Соңғы кезде ғалымдар арасында Еуропалық жоғары білім алу жүйесі қазақстандық білім жүйесін құрдымға кетіре бастады деген пікірлер жиі айтыла бастады.
2010 жылы 11 наурызда Қазақстан Болон процесіне қосылып, «Университеттердің ұлы хартиясына» қол қойып, ТМД елдерінің ішінен бірінші болып еуропалық үш деңгейлі білім беру жүйесіне өтті (бакалавриат-магистратура-докторантура). Осыған байланысты, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап кеңестік дәуірден мұраға қалған түрлі ғылыми мамандықтар бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау арқылы ғылыми дәреже беру жүйесі жойылды. Екі деңгейлі ғылыми дәреже беру жүйесін бір ғана PhD-докторантура алмастырды. Осы жақында Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінің «2015 жылы қазақстандық ғалымдар армиясының 2,5 мың жас ғалыммен толықты» деген ақпараты біраз академиктерімізді таң-тамаша қалдырды. 2,5 мың ғалымды кім дайындағаны және қайдан келгені көпшілікке белгісіз.
Осы ретте Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің проректоры, университет академиялық саясат басқармасының бастығы В.Мироновтың «Қазір Еуропаға білім денгейі оншалықты жоғары емес, яғни официанттың (даяшының) біліміндей ғана білімі бар бакалаврлардың Еуропа экономикасына қызметке келгені тиімдірек болуы да мүмкін» деуінің өзі ойланарлық сөз. Ал біздің білім саласының басшылары 90-жылдардың орта шенінде жұртшылықпен ақылдаспастан ғылымдағы түсініксіздеу бір бакалавр деген дәрежені енгізе салды. Ал күндердің күні болғанда бакалавр атағын алып шыкқандардың осы бакалавр дегеннің не екенін өздері де, оларды қызметке алушылар да білмейтіні белгілі болды.
Сөйтіп жүргенде, «магистратуралар ашпасақ, ілім-білімнен жұрдай жабайы қазақ қалпымызда қалады екенбіз» деп қара аспанды төндірген жұмыстар жүргізіле бастады. Біздің жастарымыз жаңағы магистратурада оқып жүріп, «магистратура деген не, оның бұрынғы бесжылдық білім беруден қандай айырмашылығы бар?» деген сауалға жауап іздеді. Мұның себебін академик Асқар Жұмаділдаев ғылымды дамытудағы дұрыс жүйе әлі қалыптаспағандығымен түсіндіреді.
– PhD дегеннің негізі Ұлыбританияда пайда болған. Түптеп келгенде, кандидаттық та, докторлық та, PhD дегеніңіз де бір нәрсе. Мен үшін ол маңызды мәселе емес. Жалпы білімде реформа көп, бітер де емес. Оның әрбірін таңсық етіп қабылдай беру білім мен ғылымды дамытып жібереді деп ойламаймын, – дейді академик.
Саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры Сейілбек Мұсатаев:
– Қазақстандық ғылымды дамыту үшін ғылыми ізденістерге ынталандырудың балама жолдарын қарастыруымыз қажет. Бұл жерде мәселе тек қана материалдық немесе ақшалай құндылықтарға тіреліп тұрған жоқ. Ғылым дамуын әлеуметтік мәртебеге қол жеткізуге талпыныс арқылы да қосымша ынталандыруға болады. Мысалы, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында 5-10 жылдық нағыз ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі бар штаттық қызметкерлерге қайтадан кандидаттық және докторлық ғылыми дәрежелер беруді жолға қойып, ғылыми дамуда қазақстандық балама жол жасалса (батыстық және отандық ғылыми жүйе параллель жүретіндей). Бұл өз кезегінде, тоқырап бара жатқан ғылыми салаға қайтадан қан жүгіртіп, оның дамуына қосымша мүмкіндіктер туғызары сөзсіз. Тек қана PhD-докторантураға қарап аузымызды ашып отырсақ, қазақстандық ғылымның көсегесі көгере қоймас. Бірақ мына бір мәселені ерекше ескеруіміз қажет – кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғауға шен-шекпенділерді жолатпауды қатаң қадағалауымыз қажет. Бұрынғы ғылыми жүйенің берекесін қашырып, беделін түсірген біздің шенеуніктердің жаппай «ғылыми дәреже алғыштығы» екенін ұмытпайық. Бұл өзі кезінде Елбасынан бастап, қатардағы әрбір қазақстандыққа дейін мәлім болған аянышты жағдай болатын.
Жас ғалым Әуесбайдың Қанаты «Бакалавриат+магистратура+докторантура» жүйесі бизнес көзі ме? деп бөле-жармай, әуелден бүкіл әлемде білім саласы табысты бизнес көзі болып келген деген ойға басымдық береді. Мәселен, магистратурада оқу қып-қызыл бизнес көзі. Әдетте магистратурада (master) оқу тек екі жылға созылады. Демек, алдында өзге мамандық бойынша бакалавриатта білім алған адамға мамандықтың екіншісін екі жылдық магистратурада оқып алған тиімді. Магистратура мен бакалавриаттың көпшілік ойлағандай білім жағынан бәлендей айырмашылығы да жоқ. Магистратура бакалавриаттың қайталануы десем қате айтқаным емес. Меніңше, төрт жыл оқуға қиынсынғандар немесе бірінші мамандығын төрт жыл бакалавриатта оқығандар екінші мамандығын магистратурада оқуды құп көреді. Задында адамның жаңа машықтарды игеруге деген құлшынысы оның жалпы өмірде табысты болуға деген ынтықтығымен түсіндіріледі ғой. Осы тұрғыдан келгенде кезінде адамның білімге деген іңкәрлігін дөп басқан кәсіпкерлер оқу орындарын көптеп ашты. Өйткені барлық мағынасында да білім капитал.
– Менің Ұлыбританияда оқып байқағаным, ол жақтағы көптеген рейтингілі оқу орындарының үлкен қожайындары мұнайлы араб мемлекеттерінің дәулетті азаматтары екен. Олар шикізат көзінің түбі таусылатынын ерте бастан аңдап, инвестицияларын білім саласына салып жатқан сияқты. Бірақ менің айтайын дегенім, мына импактфактор жүйесі бойынша шетелдік басылымдарда мақала шығару қып-қызыл бизнес екенін айтқым келеді. Қазақстанда мысалы, докторлық диссертация қорғау үшін осы импактфактор бойынша шетелдік беделді басылымда ағылшын тілінде мақала шығаруың керек. Ол басылымға мақала шығару үшін кемінде 1000$ бересің. Ол мақалаң шықпай қалса, ақшаң кері қайтарылмайды да. Ал шыққан күннің өзінде мақалада айтылған озық ойларды кейін пайдаланып кетпесіне кім кепіл?! Осы жүйенің салдарынан елімізде импактфактор бойынша мақаласын шығара алмағандықтан диссертациясын қорғай алмай жүрген талай адамды білемін, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Болашақ» Президент стипендиясының иегері Әуесбайдың Қанаты.
Гүлбаршын САБАЕВА