22.11.2024

МЫРЗАКЕЛДІ КЕМЕЛ: БІЛІМ АДАМНЫҢ ІШІНЕН ШЫҚПАЙДЫ, СЫРТТАН КЕЛЕТІН НӘРСЕ!

Қазір адам баласының қолы ұзарған заман болды. Алысты жақындатып, дамуды қарқындатып жатқанымыз рас. Айналамыздың бәрі тек тетігін баса салсаң болды, дамыған техникаға толы. Жан қиналатын түкте жоқ. Сыртымыз толық, ішіміз азып бара жатқан жоқ па деген сұрақ санамызда тұрады. «Қарны тоқтық, уайым жоқтық аздырар адам баласын», – деп Абай бекер айтып кетпеген болар?! Абылай ханда өз кезегінде «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деп осы күнді айқын көргендей айтқан екен. Рухани азық немесе тәлім-тәрбие ауылы бізден күн санап алыстап бара ма деген ой мазалайтыны тағы бар. Сонымен экономика ғылымының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, қаламгер Мырзакелді аға Кемелмен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

– Мырзакелді аға, тән ауырса дәрігерге барамыз, ал жан ауырса психолог маманға баратынымыз белгілі. Қазіргі адамзат баласына қажетті руханият саласына арнап, 10-нан аса кітап шығарыпсыз. Жанымыздың көрінбейтін жарасын «емдейтін» кітаптарды жазуға не түрткі болды?

– Мен институтты Ташкент қаласында оқыдым. Бізге Ташкент жақын – 80 шақырым, Шымкент – 240 шақырым. Бүгінгідей шектеу, тексеру жоқ, бәріміз бір кісінің баласындай едік. Политехникалық институттың «кибернетика және телемеханика» деген факультетіне құжат тапсырып, 4 сабақтан 16 балл алып, соңынан дәрігерлік тексеріс болғанда «жүрегіңнің ақауы бар, техникалық оқу орнына жарамайсың», – деп, құжатымды ауыл шаруашылығын электрлендіру инженері мамандығына тапсырып, сол оқу орынын бітіріп шықтым. Ол кезде оқуға түспеу намыс болатын. Бұрыннан кітапты көп оқитынмын, газет-журналдардағы адамгершілік, парасат мәселелеріне қатысты ұлағатты ойларды жинап жүретінмін. 5 жыл бойы сенбі-жексенбі күндерім Ташкенттегі бір кварталды алып жатқан Орталық Азиядағы ең үлкен Науайы атындағы кітапханада өтті. Өзбек халқы руханиятқа, өнерге бейім. Сол кітапханадан көп білім-тәлім алдым. Өзбек тілінде жазған екі жалпы дәптерім әлі де бар. 1994 жылы наурызда Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланып, ол дәл бір жыл ішінде таратылып, 6 айдай әрі-сәрі болып қалған күндері сол дәптерлерімді азық еттім. Алғашқы шағын кітабымды «Өзімді іздеп жүрмін» деп атадым. Жыл аяғында жаңа Конституцияға сәйкес сайланатын Парламент Мәжілісіне үміткер болар алдында алдыңғы Жоғарғы Кеңестегі басшымыз, данышпан жазушы Әбіш Кекілбаевқа барып: «Сайлауға тағы түсейін, – деп едім. Сонда тарата жүрмекпін» деп алғысөз жазып беруін өтіндім. Екі күннен соң көмекшісі шақырып, өз қолымен мөлдіретіп жазған бата сөзін ұсынды. Қазір ойласам, егер сол кезде қолдау сөз суықтау, жасанды болғанда басқа ештеңе де жазбас па едім?! Алғысөзінде ұлы жазушы менің жазбаларымды «Абзалдық әліппесі» деп атапты. Содан кейін кітабым солай аталды.

