22.11.2024

«ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРМЕГЕН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БІЛІМ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ПІКІР АЙТУҒА ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ!»

Үш тілі оқыту жүйесін қолдаған кәсіпкерлер қазақстандықтарға, балаларының болашағына алаңдап отырған ата-аналар қауымына үндеу жолдапты. Айдын Рақымбаев, Айгүл Жайлаубекова, Андрей Лаврентьев, Анатолий Побияхо, Арманжан Байтасов, Бауыржан Жамалов, Берік Қаниев, Ғалымжан Есенов, Гауһар Қапарова, Дәурен Жақсыбек, Елдар Әбдіразақов, Ерлан Қожасбай, Исламбек Сальжанов, Кеңес Рақышев, Мехмет Кемаль Четинелли, Махмуд Шадиев, Марат Шотбаев, Сидик Хан, Талғат Ахсамбиев, Тұрсен Алагөзов есімді бірнеше бизнесмен Білім және ғылым министрлігі ұсынып отырған үш тілде оқыту жүйесін қызу қолдайтындарын айтып отыр.

Кәсіпкерлердің өздерінің тікелей жұмыстарына қатысы жоқ, бизнес өкілдерінің барлығы бірдей пікір білдіре алмайтын қоғамдық мәселелерге қатысты үндеу жасауы бір бұл емес. Естеріңізде болса, 1994 жылы да өздерін элита санайтын бір топ кәсіпкер «Қазақстандық ұлт» идеясын енгізуді ұсынып, осындай үндеу тастаған болатын. Ол бастамаға да билік қарсы болмағанымен, қалың бұқара наразылық танытып, қоғамда қызу талқыланған еді.

Басым бөллігі үш тіл түгілі бір тілде, оның өзінде орыс тілінде әрең сөйлеп жүрген біздің кәсіпкерлердің бұл жолғы лепірулеріне не себеп болғанын анықтау үшін олар жасаған үндеуге назар салайық.

«Біз қазақстандық жауапты бизнес ретінде мектептерде үш тілде оқытуды қолдайтынымызды мәлімдейміз. Бүгінде Қазақстанда 1 миллионнан астам оқушы үш тілде білім алуда, олар келер жылы 4-сыныпқа барады. Осы балалардың табыстарын біз көріп отырмыз, барлығы керемет» деп басталады кәсіпкерлердің үндеу хаты.

Бұл бастама (үш тілде оқыту – ред.) мемлекетке қажет жаңа адам капиталын қалыптастыратынына қатты сенетіндерін айтқан бизнес өкілдері бірнеше тілді қатар меңгеру ауылдың да, қаланың да балалары үшін мол мүмкіндік ашатынын айтыпты.

«Қысқаша айтқанда, бағдарламаның болашағы зор және ол біздің балаларымыздың болашағы үшін жасалған. Тілдерді сапалы меңгеру – ол барлық қазақстандық жастардың кеңейген танымы. Біз тек үш тілде білім берудің осындай үлгісі арқылы ғана өзіміздің қазақстандық қоғамды құра алатынымызға, әлемдік өркениеттің, ғылым мен техниканың жаңалықтарын қазіргі заман талап етіп отырғандай біліп, игеріп, пайдаланатынымызға мүмкіндік туатынына сенімдіміз», – делінген үндеуде.

Кәсіпкерлер бұған дейін де сан мәрте айтылған бұл жаттанды тезистермен шектелмей, қазақ тілінде білім беретін мектептердің мүмкіндіктерін кемсітіп кетуді де ұмытпапты.

«Қазақ мектептерінде, әсіресе, ауылдарда білім алып жатқан жастардың одан әрі сапалы жоғары білім алуға мүмкіндіктері шектеулі. Олар біздің көшбасшы университеттеріміз: Назарбаев Университеті, ҚМЭБИ (КИМЭП), ҚБТУ, ІТ-университетке, яғни, негізгі оқыту тілі ағылшын тілі болып саналатын оқу орындарына түскенде қиындыққа тап болады. Ал, орыс тілінде оқытатын мектеп оқушылары қазақ тілін нашар меңгереді. Сондықтан, мұнда жаңа жол керек», – дейді кәсіпкерлер.

Бизнесмендердің ойынша, үш тілде оқыту жүйесіне қарсы азаматтар заманға сай инновацияларға да қарсы секілді. Бұл бастамаға наразы немесе күмәнмен қарайтын адамдарға да ақыл үйретіпті бизнес өкілдері.

«Біз халықтың күмәнданып отырған бөлігін бізді тыңдауға шақырамыз. Қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарына жаңа әлемде жаңа білім керек екеніне сеніңіздер. Тіл – мәдениеттің, ұлттық бірліктің басты көрінісі, ұлттың жеке әлеуметтік құрылып ретінде қалыптасуының құралы», – деген олар ел азаматтарының бүгінде екі тілде сөйлейтінін мақтан етіпті.

Сондай-ақ, олар Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін елге мықты физиктер, химиктер мен математиктер, биологтар мен технологтар қажеттігін айтып, оларды оқыту үшін ағылшын тілі қажет деген ұйғарымдарын ұсынып отыр. Өз айтқандарына көпті сендіруге ықпалы болар деді ме екен, үндеулерінде Елбасының Жолдауларының бірінде айтқан «Халық ұрпақ тәрбиесімен, оның денсаулығы, білімі мен дүниетанымына қамқорлығымен дана. Азаматтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгеру керек. Сонда ғана әр адам өз елінің патриоты, әлемге танымал және құрметті азамат болады» деген сөзін пайдаланыпты.

Алайда, қоғамның белсенді бөлігі жер реформасы мен білім беру саласындағы бастамаларға бірдей наразылық танытып жатқанда, «жаңалық» ашқан кәсіпкерлердің бұл дәйектері үш тілде оқытуға қарсылық білдірушілердің уәждерін, олардың қарсы болуға себеп ретінде көрсеткен аргументтерін санамалап тұрып жоққа шығара алмаған сияқты. Қысқаша айтқанда, кәсіпкерлер қауымы онсыз да халықтың қысымына ұшырап отырған билікке аз-маз қолдау жасасақ деген ниетін осындай үндеумен білдірген сияқты. Бұл да – демократиялық қоғам қағидаларына сай үрдіс. Кәсіпкерлер төңкеріс жасауға әрекеттеніп отырған жоқ. Бар болғаны пікірлерін білдірді. Мұны заң талабы немесе күмән келтіруге болмайтын ресми құжат деп қабылдауға әсте болмайды. Әркімнің пікір білдіру құқығы, ой еркіндігі бар. Олай болса, осы мәселеде керісінше, үш тілде оқытуға наразылық танытып отырған азаматтардың да пікірлеріне көз жүгіртсек.

855Өмір Шыныбекұлы, жоғары санатты ұстаз (Шымкент қаласы):

Қазір білім беру саласы ерінбеген адам пікір білдіретін, түрлі эксперименттер сыналатын алаң болып барады. Бұл салаға бөтен емеспін, ұстаз ретінде мынаны айтқым келеді:

1. Ия, неше тіл білсең де артық емес. Бірақ, заңмен бекітілген Мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған біздің жағдайымызда оны абайлап іске асыру керек. А) Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады. Ә) Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші планға сырғиды. Ата-ана алдымен шет тіліне көбірек назар аударатын болады. Б) Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласы үшін ағылшын тілін басты назарда ұстайтын болады. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы енді оларда қазақ тілін үйренге деген мотивация қалмайды.

2. Мамандар мәселесі. Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар мектепке барады ма? Ауыл мектебінің жайы қалай болады? Ол аудармашылықты таңдайды немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде, мектепке ЖОО-н сүйретіліп әзер бітірген маман барады. Үштілділікті қолдап отырған бизнесмендер ауылдарда соңғы рет қашан болыпты? Болса болған шығар, бірақ мектепке бас сұқпағандары сөздерінен байқалып тұр.

01243Мұхтар Тайжан, саясаткер:

Бизнесмендердің Қазақстанда негізгі пәндердің қазақ тілінде оқытылуын тоқтату туралы бұлай хат жазуына моральдық құқықтары жоқ. Сіздер мұндай мәлімдеме жасайтындай сарапшы, ғалым немесе педагог емессіздер. Сіздер тіл тақырыбындағы ойларыңызды ортаға салатындай барлығыңыз қазақ тілін меңгергенсіздер ме? Сіздердің қайсыларыңыз баламызды қазақ тілінде, қазақ мектебінде оқыттық деп мақтана аласыздар? Қазақстанда ақша таба отырып, сіздер қазақ тілінің негізгі қолдану саласы – мектепте шектелуін қолдап отырсыздар. Бүгінгі жағдайда бизнесте жетістікке жеткендеріңіз сіздерге барлық саладағы, оның ішінде мектеп мәселесінде сарапшы болуға құқық бермейді. Қазақ тіліне құрметсіздік – қазақ халқына құрметсіздік. Соңғы уақытта биліктің өзі халықпен санаса бастағанына назар аударыңыздар. Билік бұл жерде дұрыс қадамға барып отыр.

talgat k_nТалғат Қалиев, саясаттанушы:

Мұндағы ең қорқыныштысы – балаларды шет тілдерін жылдам үйренуге мәжбүр болған мұғалімдер оқытады. Балаларға физика, математика, химия, басқа да нақты ғылымдардан ағылшын тілінде сабақ беру үшін ол білімдерді мұғалімнің өзі де сол тілде алуы керек. Мұғалім сабақта өз ойын айта ма, пәнді түсіндіре ме? Енді мұғалімдер пәннің өзектілігіне үңілмей, қателіктерге бой алдырып, сабақтарды атүсті өтетін, дайын құралдарды немқұрайлы пайдаланатын болады. Ал, балалардың шет тілінде сабақ өтіп тұрған мұғалімді түсінуі бөлек әңгіме.

gaziz t_1Ғазиз Тортбаев, Turan Investment компаниясының директоры:

Білім мен ғылым экспериментті көтермейтін сала. Бізге барлық оқушының мектеп пәндерін үш тілде оқып, полиглот немесе аудармашы болғанының керегі жоқ. Егер олар бастауыш сыныптан бастап үш тілде оқитын болса, онда олар бір тілді де дұрыс меңгере алмайтын болады. Тек бір тілде ғана жақсы маман болып шығуға болады. Ол – тілге емес, білімнің сапасына байланысты мәселе. Мысалы, Жапонияда, АҚШ-та жақсы мамандар тек бір тілде дайындалады, өйткені, сапалы маман дайындау тілге емес, білім сапасына байланысты. Кеше, бүгін елімізде екі тілде (қазақ, орыс тілдерінде) білім беріліп келсе, енді үш тілде (ағылшын тілін қосу) оқыту қарастырылуда. Келешекте біреулер қытай тілінде оқытуды қалап, төрт тілде білім беруді ұсынар. Тіпті, біреулер, араб, түрік, француз тілінде оқығысы келер. Сөйтіп, ол тілдердің әлемдегі ықпалына қарай қоса береміз бе? Біріншіден, мұның барлығы жақсы әрине. Бірақ, ол мемлекеттік тілге – қазақ тіліне нұқсан келтірмейтіндей болуы керек.

Екіншіден, мемлекет өз азаматтарына әлемнің барлық тілінде білім беруге міндетті емес. Қалаған адам оны өз еркімен, ақшасын төлеп оқып алады. Әлемнің барлық дамыған елдерінде білім тек мемлекеттік тілде беріледі. Ешкім мемлекеттік деңгейде, 1-сыныптан бастап мұндай эксперименттер жасап отырған жоқ. Біреуге жағу үшін білім беру саласын құлдыратудың, келер ұрпақтың тағдырымен ойнаудың қажеті жоқ.

13318681_613850125454796_1159679084_nГүлжауһар Нұртаева, Алматы қаласындағы №172 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

Бастауыш сыныптан бастап үш тілде оқыту баланың психологиясына ғана емес, біліміне де кері әсер етеді. Балалар бастауышта жалпы негізгі білімнің негізін қалайды. Сол себепті бастауышты үш тілде оқыту өте күрделі нәрсе. Қазақша оқытып жатқанның өзінде кей балалардың қабылдауы өте баяу жүреді. Олармен арнайы педагогикалы-психологиялық дайындықтар жасап жүріп, қатарына ілестіреміз. Сондай қабылдауы баяу болатын балаларды үш тілде оқытып, олардың білім алуға деген ынтасынан тіпті айырылып қалуымыз мүмкін.

Бірнеше тілде оқытуды жалпы білім беретін орта мектептің тоғызыншы сыныбынан бастауға болады деп ойлаймын. Ондай жағдайдың өзінде, тоғызыншы сыныптан соң оқушы өзі бағыт таңдау керек шығар. Мысалы, мына бағытта мынадай тілдерде оқимын деп, болашақ мамандығына қарай бейімделуіне ыңғайлы. Яғни тоғызыншы сыныптан бастағанның өзінде бірнеше тілде оқу-оқымауды оқушының өзі таңдауы керек.

Физика-математика сияқты салалық пәндерді ағылшын тілінде оқытуды жалпы білім беретін мектептің бәріне жаппай енгізуді де онша қолдамаймын. Жоғары сыныптарда бала солай оқығысы келсе, қазір Назарбаев мектебі, қазақ-түрік лицейі сияты білім ошақтары бар. Бала сонда ауысып, ағылшы ьілінде оқи алады. Ал терминге толы сабақтарды жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілінде оқыту деген оқушының үлгеріміне кері әсер етері сөзсіз. Меніңше, жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілі пәнінен басқасы мемлекеттік тілде оқытылғаны жөн.

Жалпы, бұл үш тілділік арқылы білім сапасын арттырамыз дегенімізбен, оқушылардың білімге деген ынтасын жоғалтып алу қауіпі басырымақ.

Дайындаған: Дархан Мұқантегі

«Қамшы» 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА