Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында химиялық зертханалар кешені ашылды. Пайдалануға беріліп отырған 6 зертханалық кабинет заманауи құралдармен жабдықталған. Бұл құрылғылар білім және ғылымның әлемдік стандарттарына сай зертханалық жұмыстар жүргізуге жол ашады.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Қазфосфат» кәсіпорнының бас директоры, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Мұқаш Ескендіров қатысып, студенттерге өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде студенттер де «Қазфосфат» сынды мекемеде тәжірибеден өтіп, жұмыс істегісі келетіндігін жеткізді.
– Бүгінгі ашылып отырған зертхана біздің жан-жақты дамуымызға мол мүмкіндік беретін болады. Қазіргі таңда білімімізді тек теориялық тұрғыда ғана емес, жаңа жабдық арқылы іс жүзінде шыңдай аламыз. Жастарға көңіл бөліп, болашаққа оң жол сілтеуге сеп болған басшылыққа алғысымыз зор, – дейді аталған оқу орнының студенті Айсұлу Бектасова.
Шара мұнан соң ««Еңбек – ер атандырады» тақырыбындағы кездесуге ұласты. Жүздесуді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова жүргізіп отырды.
– Ертеде бір адам данышпаннан: «Дүниеде кім бақытты?» – деп сұраған көрінеді. Ол ойланбастан: «Дүниеде көп адамды бақытқа бөлей білген адам бақытты»,– деп жауап берген екен. Ұжымдағы талай адамға бақыт кілтін ұстатқан Сізді бақытты жан десек, жарасып кетері анық. Сіздің тірлігіңіз бүгінде әрбір қазақ баласына үлгі-өнеге болары сөзсіз, – деді Дария Пернешқызы.
Қазақстанның Еңбек Ерінің жастармен жүздесуіндегі негізгі әңгіме ауаны бүгінгі еңбек адамының бет-бейнесі, маман даярлаудағы жаңашылдықтар, өзінің өмір жолының жарқын белестері турасында өрбіді. Сонымен қатар, іс-шара аясында «Қазфосфат» кәсіпорны мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институты арасында бірігіп маман даярлау жөнінде келісім жасалды. Дуальды жүйе арқылы іске асырылатын бұл қадамның қос тарап үшін де тиімділігі көп. Өндіріс ошағы маманды қайта даярлап, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетірмейді яки оқу үрдісінің басым бөлігі кәсіпорында өтеді. Жоғары оқу орнындағы білім алушы жастар үшін өмірдегі өз орнын ерте табуға мүмкіндік туады, жұмысқа ерте араласып, бейімделеді.
– Кәсіпорындарға жаңадан оқу бітіріп барған жас мамандарды іске үйретіп, баулуға көп уақыт кетеді. Оларды күн сайын жаңарып отыратын техникаға бейімдеу қажет. Білесіздер, қазір енгізіліп отырған дуальды оқыту жүйесі жуық арада өз нәтижесін береді деп күтілуде. Ал, бізге тәжірибе алу мақсатында келетін жастарды кеудесінен кері итермейміз. Себебі, болашақ – жастар қолында, – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Жиын барысында М. Ескендіровке «Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Құрметті профессоры» атағы берілді. Құрмет белгісі ретінде Еңбек Еріне гүл шоқтары табыс етіліп, ән-жырдан шашу шашылды.