Елордада № 82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Ә. Аманшаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, білім қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты, – деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайыты.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың дарынды балаларды анықтау мен дамытуға, еліміздің бәсекеге қабілетті адами капиталын арттыруға баса көңіл бөлетінін ерекше атап өтті. Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда 1996 жылдан бері дарынды балалардың әлеуеттік мүмкіндіктерін іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасалып келеді.
Г.Н. Әбдіқалықова бүгінгі таңда барлық өңірлерде дарынды балаларға арналған мектептердің желісі дамығанын, мамандандырылған білім беру мекемелері қарқынды жұмыс істеп отырғанын атап көрсетті. Елімізде жоғары білімді, бәсекеге қабілетті шығармашыл тұлғаны қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасалған 121 мамандандырылған білім беру мекемесі жемісті жұмыс істеуде. Эксперименттік алаңдарда дарынды балалардың әлеуеттік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған барлық білім бағдарламаларына сараптама жүргізілуде. Биыл Қазақстан әлем бойынша халықаралық пәндер олимпиадаларында 15-орынды иеленді.
Еске сала кетейік, елордада 92 мектеп жұмыс істейді, онда 117 712 бала оқиды (өткен жылы 105 966 болған). Оның: 81-і мемлекеттік мектеп (113 991 оқушы) және 11-і мемлекеттік емес (3 721). «Дарын» лицейі 1200 балаға арнап салынған, оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұл білім мекемесіндегі жаратылыстану-математика бағытындағы профилді пәндер физика, математика, экономика, информатика, химия, биология пәндері болып табылады. Лицейде 63 мұғалім жұмыс істейді, оның ішінде 70% жоғары және бірінші санаттағы мамандар. 10 мұғалім «Білім үздігі» атағымен, 15 мұғалім ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 1-4 сыныптарда 280, 5-9 сыныптарда 258, 10-11 сыныптарда 43 оқушы білім алады.