– Рита Стрикленд айтпақшы, жазбаларыңызда Құдайдан «сұхбат алыпсыз». «Олар балалықтан тез тойынып есеюге асығады. Ал соңынан қайтадан бала болуды армандайды» деп жауап беріпті. Арманыңыз қандай?

– «Құдайдан сұхбатты» интернеттен алып қазақшаладым. Мұсылман халқы әдетте «Құдайдан сұхбат алу» деген сөзді қолдану түгілі, ойланбайды да. Содан әсерлендім. Кейбіреулерше «жасымнан алғыр болдым, ізденгіш болдым, ақылды болдым» деп мақтансам, алдағаным болар еді. Менің ақылым қырыққа жақындағанда кірді ғой деймін. Оған дейінгі өмірім әуелі ағысқа еру, сосын болашаққа дайындық десе боларлық. Жұмыста өте тәртіпті болдым. 25 жасымда аудандық партия комитетіне нұсқаушы болдым, содан 19 жыл партия-кеңес қызметінде аудан көлеміндегі басшылық қызметтерді атқардым. Одан кейінгі 19 жылым Парламент аясында өтті – 11 жыл депутат, 8 жыл аппарат қызметкері. Осыны ойласам арман жоқтай. Ал армандай берсем, «22 жасымда қалаға келгенде бұдан да көп жетістіктерге жетер ме ем?! Ауыл адамының ұяңдығынан бүгінге дейін арыла алмай келемін, соның есебінен биіктерге өрлей алмаған шығармын» дей берсең, шыға берер. Шынымды айтсам, арманым жоқ.

– Сіз бір сөзіңізде «Көшпенді өмірден қалған жалқаулық» дедіңіз. Қайтсек осы жалқаулықтан құтыламыз?

– Жалқаулықты мінезімізден уақыттың өзі тықсырып шығарады. Жұрттан қалып бара жатқаны тәубешіліктен, азды місе тұтқаннан ғана емес, өзінің ұмтылысының кемшіндігінен, бір істі дұрыс атқаруға жігерінің жетпегендігінен болғанын түсінген кезде адамнан жалқаулық қашады. Біздің ауылда кәрі әке-анасының қолына қарап отыра берген бір отбасының тепсе темір үзетін мүшелері әке-шешесі кеткен соң, амалсыз еңбек етуге бел байлағанына куәмін. Сөйтті де, жетіліп кетті.
Мынадай тәмсіл бар: «Мұхаммед пайғамбарға бір мұсылман келіп, көмек сұрайды.

– Үйіңде ештеңе жоқ па? – дейді пайғамбарымыз.
– Бір жағын астымызға төсеп, екінші жағын жамылып жүрген жалғыз көрпеміз, су ішетін бір ыдысымыз ғана бар, – дейді.
Пайғамбар:
– Мына кісінің заттарын сатып алатын адам бар ма?
– Мен бір динар беремін, – дейді біреу.
– Одан көп беретін кісі бар ма?
– Мен екі динар беремін, – депті екінші бір адам. Пайғамбар заттарды сол екі динарға сатып, әлгі адамға:
– Бір динарға отбасыңмен жейтін бір нәрсе сатып ал, тағы бір динарға бір балта сатып алып маған кел, – дейді. Балтаны алып келген соң:
– Енді таудан отын кесіп әкеліп сат. Он бес күннен кейін келерсің, – дейді.
Он бес күннен кейін келген әлгі мұсылманның жүзі жадыраңқы көрінеді. Ол күніне бір динарға отын сатып, жартысын тамақ, жартысын киім етіпті. Сонда пайғамбарымыз:
– Осылай еңбек етіп тапқан нәпақаң қайыршылықтан мың есе артық. Қолынан іс келетін адам тілемсектеніп, ақиретте жүзі қара болғанша, еңбегін тауып, адал өмір кешкені дұрыс», – депті. Бұл мысал әр адамның есінде жүргені абзал.

– Қазаққа не жетпейді? Бүгінгі күні бізге ең керегі не деп ойлайсыз?

– Өзін-өзі тану, сол арқылы өзгені, қоршағандарымызды, тіпті әлемді тануға ұмтылыс жетпейді. Адам болып жаратылған соң, адам өз өмірін мағыналы, мәнді етіп өткізуге тырысады. Ал адам баласы өзін-өзі зерттеп, өз мүмкіндіктерін, мінезін танып алмай өзгелерді, өзін қоршаған ортаны тануы, олармен үйлесімді өмір кешуі қиын. Сондықтан өзін тану – өмірді тану. Өзін-өзі тану – адамның қоршаған әлем туралы көзқарасын кеңейтеді. Жаңа білім-танымға жетелейді. Рухани дамуға жол көрсетіп, өмір сүрудің мағынасын ашады. Жақсы және жаман істерді айыра білуді үйретеді. Адамдармен жақсы байланыс құруға көмектеседі. Адамдарды ел-жерге бөлмей, адамзат деп тануға, оларды ұлтқа, тілге, руға, дінге бөлу емес, біртұтас рухани әлемде өмір сүруге бейімдейді. Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидың кесенесінің қақпасында: «Егер кім де кім өзін-өзі таныса, ол адам өзінің Құдайын да таниды» деп жазылған. Будда ілімінде: «Расында, адамның өзiн-өзi жеңуi, өзiне-өзi тиянақты түрде тыйым сала бiлуi, өзiн-өзi көндiре бiлуi басқа бiреудi жеңуінен әлдеқайда артық», – деген ой бар. Өмірдің мақсаты – өзіңді өзің танып-білуде. Сен өзіңді танып-білсең, басқаларды тану қиын емес. Өз табиғатын танып-білмейтіндер, өзгенің табиғатын танып-біле алмайды. Сөйтіп «ренжіту», «кемсіту», «менсінбеу», «көңіл қалдыру» сияқты сезімдер орын алады. Әр адам өзіне: «Мен кіммін?» деп сұрақ қоюы тиіс. «Сен кімсің?», «Ол кім?», «Қайдансың?» деп сұрау қажетсіз. «Мен адаммын». «Ол да адам». Барлығы осылай қарапайым қатынаста болуы тиіс. Сосын білім алуға берік ұмтылыс керек. Л.Толстой: «…Біздің мектептерімізде, жоғарғы оқу орындарында, қажеттісі бар, қажетсізі бар, ғылым-білімнің неше түрі оқытылады, бірақ біз бақытты болу үшін ең бірінші қажетті пән – адамгершілік пәні оқытылмайды» деген. Адамгершілік пәнін оқыту да керек, бірақ оқып алуға ынталылар арнайы оқытылғандардан да көбірек болу керек.

– Жаһандану заманы деп телефон мен компьютерге баспен «кіріп» кеткеніміз жасырын емес. Айтатын әңгімеміз, сөзіміз ақша мен дүние болып қалды. Қазақ тілі бай. Осы «байлығымыздан» айырылып қалмаймыз ба?

– Тіл біртіндеп қоғамдағы лайықты орнын алып, жетіліп келеді. Бізде: «Барлығы да неге бүгін болса салмайды», – деген асығыстық бар. «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» демей ме қазақ?! Жаһандану үрдісіне қаншама күмәндана қарағанымызбен, ол біздің ішімізге батыл еніп кетті. Оны біреу игілік, біреу қасірет дейді. Шын мәнінде жаһанданудың игілігі де, қиындығы да бар. Оны былайша сипаттауға болады. Бір ел мен екінші елдің арасындағы кедергілер азаяды, кең көлемде қауымдасудың мәні мен мағынасы артады, ақпараттар беру ісі жеңілдейді, қаржылық, ақпараттық салаларда біртұтас кеңістік жүйесі қалыптасады. Ғаламтордағы ақпараттар ағыны, ұялы байланыс, халықаралық сауда, ғылым, медицина жаңалықтарын енгізу – жаһанданудың жемісі. Оны жек көрмейміз. Демек, жаһанданудан қашып құтыла алмаймыз. Жаһандану – халықаралық қатынастарды біркелкілендіру. Бірақ, жаппай жаһандану үдерісі мәдениеттің де әмбебаптануына алып келуі мүмкін. Ұлы технология аясындағы рухани тоқырау содан туындайды. Жаһандануды экономикалық, яки мәдени империализмнің, тіпті отарлау-
дың жаңа түрі дейтіндер де бар. Жаһандану кезінде қуат-күші әртүрлі елдерде, мәселен, экономикасы дамыған елдер мен дамымаған елдерде, әскери күші мол елдер мен әлсіз елдерде бұл жіктелу тереңдей түседі дейді. Байдың байып, кедейдің кедейленуіне, бай елдер кедей елдердің игерілмеген байлықтарын талан-таражға түсіруіне жол ашылады, – деп санайды. Тұтас халықтар экономикалық босқындарға айналады, халықтардың ұлттық ерекшеліктері мен мәдениетіне қауіп төнеді дейді. Әдетте, мәдениеттер мен дәстүрлердің текетіресі, өмір көрсетіп отырғанындай, жақсылыққа апара қоймайды. Оны көріп отырмыз. Әлемде миграциялық үдерістер қаншалықты артып барады, көрініп тұр.

– Өткен жылы желтоқсан айында «Арманымыз Фариза Оңғарсынова атындағы үлкен музей тұрғызу. Әр облыста бір мектептің атын берсек дейміз» деген едіңіз. Осы ойыңыз орнын тауып жатыр ма? Жалпы тарихта аты қалған ұлыларымызды ұмытып жатқан жоқпыз ба?

– Үкіметіміздің қаулысы бар, онда: «Аса көрнекті азаматтарды атын тарихта мәңгіге қалдыру үшін көшелерге, мектептерге, оқу орындарына, мекемелерге аттарын беру жүзеге асырылсын», – делінген. Бұл қаулыны дұрыс-бұрыс деп жатпағанда, менің ойымша Бәйкен Әшімов, Фариза Оңғарсынова, Кәкімбек Салықов, Еркеғали Рахмадиев, Қадыр Мырзалиев сынды ардақтыларға бұл қаулыны жеңілдететін уақыт жеткен сияқты. Кімге барып айтсаң да қаулыға сілтеме жасайды. Қолдан келгені мезгіл-мезгіл басына барып құран оқып, гүл қойып қайту мен фейсбукқа өлеңдерін ұсыну болып тұр.

– Бейне лекцияңызды көрдім. Тәлім-тәрбие алып, ой саларлық екен. «Бізге 2 қауіп бар. Еліктегіш және ассимиляция немесе басқа ұлтқа үйлену» дедіңіз. Көпұлтты татулық бесігі деп ұрандаймыз. Қолдан жасап, «қақпамызды» қатты ашып жібердік па?

– Еліктегіштігіміз – жас ұлт болғанымыздан. Ол ұмытылар. Ал ассимиляция дегенде басқа ұлтқа үйленуден, соларға жұтылып кету қауіпі басым-ау деймін. Айтсам, солай айтқан шығармын.

– АҚШ-тың 35 президенті Джон Кеннедидің әкесі Джозеф Кеннеди «Сен кім болсаң да мейлің, тіпті, көр қазушы болсаң да, өз ісіңнің ең шебер маманы болуың керек» депті. Дипломын алып, мектептен «қашатын» мұғалімдер туралы айтсақ.

– Дұрыс таптыңыз! Бізде, осы мамандану, яғни мезгіл-мезгіл жаңа бір бағытты игеру жоқ. Мысалы, біздің әулетте 4 зоотехник бар, солар сол мамандығын әлі қимай отырады. Ал әлемде зоотехник атқаратын жұмысты ветдәрігер атқарады, зоотехник мамандығы жоқ. Бұл екі мамандықты бірін-бірі бақылап жүрсін, мемлекеттің мүддесі дұрыс қорғалсын деп жасаған. Біздің елде бұрын «врач-организатор» деген мамандыққа оқытқан. Яғни, сол мамандықты бітіргендер дәрігерлерге басшы болуы тиіс деп санаған. Сол дұрыс па? Басшы барлық саладан хабары бар, ұйымдастырушылық, үйлестірушілік қабілеті басым адамдардан таңдалуы тиіс емес пе?! Ал, мектептен қашатын мұғалімге келсек, мұғалімдік оқуын 4 жыл оқып, көңілі Алатаудай болып келген жас маман 40 мың теңге айлық алса, онда қашпай қайтеді?!

– «Сиэтл олимпиадасы, 100 метрге жүгіруден 9 мүгедек бала қатысады. Аспанға оқ атылып, жарыс басталды. Барлығы жүгіре жөнелді, бәрінің жеңгісі келді. Бір бала сүрініп, үш аунап жатып қалды. Жылады. Қалғандары жылаған дауысын естіп, жүгірулерін бәсеңдетіп, арттарына қарады. Тоқтап, артқа қайтты. Даун синдромымен ауыратын, жарысқа қатысушы қыздың жанына барып, оны құшақтап: «Саған жақсы бола бастады ма?», – дейді. Сосын барлығы иықтасып мәреге бірге адымдады. Көрермендер орындарынан тұрып, қол соға жөнелді. Шапалақтау толастамай қояды», осы уақиға әлі айтылып жүр. Кейде біз қол-аяғымыз бүтін болса да, мейірімділікке жарымай жатамыз…

– Мейірімділік адресті түрде жасалуы тиіс. Бір қорға жинап алып, сосын дұрыстап таратамыз дейтіндер, – сол қордың есебінен күн көріп жүргендер. Олар – адал адамдар болса жақсы. Мешіттердің өзінде жиналған ақшаны өз қажеттеріне жұмсап жіберіп жатқан оқиғаларды көргенде, адалдыққа күмәнданасың.

– Жақында әйгілі ЖОО-да журналистика мамандығының студенттерімен кездесуде болдым. «Кітап оқисыздар ма? Соңғы оқыған кітаптарыңыз?» дедім. Тыныштық, жауап жоқ. Бір мезетте бір студент оқығандығын және оның электронды нұсқасы ғана екенін айтты. Электронды оқыған дұрыс. Сайып келгенде, шалғайда жатқан ауыл азаматтары электронды кітап оқиды деген, шындыққа жанаспас. Болашақта кітаптың не екенін ұмытып қалмаймыз ба?

– Бұл айтып отырғаныңыз нағыз өмір шындығы! Жас азаматтардың бәрі бірдей кітап оқымайтыны рас. Бірақ, сонысын жасырғысы келіп сұраққа: «Абайды оқыдым, Мұқағалиды оқыдым» деп жауап береді. Қане, айтып жіберші десең: «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы» – дейді. 4-ші сыныпта жаттаған немесе «Сарыжайлау» әнінің бірер қайырмасын айтып береді. Ал электрондық нұсқада не оқып жүргені – басқа мәселе. Егер оқығандары таңдаған мамандығына, өміріне қажет нәрселер болса дұрыс. Қолындағы айфоннан не қарайтынын ата-ана анда-санда бақылап, «сабақ оқып отырмын» деген кездері не оқып жатқанын көріп, дұрыс жаққа бағыттап отыруы тиіс. Жалпы, тәрбие – мектептен гөрі, ата-ананың жұмысы. Балаларын өздері ұнататын салаға бейімдеп отыру керек.

– Сұрағым Сізге қызық көрінер. Қазақты тойсыз елестету мүмкін емес, бірақ сол тойда елді елең еткізетін бата және тілек есту қиын. Неге?

– Оныңыз рас. Ішінде мен де бар шығармын мүмкін. Бірақ, барлық жерде бірдей айтылатын, жұртты бір елең еткізуге жарайтын, ал қайта-қайта бір адамнан сол бір сөздерді ести бергеннен мезі болатын жаттанды баталарды онша мақұлдамаймын. Бата – әсем сөз жарысы емес, бата тілеп отырған азаматтарға қатысты ынталандыратын, жігерлендіретін, жақсылыққа шақыратын жылы сөздер болғаны дұрыс. Тарихқа үңілсек, бата сөздер заман ағымына қарай өзгеріп тұрғанын байқайсыз. Мысалы, «Қатының болсын қалмақтан, Отының болсын жантақтан» деген Бұқар жыраудың бата сөздері бүгінгілерге керегі жоқ.

– Небір дарынды ақын-жазушылар бар, оның ішінде өзіңіз де барсыз. Өмірін, денсаулығын арнап жазған кітаптарын, көретін көз, еститін құлақ болмай, сөрелерде шаң басып қалады-ау деген мұң мазаламайма Сізді?

– Жоқ, мазаламайды. Халыққа керек сөз болса, ешқашан ұмытылмайды. Шәкәрімнің сөзі 57 жылдан кейін қанша қарсылықтар болса да жарыққа шықты. Мағжанның өлеңдерін жарыққа шықпай тұрғанның өзінде Рымғали Нұрғали сынды дегдарлар ең сенімді деген шәкірттеріне жасырын оқытты. Испанияда Габриэль Гарсия Маркес шыққан соң, әдебиет зерттеушілер: «Бұрынғы кезде бұларда кімдер болған екен?», – деп іздеп, 300 жыл атаусыз жатқан Бальтасар Грасианның «Карманный оракулын» тапты. Қазір ол – әлемдік шедеврлердің бірі. Мен оны «Ақыл қалта» деген атпен қазақ тіліне аудардым.

– Сіз бір кездесуде студенттерге: «Ауылға қайтпаңдар», – дедіңіз. Соны, жұмсартып айтсам, түсінбедім. Неге? Ауыл біздің негізіміз емес пе?

– Ол «Туризм» мамандығының студенттері еді. Оларға ауылда мамандығына сай жұмыс жоқ. Студенттердің 80 пайызы «Алтын белгі» иегерлері мен грант арқылы оқуға түскендер. Соларды 4 жыл оқытқан шығынымыз мамандығымен жұмыс істесе қайтады. Сол себепті солай дедім. Мені түсініңіз. Мамандық таңдауда адасып, соңынан қуып жүргендер аз емес. Ауылға, ауданға барса олар толып жүрген мамандығына сай емес қызмет атқаратындар мен жұмыссыз, көлденең табыстармен күн көріп жүргендердің қатарын толықтырар еді.

– Рахмет сізге. Салиқалы, сындарлы сұхбат болды деп санаймын. «Білімді ел» оқырмандарына айтарыңыз?

– Білім адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін нәрсе. Ол үшін оқу керек. Оқымай жетілуге де болады, ол көңілге тоқу, тәжірибе, білік арқылы келеді. Бірақ, ол – білім емес. Білім – адамның ақылын қозғап отыратын керемет күш. Оның «білген сайын біле түссем» деген ғажап қасиеті бар. Осылай еткендер оқымыстылыққа жетеді. «Білімді ел» газетіне атына заты сай болуын тілеймін. Елді білімді болуға жетелеу – киелі іс! Сол жолда қанаты талмасын, күшіне күш қосыла түссін!

Сәния Сүлеймен, Астана қаласы.

bilimdinews.kz

 

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. “Абзалдық əліппесі” кітабы маған өте қатты ұнайды. Рахмет сізге!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА