22.11.2024

Мектептің басты міндеті қандай?

Жақында қалалық бір мектепте (қай қала және мектеп екендігін айтпай-ақ қояйын) 11-сынып оқушыларымен ұйымдастырылған бір тәрбиелік шараның куәсі болдым. Кездесудің тақырыбы «Болашақ мамандықты таңдау» болды. Оқушылар талқылау барысында жаттанды дұрыс жауаптар беріп жатты: «Мамандықты дұрыс таңдау керек!», «Төртінші мамандықты таңдағанда жауапкершілік таныту керек!», «Біз ата-ананың үмітін ақтауымыз керек!», «Қоғам бізден жақсы маман болғанымызды тілейді!», т.б., т.с.с.
Шарадан кейін мен оқушыларды алып қалып, олармен әңгімелесіп, бірнеше сұрақ қойдым.
– Мен мына мәселеге көңіл аудардым: қазақ сыныптарының мектепті аяқтайтын оқушылары толығымен (100%!) ЖОО-ға түсуді мақсат тұтады. Ал ұлты басқа оқушылардың (орыс, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, т.б.) арасында ондай құлшыныс байқалмайды: олар әрі кетсе колледжге түсуді жоспарлайды, ал басым көпшілігі жұмыс жасауды мақсаттайды. Осыдан менде мынандай сұрақ туындайды: «Қазақ балаларының ЖОО-ға деген ұмтылысының себебі неде жатыр деп ойлайсыздар?». Үш жауаптың бірін таңдаңыздар: 1) Қазақ балаларының білімге деген ынтасы зор. 2) Қазақ балалары тағы да 4 жыл емін-еркін, еш қиындықсыз, ата-ананың арқасында өмір сүргісі келеді. 3) Қазақ балалары басқа ұлт өкілдерінің балаларымен салыстырғанда мектепті бітірісімен жұмыс жасауға жарамсыз, сондықтан да оларға тағы да біраз жыл жетіліп, «пісу» қажет болады.
Балалардың барлығы да еш ойланбастан:
– Әрине, бірінші жауап! – деп шу ете қалды.
Мен оларға мынандай сұрақ қойдым:
– ЖОО-ның дипломы жақсы маман болғанның дәлелі болып, жұмысқа тұрудың кепілі ме? Диплом алғаннан кейін сіздерге автоматты түрде дайын жұмыс беріле ме: жалақысы жоғары, лауазымы биік, беделі асқақ?
Оқушылар ойланып қалды. Ішіндегі пысықтары қайтадан «дұрыс» жауаптарды беріп жатты:
– Жоғары білім болашағыңа жасаған несие секілді, сондықтан жоғары білім алу керек.
– ЖОО-ның дипломы бүгінде жастарға міндет…
Мен оларға тағы да бір сұрақ қойдым:
– Айналаңызға қараңызшы. Дипломы жоқ болса да нашар тұратын өзбек немесе ұйғырды көрдіңіздер ме?
– Жоқ, олар не сауда құрып, не жер тырнап, тырбана еңбек жасаудың арқасында жаман тұрмайды! – деген жауап болды.
– Ал бір немесе екі дипломы болсадағы қазақтардың барлығы да жақсы тұра ма?
– Әрине, жоқ! – деп жауап қатты балалар.
– Сонда қалай болғаны: ЖОО дипломы бақуатты өмірдің кепілі емес болғаны ма?
Оқушылар ойланып қалды. Мен оларға мынандай дерек келтірдім:
– Дүниедегі ең бай мемлекет АҚШ миллиардерлерінің 15% ғана жоғары білімді.
Балалар бір-біріне қарасып жатты.
– Сонда миллиардер болу үшін ЖОО дипломының қажеті шамалы болғаны ма? Миллиардер болу үшін не керек деп ойлайсыздар? – деп мен сұрақтарымды толастатпадым.
Олар бастарын түйістіріп, сұрақты 2-3 минуттай талқылағаннан кейін мынандай жауап берді:
– Еңбек жасау керек! Өз ісіңнің шебері болуы керек!
– Сіздердің барлығыңыз да грант иегері бола алмайсыздар: ол – хақ. Қалғандарыңыз ЖОО-да ақылы оқисыздар ма сонда? – деп сұрадым. Балалар:
– Иә! – деп жауап қатты.
– Жылына қанша төлеу керек?
– Ол ЖОО-ға байланысты. Орта есеппен 300-400 мыңның шамасында.
– Егер сіздің мақсатыңыз бір мамандықты иелену болса, онда неліктен сіздер оқуға кететін бір жылдық ақшаны (300-400 мың теңгені) бір шеберге төлеп, «Мені бір жыл ішінде өзіңіздің мамандығыңызға үйретесіз бе?» деп қолқа салу туралы ойладыңыздар ма? Мысалы, қандай мамандыққа бір жылдың ішінде үйренуге болады деп ойлайсыздар?
– Ұлдарға автомеханик, «костоправ», электрик, токарь, сварщик, темір не ағаш ұстасы. Ал қыздарға шаштараз, косметолог, визажист, тігінші, тоқымашы, – деген жауаптар айтылып жатты.
Мен оларға тағы да мынандай сөз айттым:
– Мәселе кім болуда ма, әлде қандай болуда ма?.. Мен сіздерге қысқа әңгіме айтып берейін:
– Атақты Кеннеди отбасының әкесі балаларының барлығы ас ішуге жиналғанда, дастархан басында отырып, оларға ылғи да мынандай өсиет сөздерді айтады екен: «Сендер бұл өмірде кім болғыларың келсе, – сол болыңдар. Бұл маңызды емес. Өмірде ең басты мәселе мынау: сендер өз істеріңнің нағыз шебері болыңдар!» дейді екен…
Сондықтан да ең бастысы – өз жұмысыңның шебері бол! Бұл өмір шеберлердің еншісінде. Бұл өмірде мода құрастырушылар да шеберлер. Мен талай бастықты көргенмін шеберге мұқтаж, шеберге тәуелді, шебердің артынан жүгіріп жүрген. Мүмкін сіздер бастық болуды армандағаннан гөрі шебер болуға ұмтылуларыңыз дұрыс болар?!. Балалар, келісесіздер ме?
Оқушылар қозғалақтап, бір-біріне қарап, сенімсіздікпен ақырын бастарын шұлғыды:
– Иә… Дұрыс қой… – деп…
Мен балаларды жақсы түсінемін. Мүмкін менің әңгімем олар үшін тосын жәйт болған шығар. Өйткені оларға үйде ата-ана да, мектепте мұғалім де жоғары оқудың міндетті екендігін құлақтарына құйып қойған да болар. Сондықтан да оқушылардың санасында «ЖОО-ға түсу – жаңадан бастаған өміріміздің ең негізгі және басты мақсаты» деген түсінік берік қалыптасқан да шығар. Олар бар уақытын, күш-жігерін, арман-тілектерін осы мақсатқа бағыттап та, бағыштап та жүрген шығар.
Ал енді көлденең келген көк атты біреу кенеттен сопаң етіп шықты да, ЖОО-ның міндетті емес екендігі туралы даулы сөздер айта бастады, «Кім болсаң – ол бол! Ең бастысы – шебер бол!» деп көңілге күмән ұрығын септі. Бұл кісінің сөздерін қалай қабылдауға болады енді?..
Сөздерімнің санаға бір демде қона қалады деген ойдан мен тіпті де аулақпын. Алайда балаларға өз болашақтарын тек ЖОО-мен байланыстырудың ауқымы тар ұғым екендігін түсіндіруіміз керек шығар…
Біз мектепті ЖОО-ға студент дайындайтын мекеме деп түсінеміз. Мектепті бағалауда бірінші кезекте ҰБТ көрсеткіштерін, ЖОО-ға түскен түлектер санын тілге тиек жасаймыз. Алайда, ЖОО-ға түсіп, бірінші сессиядан өте алмағандар немесе бірінші курсты аяқтай алмағандардың саны қаншама?!. Оларды кім санап, ескеріп жатыр дейсіздер? Олар мектеп жұмысына еш нұқсан келтіре алмайды ғой!..
Мектептің басты міндеті студент болуға даярлау емес, оқушыларды өмірге дайындау, ересек өмірге кіріктіру шығар? Онда неліктен мектептің жұмысын бағалағанда біз басқа де көрсеткіштерді ескермейміз? Неліктен мектепті оның түлектерінің бір жылғы емес, 10 жыл бойғы мынау секілді көрсеткіштерін айқындап (мәселен, пайызбен), бағаламасқа:

– мектепті бітіргеннен кейінгі 10 жылда қанша түлек ЖОО-ға, қаншасы орта арнаулы оқу орындарына түсті, қаншасы жұмысқа орналасты, қаншасы жұмыссыз қалды;
– оқуға түскендердің қаншасы оқуды аяқтады, қаншасы тастап кетті;
– олардың қаншасы тұрақты жұмыс орнын тапты;
– түлектердің орташа жалақысы қандай;
– олардың қаншасы үйленді, қаншасы ажырасты;
– оларда орташа есеппен неше баладан бар;
– түлектердің қаншасы заң бұзып, жауапқа (сотқа) тартылды, т.б.

12195798_854477211317117_316194016401867868_nОсындай талаптар болса, мүмкін мектеп өзінің міндеттерін дұрыс түсініп, оқушыларды сұрақ жаттатқызып, ҰБТ-ға дайындамай, өзінің бар ынта-жігерін қолынан шынайы іс келетін, өзінің әр ісіне мығым, терең ойлай білетін, өзінің өмірдегі жауапкершілігін толығымен түсінетін шебер тұлға дайындауға жұмсайтын болар?…

Асхат Алимов. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығында аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА