22.11.2024

Жеке тұлғаны қалыптастыру үшін мектепте барлық жағдай жасалуы тиіс

Кеше елорда әкімдігінде қалалық Білім басқармасының басшысы Эльмира Сұханбердиеваның Астананың дарынды балаларымен кездесуі өтті. Республикалық, халықаралық олимпиадалардың және ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз жетістіктері туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ отандық білім беру саласын дамыту тұрғысында ойларын ортаға салды, – деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Шара өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, патриоттық сезімін арттыруға, дарынды балалардың білімге деген құштарлығын қолдауға бағытталған.

10-11 сыныптардың 42 оқушысы қатысқан кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Кездесуге қатысушылар интеллектуалды сайыстарға дайындалу, оқушылардың шығармашылық әлеуеттілігін арттыру секілді сауалдар төңірегінде ой бөлісті.

Оқушылар алдында сөз алған Эльмира Сұханбердиева білім беру саласындағы мемлекеттің басты міндеттерінің бірі елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру және арттыру екендігін айтты. Осыған байланысты дарынды балаларды анықтау және олармен жұмыс жүргізу басым бағыттардың бірі болып табылады.

– Астана қаласында дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту бағытында мақсатты, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Біздің жұмысымыздың ерекшелігі соңғы нәтижеге бағытталғандығы. Астана мектептерінің оқушылары барлық деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми және интеллектуалды сайыстарда жеткен жетістіктер соның дәлелі, – деді қалалық Білім беру басқармасының басшысы.

2014-2015 жылғы оқу жылы елордалық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда жалпы білім беретін пәндер бойынша 150 медаль олжалады. Олардың 26 – алтын, 34 – күміс және 90 – қола. Өткен жылдың қазан айында 57 оқушыдан құралған елордалық команда Алматыда өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысты. Нәтижесінде 2 алын, 4 күміс, 15 қола медаль, сондай-ақ 4 мақтау қағазын иеленді.

Гуманитарлық және техникалық пәндер бойынша Атырау мен Оралда өткен республикалық олимпиадаларға, жалпы саны 78 елордалық оқушы қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. 11 оқушы бірінші орын иеленсе, 15 – екінші, 18 – үшінші, 10 оқушы мақтау қағаздарына ие болды.

Аталған жетістіктердің барлығы елорда оқушыларына қатарынан сегізінші рет «Үздік команда-2015» атағын алуға мүмкіндік берді.

– Әр бала бойындағы ақыл көзін анықтап, оны кеңейту. Білім беру мекемесінің басты міндеті осы. Бала бойында физикалық, интеллектуалдық және рухани күш-жігерін қалыптастыратын – ішкі белсенділікті арттыру. Осы орайда елордалық білім беру саласына тұлғаның шығармашылық әлеуетін қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығын жасау міндеті тұр, – деді Эльмира Сұханбердиева.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА