22.11.2024

Бiлiм жүйесiндегi дағдарыс ұлттық апатқа ұрындырады

Президент Н.Назарбаев Алматыдағы сапарында Оңтүстiк Кореяның бiлiм беру саласындағы тәжiрибесiн зерттеу ке­рек­тiгiн ескерттi. Дамыған елдер қатарына қосылу үшiн бiр жоғары бiлiм алып, кемiнде бiр шет тiлiн бiлуге шақырды. Президент әдетiнше бiлiм деңгейi жоғары Сингапурды тiлге тиек етудi де ұмытпады. Тек сол Сингапурда мектеп мұғалiмде­рi­­нiң ең жоғары жалақы алатынын айтқан жоқ, бүгiп қалды.
 
Бiздiң шенеунiктер елдегi бiлiм жүйесiндегi реформалар туралы айт­қанда, БҰҰ әзiрлейтiн бiлiм беру дең­гейiнiң Индексiндегi көрсеткiштермен мақтануға әуес. Бiрақ бұл Индекс екi басты көрсеткiштен – ересектер арасындағы сауаттылық пен орта және жоғары бiлiм алатындардың жалпы үлесi­нен құралады. Басқаша айтсақ, ол бiлiм алуға қолжетiмдiлiктiң деңгейiн ғана көрсетедi. Бiрақ ересектер арасындағы сауаттылық, ең алдымен, кеңес үкiметiнiң қалдырған жетiстiгi. Бұған көз жұмып қарағанның өзiнде мақтанарлығымыз шамалы – 44-орын. Латвия, Украина және Грузияның өзi бiзден көш iлгерi тұр. Ендi “ұлттық бiлiм беру жүйесiнiң тиiмдiлiк Индексi” дейтiн басқа рейтингке көз жүгiртейiк. Британдықтар жасайтын бұл рейтинг бастауыш мектептердегi оқушылардың қарапайым мәтiндi оқып, оны түсiндiрiп бере алуын, орта мектеп оқушыларының математикалық дайындығын, олардың жалпы бiлiм деңгейi мен оқып-тоқығанын өмiрде пайдалана алу жағын да қамтиды. Әдеттегiдей рейтингтiң бас жағына қарамай, бiрден ортасына үңiлдiк. Қазақстан көрiнбейдi. Соңын шолып шықтық, мұнда да жоқпыз. Бiз­дегi бiлiм деңгейiнiң төмендiгi сонша, ол индекстi қалыптастыратын ұпайға жетпей де қалған екен.
Бiлiм сапасы барлық деңгейде – мектептен бастап, кәсiби және жоғары оқу орындарында керi кетiп барады. Қазақстандық оқушылардың математика сынды нақты ғылым түрлерi бойынша бiлiмi дамыған елдердегi әрiптестерi­нен әлдеқайда артта (49-орын). Пост­кеңестiк елдердiң арасында нашар дейтiн Эстония бұл рейтингте 7-орынға табан тiреген. Дамыған 30 ел қатарына “қарыштап қадам басып” бара жатқан Қазақстан бiлiм саласында алдыңғы ондық түгiлi, отыздыққа да маңайлай алмайды.
Биiк мiнберден дамыған елдер қатарына қосыламыз деп ұрандайтын Қазақстанда бiлiм беру – соңғы кезектегi мәселе. Бiлiм министрi үкiметтегi ең соңғы партада отыратын үлгерiмi төмен оқушы секiлдi. 25 жылда 14 Бiлiм және ғылым министрi ауысқан елде бұл ең қадiрсiз салаға айналған.
Президенттiң Алматыдағы сапарын оқу орындарынан емес, сауда орталығынан бастауы билiк үшiн бiлiмнiң басымдықтар мен құндылықтар жү­йесiндегi орны қандай екенiн анық көрсетпей ме? Бұл мақаламызда бiз орта бiлiм беру саласына тоқталуды жөн көрдiк. Себебi мектеп – жеке тұлғаның және бүтiн қоғамның iргетасы. Iргетас берiк болмаса, сырты жылтыраған үйiңдi әдемi шатыр да, ою-өрнекпен әдiптелген қабырға да құлаудан аман сақтап қала алмайды!    
Жерасты қазба байлығы жоқ Финляндия бюджетiнiң 15 пайызын бiлiм жүйесiне жұм­сайды. Бiздiң елде президент “ботаникалық бағы, бассейнi бар хан сарайындай мектептер салдық” деп ренжидi. Н.Назарбаевтың ондай мектептi, бiлiм беру саласына берiлетiн қаржыны жыл сайын қысқартып, тiптi бастауыштағы оқушыларды тегiн астан қағып тастаған елдi әлемнiң қай бұрышынан көр­генiн бiлгiмiз келедi.                       
Бiлiм беру сапасының құлдырап бара жатқанының бас­ты себебi қаржыға тiреледi. Бiзде мұғалiм ең төмен жалақы алатындар қатарында. Президент Н. Назарбаев тәжiрибесiн зерттеуге шақырған Оңтүстiк Кореяда мектеп мұғалiмi жылына орташа 41 мың еуро табыс табады. Ол елдегi мұғалiм 80 мың теңге алатын бiздегi ұстаздар құсап: “бұл айда несиемдi жаба алам ба?”, “пәтерақыны кiмнен қарыз алып берсем екен?”, “осы жолы келетiн комиссияға қаншадан ақша жинатады екен?” деген сан сұраққа басын қатырмайды. Бiр мектепте мынандай жағдайға куә болдым: оқушы берген 5 мың теңгенi ұсақтай алмаған асханашы мұғалiмнен ұсатуын сұрағанда, баланың алдында ұстаз жерге қарады. Сөйтсек, мұғалiм түскi асын қарызға жаздыруға келiптi. Мiне, ұстазды қандай деңгейге түсiрдiк!
Айфон ұстаған оқушылар мұғалiмнiң экраны шытынап кеткен жай телефонын суретке түсiрiп мәз. Фин мұғалiмдерi еңбек демалысын шетелде өткiзiп немесе бiлiмiн жетiлдiру үшiн басқа елдерге семинарға барып жатқанда, бiздiң елдегi әрiптестерi кешке репетиторлықпен айналысуға мәжбүр. Өз басым жұмыстан соң қалада такси болатын мектеп мұға­лiмiн бiлемiн. Осыдан соң ұстаздың қоғамда қандай абыройы қалады? Әлеуметтiк желiде қаптап кеткен мұғалiмге бағынбай мазақ етiп, тiптi жағасына жармасқан оқушылар туралы бейнежазбаларға не­сiне таңғаламыз? Бұдан кейiн мұғалiмнен қандай бiлiм сапасын сұрауға болады? Бiлiм беру сапасының төмендеуiне мұғалiмдердi кiнәлайтын ше­неунiктерге таңым бар.   Ұстаздардың мiндетi ата-аналардан мектеп қорына ақша жинау, сайлаушылардың тiзiмiн түгендеу, бiреудiң баласын компьютер клубтарынан iздеу емес, оқыту ғана! Осыдан соң сауатты мамандар өлместiң күнiн­дей айлық үшiн таңның атысынан күннiң батысына дейiн үй бетiн көрмей, мектепте жұмыс iстеуге көне ме?! Әрине, өз кәсiбiне адал жандар да бар, солардың арқасында ғана елдегi бiлiм беру жүйесi мүлдем құлап қалмай, тәлтi­ректеп тұр. Бiрақ олар аз, көбi кәсiбiн ауыстыруға мәжбүр. Ал олардың орнын құр диплом алып шыққан дүмбiлездер басып жатыр. Өйткенi “өзiн-өзiн жұмыспен қамтушылары” көп елде айлығы төмен болса да, мұғалiмдiк – тұрақты күнкөрiс көзi. Нәтижесiнде Гайана мен Гавай аралдарын шатастыратын географтар, теңдеу құру­ды бiлмейтiн математиктер мектепте балаларымызға сабақ берiп жатыр. Ұстаздардың сапасы осыншама құлдырауға ұшыраған кезде шенеунiк­тердiң жаңа пәндер қосып, озық елдердiң оқыту әдiстерiн енгiзуге тырысуы қақ айырылған қабырғаға тұсқағаз жапсырып қойғанмен бiрдей. Бiлiм деңгейiн озық әдiс емес, мұғалiмнiң сапасы көтередi. Мектеп оқулықтарының сапасын айтпай-ақ қояйық. Қатесi өрiп жүрген, “бармақ басты, көз қыстымен” кiм көрiнгеннiң авторлығымен шыққан оқулықтар жайлы жазыла-жазыла жауыр боп, тақырыптың тiзесi шығып кеттi.
Тек, жалпы бiлiм саласындағы олқылықтардың, кәсiби деңгейi төмен мұғалiмдердiң көзге көрiнбейтiн қателiктерiнiң кесiрi ертең тым қымбатқа түсетiнi алаңдатады. Елiмiздегi бiлiм жүйесi осы қалпында қала берсе немесе шенеунiк­тердiң “реформаларының” ар­қасында одан әрi “өркендесе”, он жылдан кейiн Қазақстанда бiлiмсiз, сауатсыздардың саны шегiне жетiп, санасы төмен жандардың тұтас буыны қалыптасады. Сол кезде бiлiк­сiз, бiлiмсiз мамандардың кесiрiнен туған қайғылы жағдайлар мен апаттар елiмiздi ақырында терең құзға құлатады. Бiлiмдi харам деп жариялаған ортағасырлық жабайылықтан арылмаған шығыстағы кейбiр елдiң кейпi осындайда еске түседi. Соңғы 20 жылдағы билiк пен оның реформаторларының жалпы бiлiм беру саласындағы саясатына қарап, түңiлесiң. Олардың сыртқа қарап елiктеушiлiгi, өзiндегi барды бағалай бiлмейтiндiгi, жетiлдiре алмайтындығы, дәрменсiз бишаралығы бiлiм саласын одан әрi ақсатып жатыр. Мектептi қайырсыз, адамдықтан ада, надандар дайындайтын фабрикаға айналдырып тынады-ау деген қауiп бар.. Бұл қалпымызбен, көп ұзамай, өткен ғасырдың 20-жылдарындағы большевиктер секiлдi бiлiм деңгейiн көтерумен емес, бiлiмсiздiк деңгейiмен күресу мәселесiн көтеретiн болармыз.
Дәнеш ҰЗАҚ
Жас Алаш газеті
-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Сизбен жуз жиырма пайыз келисемин. Карнымнын ашканына емес, кадиримнин кашканына жылаймын. Мугалимдер дуана болып, когамдык жумыспен кошеде жур. Одан кала берди битпес бир билим саласындагы турли реформалар мен багдарламалар. Накты ештене жок. Бари уакытша каржыланган бир былык.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА