақ әлемдік, орыс және совет әдебиетінің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударуға белсене араласты. Ол сондай – ақ театрдың негізін қалаушы Станиславскийдің «Менің өнердегі өмірім» атты отыз шақты томын, Горькийдің «Анасын», Жуковтың «Отанын» И.Тургеневтің «Аңшының жазбаларын», педагог Макаренконың «Ұстаздық дастанын», Лопе де Вега, Лу Син секілді шетел драматургтерінің қойылымдарын жас кезінде ақ қазақ тілінде сөйлеткен. Кезінде Әл-Фараби трактаттарын аударуға ешкімнің тісі батпай қойғанда да осы іс Құрманбекке жүктелген.
Жуалы ауданындағы Шақпақата ауылындағы Құрманбек Сағындықұлы атындағы орта мектептің мұражайында Бауыржан досына арнаған мынадай өлең жолдары сақталыпты:
«Данаға біткен ақылы бар,
Өмірден түйген нақылы бар.
Шешенге біткен тілі бар.
Кіршіксіз елге тілегі бар,
Батырға біткен жүрегі бар.
Бауыржандай халық ұлынан
Айналып кетсең болмай ма?!…»
1982 жылы батыр Бауыржан дүниеден озғанда Құрманбек дос өліміне ұзақ уақыт қатты қайғырады. Зейнеткерлікте жүрген өзінің денсаулығы да сыр бере бастаған тұста, батырдың үзеңгілес серігі, қанды көйлек досы болғанын үнемі мақтанышпен еске алып, «Батыр туралы мен жазбағанда кім жазады, жазып жатырмын», дегенді жиі айтып, «Ең аяулы досым менің» атты романын жазуға кіріседі. Бірақ романды аяқтауға өмірі жетпей, Құрманбек Сағындықұлы 1988 жылдың 17 маусымында 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Бауыржан мен Құрманбектің достығы мен сыйластығы кейін де, өле – өлгенше, ғұмыр бойы жалғасты. Достық атты қасиетті сезімнің туын жықпай өткен қос тұлға мәңгілік мекені Кеңсайдың төрінде де бірге жатыр.

21gw0-AOtekАдам баласы көрген күнімен немесе жасаған жасымен емес тындырған ісімен, қалдырған ізімен, ерлігімен, елге жасаған шарапатымен мәңгілікке қалады. Халқымыздың отаншылдық, ұлтжандылық, күрескерлік сияқты асыл қасиеттерін еске алғанда оның нағыз қайнарында жорықтарда қол бастаған Бауыржан мен Құрманбек сияқты тарихи тұлғалар тұрады. Тарих бетінде өшпестей із қалдырып халық жүрегінің төрінен орын алған Жуалы жерінің мақтаныштары, Бауыржан мен Құрманбектің қастерлі есімі Алатаудың алып шыңындай әрқашанда асқақ болып қала бермек.

Жақсылық Ақтілек Бөкенбайқызы. 2004 жылы 24 ақпанда Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Қазіргі кезде Дінмұхамед Қонаев атындағы гимназия мектебінің 5 сыныбында оқушысы.

Шығармашылық бәйге туралы мұнда басыңыз

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА